31.08.2022, 17:00
Оқылды: 83

Бағаны тұрақтандыру тетіктері – іс жүзінде

Азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру – бүгінгі күннің ең үшкір мәселелерінің бірі.

Көшеде кездесе қалған екі адамның әңгімесінен бастап, үкіметтік деңгейге дейін талқыланып жатқан бұл мәселе әзірге шешілер емес. Баға көтерілуіне геосаяси жағдай, әлемдік тауар бағасының қалыптасуы, теңге құны әсер етіп жатыр дейді экономистер. Қанша себеп айтылса да, қарапайым халық баға түспесе де, тұрақтағанын күтеді.

2

Осы орайда үкімет те қамсыз емес. Елімізде әлеуметтік маңызды, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары бағасының шарықтап өсуінен қорғау шаралары қабылданып жатыр. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков жуырда өткен «AMANAT» партиясының жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімін тежеу үшін әкімдіктер сауда нысандарына «айналым схемасы» арқылы жеңілдікпен қарыз беріп жатыр. Несиелеу мақсатында жалпы сомасы 86,4 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ әр облыста тұрақтандыру қорлары құрылды» деген болатын.

Ендеше, өңірдегі баға тұрақтандыруға сәл тоқталайық...

Батыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Өңірде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатырған шаралар» тақырыбымен өткен баспасөз мәслихатында БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Сатқалиев, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев, «Aqjaiyq»  Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мейірбек Нұркен тікелей эфирде осы мәселені шешу үшін қабылданған шаралар жайында баяндады.

Қант «қысымынан» шықтық

3

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Сатқалиев «Жыл басымен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 119,2% құрады (ҚР – 118,2%)» деп көрсеткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» Қаулысына сәйкес өңірде анықталған 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 16-сы бойынша баға өсуі тіркелген. Мәселен, жыл басындағы бағамен салыстырсақ, келісі кезінде  96 теңге болған пияз қазір 200 теңгеден сатылады. Қарақұмық жармасы 393 теңгеден 510 теңгеге көтерілген. Бір келісін 2380 теңгеден алып жүрген сарымай қазір 3000 теңге тұрады. Қантты жыл басында бір келісін 292 теңгеден алған едік. Қазіргі орташа бағасы – 565 теңге.

Қазіргі қат болған қант бізге Жамбыл және Алматы облыстарындағы зауыттардан, келісі  490 теңгеден келеді. Маусым-тамызда облысқа 2 652 тонна қант жеткізілген. Яғни, қант «қысымынан» шықтық десе де болғандай...

 «Айналым тетігі» - несие беру

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев баға тұрақтандыру үшін енгізілген «айналым схемасы» - сауда орындарына берілген жеңілдетілген несиеге көлемді тауар сатып алып, нарықтағыдан арзанырақ бағамен сату тетігі жайында баяндады.

- Біздің өңірде қазір осы тетік шеңберінде 8690 тонна азық-түлік өнімін белгіленген баға бойынша сатуға кәсіпкерлерге 1 800,5 млн теңге несие берілген. Қазір 994,9 млн теңгеге 4708 тонна көлемінде азық-түлік тауарларының қоры бар. Қосымша 1935 тонна азық-түлік түрлері, соның ішінде құрақұмық жармасы, қант, ұн, күнбағыс майы бағасын тұрақтандыруға 885 млн теңге қарыз беру жоспарлануда, - деп несие қаражатының игерілуі жайында хабардар еткен Денис Молдағалиұлы бағаны тұрақтандыру мақсатында жиналатын өнімнің 15%-ын нарықтағы бағадан 15%-ға төмен сату жөнінде облыстың 127 шаруашылығымен меморандум жасалғанын айтты.

«Жасыл белдеу» көкөніспен қамтамасыз етеді

Шаруашылықтар көмегімен іске асатын шараның бірі – «Жасыл белдеу» тұжырымдамасы аясында 2025 жылға дейін облыста картоптың егіс алқабы қосымша 2153 га ұлғаяды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес биыл облыс бойынша картоп  4098 га, пияз – 432 га, сәбіз – 521 га және қырыққабат 617 га алқапқа  отырғызылды. Біздің ауданда «Жасыл белдеу» аясында жалпы 1064 га жерге егістік салынды. Соның ішінде  көкөніс – 503 га, картоп – 411 га, бау-бақша 150 гектарға отырғызылды.

«Жоспар бойынша жиын-терінде 60,5 мың тонна картоп, 5,2 мың тонна сәбіз, 5,7 мың тонна пияз және 6,2 мың тонна қырыққабат жиналады деген болжам бар. Егер межеге жетсек,  облыс халқының картопқа қажеттілігін  91%, сәбізбен  64%, пиязбен  81%, және қырыққабатпен  61% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көкөністердің жетпеген көлемін республиканың онтүстік өңірлерінен жеткізу жоспарлап отырмыз» деген БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының сөзіне қарап, биыл көкөніс-картоптан тарықпаймыз-ау деп қойдық.

Тамыздың аяғына қарай жергілікті бақшашылар өз өнімін молынан шығарды. Осыған орай көкөніс бағасының төмендеуі байқалып отыр. Мысалы, Теректіде қырыққабаттың орташа бағасы – 117 теңге, пияз 184 теңгеден сатылуда.

Азық-түлік қоры жиналды

Баспасөз мәслихатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым - «Aqjaiyq» ӘКК АҚ басқарушы директоры Мейірбек Нұркен:

- Қазіргі таңда несие беру арқылы 4367,7 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жасақтауға қол жеткіздік. 1 келісі 490 теңгеден 490 тонна қант, тап сондай бағамен 68 тонна қарақұмық жармасы сатылымда бар. 290 теңгеден 73 тонна макарон, литрі 730 теңгеден 100 тонна күнбағыс майы сатылымға шығарылды. Алдағы уақытта қарыз беру арқылы көкөніс бағасын тұрақтандырмақшымыз. Атап айтсам, күз айларында 130 теңгеден 1000 тонна картоп, 120 теңгеден 1000 тонна пияз,  200 теңгеден 500 тонна сәбіз  сатуға шығарылады. 334 мың дана 1 сұрыпты қалыптағы нан қоры бар. Бағасы -  90 теңге, - деген мәлімет берді.

Тұрақтандыру қоры арқылы біздің ауданға жеткізілген қант пен ұн қазір белгіленген дүкендерде сатылымда бар. Мысалы, қант ауылдық округтердегі 33 дүкенде 570-580 теңгеден, ал бірінші сұрыпты 50 келілік ұн 7400 теңгеден сатылады.

Баға тұрақтануы байқалды

Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, ауданда баға өсімі соңғы аптамен салыстырғанда тұрақталған.

Қазір Теректіде бір қалаш бірінші сұрыпты нан 172 теңге тұрады. Ал ұнның келісі – 190 теңге. Күріш келісі – 361 теңге, қарақұмық – 687 теңгеден.

- Күні бүгінге аудандағы азық-түлік дүкендерінде әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінен тапшылық жоқ. Қант, ұн тұрақтандыру қорынан әкелініп жатыр. Сенбі сайын ірі елді мекендерде жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Өз өнімдерін – ет, жұмыртқа, көкөніс және т.б шаруашылықтар мен тұрғындар делдалсыз, халыққа тікелей сатып жатыр. Соның арқасында жәрмеңке бағасы сауда орындарына қарағанда 15-20 пайыздай төмен. Жиын-терінге байланысты қауын-қарбыз, картоп-көкөніс бағасы да төмендеген, - дейді ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Аубакиров.

«Amanat» бастамасы

Баға көтерілуіне байланысты  билік партиясы - «AMANAT» тың бастама көтерді. Бұл шара баға  тұрақтандыру емес, халықтың әлжуаз топтарын қолдау үшін ұсынылған.

Тамыз басында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «AMANAT» партиясы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында аз қамтылған азаматтарға арналған азық-түлік карталарын енгізу ұсынылды.

Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін азық-түлік карточкаларын енгізетінін мәлімдеген елорда әкімдігінің шарасын тиімді деп тапқан «аманаттықтар» өзге өңірлерде де осы тәжірибені енгізуді ойластыру қажет деп отыр.

Нақты айтсақ, карталар аз қамтылған азаматтарға азық-түлікті төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Қазіргі инфляция жағдайында мұндай шара өте тиімді болуы мүмкін.

Партия бастамасын қолдаймыз

Мирхат Ибраев, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

5

- Тамыз айында «AMANAT» партиясы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында ел астанасында халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік алуға карталар енгізу жоспарлағаны айтылды. Отырыста «аманаттықтар» бұл бастаманы тиімді деп таныды.

Расымен де, қазір азық-түлік дүкендеріндегі тұрақтандырылған бағамен сатылып жатқан тауарды әркім ала алады. Егер карта енгізілсе, төмен бағамен ұсынылған тауарларды тек халықтың осал тобына жататындар ғана алады. Қалғандары тауарды нарықтық бағамен сатып алмақ. Бұл әдіс халықты қолдау шараларын енгізіп отырған үкіметке де,  қорғалатын  топқа жататын тұрғындарға да тиімді болары анық.

Республикалық кеңес отырысында Кеңес төрағасы, «AMANAT» партиясының белді мүшесі,  Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов: «Өзге өңірлер де Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі бойынша азық-түлік карточкаларын енгізуді ойластыруы тиіс», - деген болатын. Осы орайда партияның БҚО филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев   пандемия тұсында атаулы көмек беруді ұйымдастырған «BizBirgemiz»  акциясы аясында қалыптастырылған тізімді жандандыруды ұсынған еді. Партияның  мұқтаж отбасыларға азық-түлік тартау тәжірибесі арнайы карта енгізуге көмектесе алады деуге негіз бар.

«AMANAT» партиясының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік картасын енгізу бастамасын жергілікті деңгейде қолдап, іске асыруға күш саламыз.

Карта енгізу жеңілдік береді

Арайлым Тасенова, Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

4

- Азық-түлік бағасының, әсіресе күнделікті қоланатын нан-май, жармалар сияқты өнімдердің бағасының өсуі халыққа қиыншылық әкелгені шындық.

Өз қызметімде әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын жұмыссыздар, көпбалалы отбасылар, мүгедектермен жұмыстанатын болғандықтан, бұл мәселе маған өте таныс. Мемлекет тарапынан осы санаттағы адамдарға қамқорлық бар. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалыларға көмекақы, мүгедектерге жәрдемақы төленеді. Оған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалады.

Әлеуметтік пакетте 1-6 жас аралығындағы балаларға азық-түлік түрлері мен тұрмыстық химия жиынтығы, 6-18 жастағы бала үшін ыстық тамақ, жол шығынын өтеу, киім және оқу құралдарын беру қарастырылған.  Күні бүгін бұл мақсатқа аудан бойынша 7340 мың теңге жұмсалды.

Баға өсімі басталғалы бұл әлеуметтік пакеттер көпбалалы, табысы төмен отбасылар үшін үлкен көмек болғаны рас. Сондықтан «AMANAT» партиясының әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін азық-түлік картасын енгізу жайлы бастамасын құптаймын.

6

Егер кірісі аз, көпбалалы отбасылар үшін  арнайы карта арқылы төмен бағамен  азық-түлік сатылса, қазіргі нарық жағдайынан қиналып жүрген біраз жанға жеңілдік болары сөзсіз.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале