1.12.2022, 12:45
Оқылды: 49

Бізде әлеует жеткілікті

Кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары, ірілі-ұсақты кәсіпкерлік нысандар белсенді қызмет жасап тұрған Теректі ауданы – өңірдегі көпсалалы, өндіріс пен шаруашылықты қатар дамытқан экономикалық көшбасшы десек, артық айтқандық емес.

FB_IMG_1669875635070

Бүгін біз Батыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне берген баспасөз конференциясында даму қарқыны жылдан-жылға үдеп келе жатырған ауданда биыл атқарылған жұмыстар мен жобалар жайында айтқан Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушевпен болған әңгіме желісін баяндаймыз.

FB_IMG_1669875638214

– Тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы мен даму көрсеткіші экономикалық тұрақтылық пен бюджетке тікелей байланысты. Биыл аудан бюджеті 21 277,5 млн.теңге, оның ішінде салық түсімдер 1502 млн.теңгені  құрады.  Былтырғымен салыстырғанда 108 %-ға артық түсім көрсетті,-деп әңгімесін қаражат жағынан бастаған Тілек Александрұлы әрі қарай инвестициялық салымдарға тоқталды.

Теректі ауданында құрылыс салуға, жеке кәсіп ашуға жыл сайын миллиондаған теңге инвестиция салынады. Биылдыққа негізгі капиталға 5 580 млн.теңге инвестициялар құйылған. Оның ішінде 2 480 млн.теңге жеке инвестициялар яғни, кәсіпорын-ұйымдар, халықтың өз қаражаты, банктік кредиттер мен несиелер есебінен. Бюджет қаражаты есебінен  3 100 млн.теңге инвестицияланған.

Ауданда инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында құрамына барлық қажетті мемлекеттік органдар енгізілген арнайы топ жұмыс жасайды. Аталған топтың сүйемелдеуімен 2022-2026 жылдар аралығында іске асатын жалпы құны 121 млрд.теңгені құрайтын 78 жоба жүргізілуде. Тізбелеп көрсетсек, туризм, спорт және сауықтыру бойынша – 10 жоба, жалпы құны – 5 млрд 160 млн.теңге, болжамды жұмыс орны – 357.

FB_IMG_1669875643546

Сауда, қоғамдық тамақтану және қызметтер бойынша – 9 жоба, жалпы құны – 185 млн.теңге,  болжамды жұмыс орны – 44.

Білім беру саласы бойынша – 4 жоба, жалпы құны – 1 млрд. 902 млн.теңге,  болжамды жұмыс орны – 66.

Ауылшаруашылық саласында – 23 жоба, жалпы құны – 97 млрд. 711 млн.теңге, болжамды жұмыс орны – 813.

Өндіріс саласы бойынша – 7 жоба, жалпы құны – 5 млрд. 535 млн.теңге,  болжамды жұмыс орны – 170.

Аталмыш жобалардың барлығы жүзеге асқан кезде 1600-ден астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 912,5 млн. Теңге тұратын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 95 жаңа жұмыс орны ашылған.

Артылғанын сатамыз

Ауыл шаруашылығы – Теректі ауданы экономикасының негізгі бағыты.

Бүгінде ауданда тіркелген 423 агроқұрылымда 2000 жуық адам еңбек етеді.

Қос сала – мал және өсімдік шаруашылығымен қатар айналысатын ауданда жыл басынан өндірілген өнім қаражатқа шаққанда 25 млрд 687 млн. Теңгені құрап отыр. Агроқұрылымдардан 22,7 млн.теңге салық түсті.

Ауылшаруашылық саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған қолдау шаралары шаруалар ісінің алға басуына зор көмек. Жыл ішінде шаруашылықтар 1 млрд. 300 млн. Теңгеге  33 бірлік техника алған. Төленген субсидия көлемі – 709 млн.теңге.

– Былтырғы қарлы қыс пен жауынды жаз егін шығымына жақсы әсер етті. Егістік салуға 92 шаруашылық қатысып, жалпы 140,7 мың га жерге дақыл салды. Жиын-терінде  62,0 мың тонна дәнді дақыл, 30,0 мың тонна майлы дақыл, 7,8 мың тонна картоп, 8,2 мың тонна көкөніс, 2,3 мың тонна бақша дақылдары жиналды. Жыл басында жоспарланған 17,3 мың га күздік дақыл егу жұмыстары 100% орындалды,-деген аудан әкімі  қала маңында «жасыл белдеуді» қалыптастыру жайын айтты.

«Жасыл белдеу» бойынша  2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде биыл көкөніс-бақша салынатын жер көлемі арттырылған.  Күзде  жалпы 1064 га алқаптан, соның ішінде  503 га көкөніс, 411 га картоп, 150 га бау-бақшадан қыс азығы жиналып, артылғаны жәрмеңкелерде сатылуда.

Теректіліктер қосалқы шаруашылық ұстауға ынталы. Аудандағы 10265 ауланың  7980-і,  яғни, 78 пайызы мал ұстап, бақша салады. Бұл орайда мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант тұрғындарға үлкен қолдау. Былтыр ауданда 372 адам,  биыл 197 адам грант алған. Және де жәрмеңкелерде жомарт азаматтар демеушілік жасап, әлеуметтік осал отбасыларға балапандар мен жеміс көшеттерін алып бергені де қосалқы шаруашылықты дамытуға сеп.

3 659 бас сиыр сауылады

Аудан бойынша 52709 ірі қара, 65600 қой-ешкі, 14740 жылқы, 60655 бас құс бар.

Он ай ішінде алынған өнім – 5189 тонна  ет, 27 547,0 тонна  сүт, 5208 мың дана жұмыртқа.

– Өнімді мол және сапалы алу үшін мал басын асылдандырумен айналысамыз. Қазір 51 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара ұстайды,  соның – 38-і етті бағытта 13- сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысады. Облыс басшысы  Теректі ауданы шаруашылықтарының алдына қала маңында «сүт белдеуін» қалыптастыру міндетін қойған болатын. Бұл бағытты қолға алдық, 4 қожалықта және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде 1250 бас асыл тұқымды сүтті сиыр бар. Жалпы, 3 659 бас сиыр сауылып, тәулігіне 30 мың литрге жуық сүт алынады. Сүт және сүт өнімдері облыс орталығындағы мектеп-балабақшаларға, медициналық және, т.б. мекемелерге жеткізіледі екен.,- деп  мал шаруашылығы жайын айтқан аудан басшысы сүт өндіруге кең тоқталды.

Тілек Александрұлының айтуынша, «Сүт белдеуін» құруға тек ірі шаруашылықтар емес, тұрғындар да үлес қосуда. Тұрғындар сүтті  «Каверин», «Береке» сынды сүт қабылдаушы кәсіпорындарға тапсырып, Орал, Ақсай қалаларындағы сауда нүктелері арқылы тұтынушыларға ұсынады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы  қайтарымсыз грант алушылар ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерге біріктірілген. Мысалы, Покатиловка ауылының тұрғындары «Достық» кооперативіне бірігіп, өз қаражатына сүт қабылдау пунктін ашты. Олар мемлекеттік қолдау қаржысын алып отыр. Биыл грант алған теректіліктер  146 бас симментал тұқымды ірі қара сатып алған. Тағы 155 адам сүтті бағыттағы мал алуға ниетті.

– Теректіде сүтті сиыр басы көбейді. Мәселен, аудандағы ірі инвест-жобалардың бірі «Ringo milk» ЖШС Европа елдерінен 320 бас голштин тұқымды сүтті мал әкеліп,  карантинге қойды. «Төлеңгіт» және «Абай» қожалықтары «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы Павлодар облысынан 160 бас асыл тұқымды симментал сиыр алды. Осы жобалар сәтті жүзеге асқанда ауданда 250 жаңа жұмыс орны ашылып, сүт өнімін тәулігіне 50 мың литрге жеткізетін боламыз,- деген аудан басшысы  бұл бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетін жеткізді.

Су болса, жер жанданады

Адам баласы үшін судың маңыздылығын айтпасақ та болатын шығар.

– Шаруашылықты сапалы  жүргізу үшін тұрақты су көзі болуы тиіс. Сондықтан, біз су қоймалары мен каналдарын қайта жандандыру жұмыстарын қолға алдық. Ауданда жалпы 62 су нысаны – 6 өзен, 5 көл, 2 канал, 10 су қоймасы 39 тоған бар. Оларды теңгерімге алып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда. Бұл жұмыстар тек мемлекеттік қаржы есебінен емес, жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуымен де жүзеге асатын болады. Ауданда 13,9 мың гектар суармалы жер бар, соның  11,4 мың гектары ауыл шаруашылығы құрылымдарына, 2 520 гектары  елді мекен жерлеріне тиесілі. Қазір  1 290 гектар ғана  суармалы жер қолданыста . Осыған байланысты, канал-тоғандар және Жайық өзені бойындағы жайылмаларды суға толтырып, суармалы жерлерді іске қосу жоспармызда,-дей келе жасалған жұмыстар мен жоспарланған жобалардың барлығы – жерге тығыз байланысты екенін айтты.

– Біз пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын жалғастырып келеміз. Қазіргі таңда жерлерін пайдаланбай отырған 111 шаруа анықталып, жұмыстану үшін облыстық инспекцияға жолданды. Жыл басынан беріде жалпы ауданы 22580 гектар болатын 51 телімі жер ауданның арнайы қорына қайтарылды-деді Тілек Габдушев.

Үй салуға жер беріледі

Ауданда  14 787 адам жеке тұрғын үй салуға жер телімін алуға кезекке тұрған. Дені Подстепное ауылында жер алуға ниетті. Қазір  жеке тұрғын үй салу үшін 1852 жер теліміне (Ақсуат – 310, Жаңа Өмір – 780, Юбилейное – 234, Теректі – 528) инфрақұрылымдар тарту жұмыстары жүріп жатыр.

FB_IMG_1669875640857

«Қазір Теректі ауылында үй саламын тұрғындарға жер учаскелерін беруді бастадық» деген аудан басшысы тұрғын үй салу ауданда қарқынды деп отыр. Қазір тұрғын үй құрылысы бойынша 372 пәтерлік 7 жоба іс үстінде. Тұрғын үй кезегінде 1276 адам тұр.Жалпы Теректіде тек үй салу емес, басқа да құрылыстар жүріп жатыр. Яғни,  ауыз сумен қамту бойынша 8 жоба, тұрғын үйлерді инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуде – 23, денсаулық сақтау – 1,  білім беру -  2, мәдениет саласы бойынша 1 жоба  іс үстінде. Бұдан басқа газдандыруда  6 жоба, автомобиль жолдарын жөндеуде 7 жоба қолға алынған.

Жол салуда қиындықтар бар

– Биыл бюджет есебінен құны 17 млрд.теңгеге жуық 55 жоба жүзеге асырылуда. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, әлемдік саяси-экономикалық ахуалдың салдарынан құрылыс жұмыстары кешігіп болса да жүріп жатырғаны рас,-деген Тілек Александрұлы битум, қиыршықтас тапшылығы жол салуда қиындық туғызғанын айтып кетті.

Ауданда жол ұзындығы – 624,5 шақырым (республикалық маңызы бар – 144 км, облыстық маңызы бар – 217 км және аудандық маңызы бар – 263,5 км).  Әсіресе, аудандық маңыздағы жолдардың сын көтермес  жайын халық жиі айтады. Бұл жөнінде аудан әкімі: «Биыл 2,6 млрд теңгеге 7 ауылдың (Ұзынкөл, Жаңа Өмір, Тоқпай, Әйтиев, Юбилейное, Магистральное, Покатиловка) кіреберіс жолдарына жөндеу жүргізілуде. 3-еуі аяқталды, 4-еуі келесі жылы жалғасады» деп отыр.

Жол жөнінде әңгіме болғанда, аудан басшысы Подстепное, Теректі ауылдарында ауылішілік жолдар мәселесі  өткір екенін ерекше атап, «біз жылма-жыл бюджеттік қаражаттың бөлінуіне қарай жөндеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз» деп сеніммен айтты.

Мектептер мен емхана салынады

Соңғы жылдары Теректіде жиі көтеріліп жүрген әлеуметтік мәселелердің бірқатары өз шешімін тапқандай.

Бұған дейін аудан орталығында емхана және Сарыөмір ауылында амбулатория, Жайық ауылында медбекет ғимараттары тозығы жеткені айтылып жүрген. Теректі ауылында салынып жатырған ауысымына 200 адамды қабылдауға лайықталған емхана құрылысы 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Жайық ауылында фельдшерлік амбулаторияға ғимарат салу  басталған. Білім беру саласында биыл Аңқаты мектебі күрделі,  тағы 7 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Пойма ауылында мектеп құрылысы басталды. Абай, Үлкен Еңбек және Магистральное ауылдарында типтік мектеп салу үшін мемлекеттік сатып алудың  конкурстық рәсімдері өтуде.

– Балалар 3 ауысымда оқып жүрген Подстепное ауылындағы мәселені шешу үшін 600 орындық мектептің құрылыс жобасы сараптама қортындысымен дайын.  Енді  инвестор арқылы салуды  қарастырудамыз. Одан бөлек, Тоқпай ауылынан 200 орындық мектеп салу үшін жер телімі берілді,- деп баяндады  Тілек Александрұлы.

Тікелей эфирде жыл басынан берідегі атқарылған жұмыстар мен шаралар жайын тізбектеген Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев:

– Жалпы аудан халқының 19832-ы экономикалық белсенді тұрғындар, соның ішінде өзін-өзі қамтушылар – 2519, жалдамалы қызметте – 15667 және жұмыссыздар есебінде 840 адам тіркелген. Біздің мақсатымыз – халықты  жұмыспен қамту, өз ісін ашуға ұйымдастыру. Бұл жерде мемлекеттік қолдау бағдарламаларының маңызы ерекше. «Халықты жұмыспен қамтудың ұлттық бағдарламасы» аясында берілетін қайтарымсыз грантты тиімді пайдалану қажет. Осындай жобалар аудан экономикасын ілгерілетуде оң ықпал етері сөзсіз. Бұл жұмыстар тұрақты жалғаса бермек. Мүмкіндікті пайдаланып, өз жобасын іске асырғысы келетін кәсіпкерлер болса – шақырамыз. Келіңіз, қолдау көрсетеміз. Жаңа бастамаларды іске асыруға қажетті адами және табиғи әлеует бізде жеткілікті,-  деп түйіндеді сөзін.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале