10.11.2022, 12:00
Оқылды: 52

«Жылдамдық аймағы» қызмет көрсетеді

Жуырда редакцияға хабарласқан оқырман Оралдағы халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО) кезек көп екенін айтты. Бұл азамат орталыққа таяуда ғана дүниеге келген бөбегінің құжатын рәсімдеу үшін барыпты.

9

Оқырманмен тілдескен соң, шаһардағы екі ХҚО-ға арнайы бардық. Исатай-Махамбет көшесіндегі орталық қызметкерінің айтуынша, мұнда тұрғындар дүйсенбі, сейсенбі және сәрсенбі күндері өте көп келеді екен. Кезекте отырғандардың пікірін білу үшін бірнешеуін сөзге тартып көргенбіз. Алайда көпшілігі сөйлесуден бас тартты. Өзін Анаргүл деп таныстырған орта жастағы апай ғана бірауыз тіл қатты. «Мен мұнда электронды-сандық қолтаңбамды (ЭЦҚ) жаңарту үшін келген едім. Талон алып, кезекке тұрдым. Әбден кезегім жеткенде, «талон қажет емес, «живой» кезекпен келіңіз» деді. Қайтадан кезекке тұруыма тура келді. Оған қоса бағдарлама да техникалық себептермен тоқтап қалды. Әрине, орталық  қызметкерлерінің барынша оңтайлы қызмет көрсетуге тырысып жатқандарын жоққа шығаруға  болмайды», – деді ол.

Біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Асқар Сандыбаевқа жолықтық. Асқар Темірболатұлының айтуынша,
ХҚО-ларда екі жылдан бері проактив қызмет түрі бар. Аталмыш әдіс арқылы құжаттарды онлайн жүйелер арқылы рәсімдеуге болады. Проактивті қызмет мобильді азаматтар базасында  (МАБ) тіркелген адамға көрсетіледі. МАБ-қа тіркелген тұрғын халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, телефонына келген SMS-хабарламаға қажет ақпаратты жіберу арқылы мемлекеттік қызметті рәсімдей алады. Тұрғындар мобильді азаматтар базасына eGov.kz порталы, «еGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы тіркеледі. Мәселен, босанбас бұрын мобильді азаматтар базасында тіркелген жүкті әйелдер SMS-хабарламаға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақы алуға өтініш жолдап, баланы балабақша кезегіне қоя алады.

– Медицина қызметкерлері перзентханаға түскен ананың мәліметтері мен телефон нөмірін арнайы базаға енгізеді. Бала туғаннан кейін, телефонына аутоматты түрде хабарламалар барады. Бірінші хабарламада баланың аты-жөнін, екіншісінде жәрдемақы алатын-алмайтынын, үшіншісінде құжаттарды қай ХҚО-дан алатынын сұрайды. Осылайша, жас босанған аналардың құжат рәсімдеуге  орталықтарға бармауына да болады. Тек дайын құжатты ғана алады, – деді басшының орынбасары.  Асқар Темірболатұлының айтуынша, соңғы айларда халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұтынушыларға «жылдамдық аймағы» (зона скорости) қызмет көрсете бастаған. Мамандар  қызмет алушының ЖСН нөмірін теріп, бет-әлпетінің жүйедегі ақпаратпен сәйкестігін тексереді.  Цифрлық қолтаңбаны бес минуттың ішінде  дайындап береді. ЭЦҚ-ны үйде отырып, «Элек-тронды үкімет» порталынан да алуға болады.

– Біз  ХҚО-лардың қызметіне жан-жақты талдау жасап отырамыз. Орталықтардағы әрбір менеджер тәулігіне 80-100 шақты адамға қызмет көрсетеді. Әрине, бұл оңай емес. Сондықтан 10 шақты адамды жұмысқа қабылдаймыз. Оларды  екі орталыққа бөліп орналастырамыз. Айта кету керек, қызметкерлер келушілерді күттіріп қоймас үшін түскі үзіліске кезектесіп барады. ХҚО-лар аптасына
алты күн жұмыс істейді. Оралдағы №1  ХҚО (Махамбет-Исатай көшесіндегі) жұмыс күндері сағат 9.00-18.00-ге дейін ашық. Ал Жамбыл көшесі, 81/2 мекенжайындағы орталық сағат 20.00-ге, ал сенбі күні сағат 13.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Оралдықтар орталықтарға  дүйсенбі-сәрсенбі аралығында көп келеді. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін орталықтар сенбіде де жұмыс істейді, – деді филиал директорының орынбасары.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале