Шиеленістер, COVID-19 пандемиясы және климаттың өзгеруі – адам өміріне ең кері әсер ететін факторлар. Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа баяндамасында олардың балалар, жастар мен әйелдер денсаулығы саласындағы жағдайды нашарлата түскені айтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: news.un.org
Мәліметтер бойынша пандемия кесірінен 2021 жылы 25 млн бала қажетті екпелердің барлығын ала алмаған, тіпті мүлдем вакцина салынбағандары да бар. Бұл – 2019 жылғыдан 6 млн-ға көп, яғни қауіпті ауруларды жұқтыру ықтималдығы артты.
Сондай-ақ, 104 елдегі балалардың 80 пайызы, яғни миллиондаған оқушы мектепке бармады. БҰҰ бұған дейін де атап көрсетіп жүргендей, көптеген елде мектеп – балалардың білім алып, қауіпсіз жағдайда қатарластарымен араластын орны ғана емес, сонымен бірге олар толыққанды тамақ ішіп, медициналық қызметке қол жеткізетін нысан.
«COVID-19 пандемиясының балалар, жасөспірімдер мен әйелдердің денсаулығы мен өміріне ұзақ мерзімді кері әсері айқындалып келеді», - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус.
Сандарға көз жүгіртсек, 2020 жылы 5 млн бала бес жасқа жетпей көз жұмған. Сондай-ақ, 45 млн астам бала тойып тамақ жей алмаса, 150 млн баланың өсіп-жетілуінде қиыншылық туындаған. Бұл ретте кейінгі 20 жылда Африка өңірінде өсуі тежелген бала саны 54,4 млн-нан 61,4 млн-ға дейін жеткені аталып өтеді. Бұл аймақтағы әйелдердің жүктілік пен босану кезінде қайтыс болу қаупі де Еуропа мен Солтүстік Америка тұрғындарымен салыстырғанда 130 рет жоғары. Ал, табиғи апаттар, шиеленістер мен басқа да себептерге байланысты 2021 жылы 89,3 млн адам Ауғанстан, Эфиопия, Пәкістан, Сомали, Украина мен Йеменнен үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Баяндама авторлары әлем қауымдастығын 2030 жылға қарай Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелер аясындағы уәдені орындауға шақырады.
«Жағдайды өзгерту өз қолымызда. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіне қаржы құю, жоспарлы иммунизация бағдарламаларын енгізу және денсаулық сақтау саласында еңбек ресурстарын кеңейту арқылы әрбір ана мен баланың медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ете аламыз», - дейді ЮНИСЕФ басшысы Кэтрин Рассел.
Айта кетсек, «Уәдені орындау» деп аталатын зерттеуді әріптестер тобы дайындаған, олардың арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және ЮНФПА қорлары бар.