13.09.2022, 10:31
Оқылды: 35

Негізсіз қымбаттаса, шағымданыңыз!

Қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 120,1%-ды құрап отыр.

4

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, ел үкіметінің 2021 жылғы 1 наурыздағы №145 «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі белгіленген. Статистика құрылымдарының деректеріне сәйкес, біздің облыста аталған тауарлардың 16 түрі бойынша баға өсуі тіркелген.

– Бағасы тым шарықтаған азық-түліктің бірі – пияз (оның қымбаттау көрсеткі-ші – 100,0%), қанттың қымбаттауы 93,5%-ды құрады. Тұздың бағасы 37,8%-ға, қарақұмық жармасының бағасы 33,3%-ға, макарон өнімдері 31,4%-ға, сәбіз 29,9%-ға, күріш 26,6%-ға және сары май 26,1%-ға өсті. Аталған өнімдерге қатысты бағаның өсуі республиканың бүкіл аймағында байқалады. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін «айналым схемасы»  бойынша 2,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 994,9 млн теңгеге 4 708 тонна азық-түлік тауарларының қоры жасақталды. Соның ішінде қарақұмық жармасы - 60, қант – 490, күріш - 204, күнбағыс майы – 100, картоп – 1 600, сәбіз - 500, пияз – 1 000, сүт – 675, макарон өнімдері 79,8 тоннаны құрайды, – деді аталмыш басқарма басшысы Жұмакелді Батырниязов.

Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша 1 935 тонна азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруға (қарақұмық жармасы – 150, қант – 885, 1-сұрыпты ұн – 500, күнбағыс майы 400 тонна) 885 млн теңге мөлшерінде қарыз беру жоспарлануда. Бағаның күрт көтерілуі жағдайында нарыққа жедел әсер ету үшін бос қаражат қалдығы 282,2 млн теңгені құрайтын болады. Бұдан басқа өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында жиналатын өнімнің 15%-ын нарықтағы бағадан 15%-ға төмен бағамен сату бойынша облыстың 127 шаруашылығымен меморандум жасалды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде  4,6 млрд теңгеге алдағы қазан-наурыз айларына астық, күнбағыс, картоп, ет, көкөніс өнімдерінің және тауық жұмыртқасының резервтік қоры қалыптастырылады. Оның ішінде ұн – 2,9 мың тонна, күнбағыс майы – 1,2 мың тонна, сиыр еті – 1 000 тонна, тауық еті – 370 тонна, картоп – 2,6 мың тонна, пияз – 300 тонна, сәбіз – 261 тонна, қырыққабат – 254 тонна және тауық жұмыртқасы – 16,3 млн дана болады.

– Жалпы, жергілікті атқарушы құрылымдармен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тиісті мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады. Біріншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуы бақылауға алынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің және еліміздің сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сыйақы мөлшерінің сақталуы назарда ұсталады. Аталған бақылау жұмыстарының аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемелеріне қатысты облыс тұрғындарынан жыл басынан бері 14 шағым түсті. Бүгінде 13 шағым бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, 6 кәсіпкерлік субъектісі бойынша заңбұзушылық анықталды. Сәйкесінше, аталған сауда орындарына Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабының 1-тармағы бойынша «ескерту» түрінде жаза қолданылды. Қалған 7 субъект бойынша құқықбұзушылық анықталмады. Бір шағым бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған болатын. Қазіргі уақытта тексерісті тек шағым түскен жағдайда жүргізуге құқық берілген. Осыған орай, облыс тұрғындарының тұтынушы құқықтарын және кәсіпкерлік субъектілерін қолданыстағы заңнамаларды сақтау бойынша кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыс тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз көтерілгенін байқаған болса, уәкілетті құрылымдарға (Орал қаласы және ауданның кәсіпкерлік бөлімдері) шағым жолдау сұралады, - деді Жұмакелді Жолдыбайұлы.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале