Дәл сол күні «Сыбаға» шағынауданындағы «Арай» комьюнити орталығының тәрбиеленушілері де баптап өсірген көкөністерін жинап алды. «Жасыл желек әлемінде» атты бау-бақша өсіру, яғни еңбек лагеріне бұл аумақ бойынша 43 бала қатысқан. Олар маусым айында көкөніс дәндерін егіп, кесте бойынша суарып, арамшөптерін жұлған. Нақтырақ айтсақ, 7-16 жастағы бүлдіршіндер қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша, баялды, орамжапырақ, ақжелкен еккен. Оларға күнделікті спорттық жарыстар, мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылған.
– Мектеп оқушыларын еңбекке баулу мақсатында былтырдан бері бау-бақша өсіру лагері қолға алынды. Балалар үш ай жазда көкөністерді баптап, баубақша егудің қыр-сырын меңгерді. Топырақты қопсытып, арамшөптерді жұлып, уақтылы суын құйды. Маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп тапқан тағамның немесе ақшаның қадірін түсінді деп ойлаймыз. Жас өрендер, үйге барған соң ата-аналарыңа көмектесіп, келесі жылдан бастап бау-бақша егуді қолға алыңдар. Мектеп оқушыларын алып келген тәлімгерлерге де алғысымыз зор, – деді еңбек лагерінің жабылу салтанатында сөз алған Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі басшысының орынбасары Бекей Қанатов.
Тәрбиеленушілердің атааналарының атынан сөз алған Сәния Батырғожина бау-бақша өсіру лагерін ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақжарма тілегін арнады.
Бау-бақша лагерінің жабылу салтанатында өнерлі бүлдіршіндер ән айтып, би биледі. Содан соң себеттеріне көкөністерін теріп, ата-аналарына аттанды.
Жұлдызай Қарағойшиева, «Жас шебер» аула клубының әдіскері:
– Мен «Жас шебер» аула клубында спорт әдіскері болып қызмет етемін. Аула клубы Сарытау шағынауданындағы Айтқұлов көшесі – №63 мекенжайында орналасқан. «Арай» комьюнити орталығында ұйымдастырылған бау-бақша лагеріне оқушылар алып келдім. Мамыр айында бау-бақша алқабындағы топырақты қопсытып, көкөніс егуге дайындап қойған едік. Маусым айы басталғанда балалар жазғы демалысқа шығып, тұқым мен дәндерін екті. Кесте бойынша аптасына екі рет келіп су құйып, арамшөптерін жұлды. Балалардың бау-бақша баптауға деген ынта-ықыластары зор. Тамыз айының басында қияр, баялды секілді көкөністер шығып, оны жасөспірім бағбандар сол мезетте жинап алды. Бүгін, міне, лагерьдің жабылу салтанатында қалған көкөністерді жинап алуда.
Ботагөз Хайруллина, «Достық» аула клубының тәрбиеленушісі:
– Орал қалалық жалпы орта білім беретін №10 мектептің 8-сыныбында оқимын. Жазда бау-бақша лагеріне қатысып, бос уақытымды тиімді пайдаландым. Жалпы, отбасымызбен жыл сайын аулаға гүл мен көкөніс егетін едік. Сондықтан арамшөптерді жұлып, суару маған қиындық тудырған жоқ. Құрбы-құрдастарымның кейбірі бау-бақша егудің қыр-сырын енді меңгеруде. Лагерь ұнады.
Жұлдыз Тухватолла, «Жас шебер» аула клубының тәрбиеленушісі:
– Орал қалалық жалпы орта білім беретін №50 мектептің алтыншы сыныбында оқимын. Маған бау-бақша лагері ұнады. Бұрын көкөніс егіп көрген жоқпын. Лагерьде еккен қызанақ пен қиярды шілде айының 15-інде үйге, яғни ата-анама алып бардым. Бауырларым да қуанды. Келесі жылы үйдегі ауланың бос жатқан аумағына көкөніс егетін боламын.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz