Қаладағы орталық базар маңындағы қоқыс көпшіліктің назарын аударғалы біраз болды. Тек енді "осы мәселеге қала билігінің назары ауса" деген болмашы тілегіміз бар.
Әні-міне дегенше Қала күнін тойлау басталады. Ал шаһар келбеті, тазалығы назарға іліне ме?!
Айтпағымыз, Дина Нұрпейісова көшесіндегі күл-қоқыстың жайы. Бұрынғы БТИ -дың орны қазір қоқыс алаңына айналған. Бұл - адам ең көп жүретін жердің бірі. Соған қарамастан бұл тұстағы қоқыс тазармай тұр.
Московский базарынан әрі жүрсеңіз, тау болып үйіліп жатқан қоқысты тағы көресіз.
Сол қоқыстың дәл жанында «Весы» сауда үйі тұр. Ал екінші беті Сервис және жаңа технологиялар колледжі. Білім ошағының маңайы қоқыс алаңына айналғаны сол колледж басшылығын да, қала билігін де толғандыруы керек-ау деп қоямыз.
Ж.Досмұхамбетов көшесінің бойындағы жабайы базар маңайы да күл-қоқыстан ада емес. Балық, тауық еті, көкөніс сатып тұрғандар ішіп-жегендерін айналдыра лақтыра бергенге ұқсайды.
Ол қоқыс болса дәл сол жердегі арықтарға толып қалған. Күні ертең күздің жаңбырлы күндері басталатынын ескерсек, арықтардағы қоқыс тазаланғаны дұрыс шығар...
Біз жақында Қала күнің тойлаймыз! Туған күніңмен,Орал!
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz