ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов облысымызға жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкерлерді қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Кәсіпкерлер депутаттан отандық өндірушілерді қорғау мәселелеріне баса назар аударуды сұрады. Атап айтқанда, олар сумен қамтамасыз ету және түрлі деңгейдегі ластанған ағынды суды тазарту қызметтеріне лицензиялау тәртібін енгізу туралы ұсыныстарын білдірді.
«Аманат» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына Орал «ВодЭкоФильтр» ЖШС басшысы Сергей Рабцевич өтінішпен барды. Аталған кәсіпорында тұрақты штат саны 100 адамды құрайды. Кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлері соңғы 17 жылдың жүзінде суды дайындау, тазарту және тұщыту жұмыстарымен айналысады. Сонымен бірге олар облыс кенттерінде осындай жұмыстармен шұғылдануды міндетіне алған.
– Ағынды суды тазарту, өнеркәсіптік, айналмалы сумен жабдықтау, жалпы суға қатысты жұмыстардың жүзеге асуына толықтай мүдделіміз. Бізде күрделі жұмыстарды орындаудың бірінші санаты мен қазақстандық және халықаралық сертификаттар бар. Кәсіпорынды бұдан әрі қарай дамытуда Үкіметтің қолдауына, көмегіне сүйенеміз. Бүгінгі таңда кәсіпорында жүзге тарта адам жұмыс істейді. Дегенмен үлкен нысандарда жұмыс істейтін адамдардың санын бірнеше мыңға дейін ұлғайтуға болады, - дейді аталған серіктестік басшысы.
Серіктестік басшысы тендерлік хабарландыруда жабдықтардың жинақталуы дұрыс көрсетілмейтіндігіне шағымданды. Елімізге Ресей мен Қытайдан әкелінген көптеген өнімнің сапасы ойдағыдай бола бермейді.
– Бізге сұраныстар жиі түседі. Өйткені өнімнің сапасы жоғары. Бірақ парақтары арзан әрі оңай сатып алуға болатын өнімдерге жүгіретіндер көп. Содан келіп, белгілі бір мерзім өткен соң мұндай тауардың сапасыз болып шығатынына тұтынушылардың көзі жетіп отыр. Жеке базасы жоқ компаниялардың тендерге шығатынын да көріп жүрміз. Олар нысанды ұтып алады, ал біз тапсырыссыз қала тұрсақ та, тапсырыс берушілердің қызметкерлерін оқытуға, өндіріс көкжиегін кеңейтуге қаржы жұмсап, өзге де шығындарға батып жатамыз. Біз құрылыс саласына ұқсас санаттар бойынша қазақстандық жабдық өндіруші кәсіпорындарды сертификаттауды ұсындық.
Пандемия кезеңінде «Самұрық-Қазына» АҚ бұл жұмысты бастаған. Біз сол кезде инвестицияларға салымды қоспағанда 100 балдан 97 балл алдық. Алайда содан кейін бұл үдеріс тоқтап қалды, – деді Сергей Рабцевич өз сөзінде.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов тендерді өткізушілердің көбінесе ең жақсысын емес, арзанын таңдайтынын атап өтті. Бұл ретте жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін жергілікті тауар өндіруші зардап шегеді. Депутат өтініш білдірушілердің пікірін қолдап, осы саланы лицензиялау қажеттілігі туралы қорытындыға келді.
– Мұның өзі басқа елдердің өндірушілерін тендерге қатысуына жол бермейді. Бизнесте лицензиялауды алып тастау жөнінде жиі айтылады. Бірақ сумен қамтамасыз ету сияқты шекті салаларда қауіпсіздік пен халықтың денсаулығын сақтау үшін лицензиялау өте қажет, – деді ол.
Депутат бұл мәселені қолға алып, жергілікті тауар өндірушілермен тығыз байланыста бірлесе пысықтауға шақырды.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz