10.01.2023, 9:00
Оқылды: 126

Оқулықтағы қателерден қайтсек арыламыз?..

Осыдан бес жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне «Тарих оқулықтарының тілі ауыр, деректері қате» деген мақала жазып едім. Содан кейін де біраз қатені байқап, әлеуметтік желіде талдап жазып жүрміз. Алайда тарих оқулықтарындағы қателердің  бітетін түрі көрінбейді. Сондықтан қолыма қайта қалам алып отырмын.

5E4B9CAD-FC8C-4B42-B74A-C5CCE40A2F73

Қатенің өзі де түрліше. Бірі – жауапсыздықтан, екіншісі – сауатсыздықтан бола ма деймін. Оқулықтарда соның екеуі де бар. Қай пәннің оқулығындағы қатеге болсын жеңіл қарауға болмайды. Әсіресе тарих пәні кітаптарындағы қателікке жол жабық. Енді нақты дәлелмен сөйлейік. Міне, 8(9)-сыныптың дүниежүзі тарихы оқулығының 51-бетінде: «Уақытша үкіметтің шешімімен О. Бөкейханов Торғай облысының, Ж. Досмұхамедов - Орал, М. Шоқай - Түркістан облыстарының комиссары ретінде тағайындалды. Ұлттық қазақ облыстары мен уездік комитеттер құрылды» деп жазылыпты. Бірінші қате –  Ә. Бөкейхановтың атын дұрыс жазбаған. Екінші – М. Шоқай уақытша үкіметтің комиссары болған емес. Үшінші - Ж. Досмұхамедов те  комиссар болған жоқ. Төртінші - Түркістан облысы деген де жоқ еді. «Ұлттық қазақ облыстары» дегені тағы түсініксіз. Контекстке қарағанда, облыстық қазақ комитеттерін айтып тұрғаны байқалады. Бірақ қате жазбау үшін де оқулық ауторлары білімді болуы керек. Өкінішке орай, оқулық жазушыларда бұл жетіспейді. Сосын да шығар, Жетісу облысында уақытша үкіметтің комиссары болған М. Тынышпаевты айтпапты. Есесіне, болмағанды болдырып, ғылыми  дерекке емес, қиялға ерік бергендей  көрінеді...

8(9)-сыныптың Қазақстан тарихы оқулығында да М. Шоқайдың Түркістан өлкесінің комиссары болып тағайындалғаны жаңсақ жазылған (28-бет). Бұдан басқа, Мұстафа Шоқайдың ІІІ, ІV Мемлекеттік думалардағы мұсылман фракциясының құрамына кіргені айтылған (14-бет). Мұстафа атамыз Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясына 1914 жылдан бастап хатшы болған. Думаның үшінші шақырылымының жұмысы 1912 жылы аяқталған еді. Талданып отырған оқулықтың 132-бетінде мынадай да дерек жүр. «Мәселен, темір дәуірінің жазуы сақталған тас тақтайшаны Қ. Сәтбаев Алтыншоқы жотасынан 1935 жылы тапқан еді». Әмір Темірдің 1391 жылы Тоқтамысқа жорыққа аттанып бара жатып, жаздырған тасын  Қаныш атамыздың Ұлытау бойындағы  Қарсақбай кені маңынан 1927 жылы тапқаны рас. Ғылымда Алтыншоқы жазуы деп аталады. Темір жазуы деп те айтылса керек. Қалай дегенде де, темір дәуірінің жазуы емесі анық.

Сараптап отырған оқулықтың 123-бетінде 1920 жылы құрылған Қазақстанды зерттеу қоғамы  мүшелерінің ішінде В. Радловтың аты жүр. Радлов болса, 1918  жылы өмірден өткен... Радлов демекші, 1862 жылы Берел қорғанына алғаш археологиялық зерттеу жүргізген Радлов екенін бірде теледидардан кездейсоқ естіп қалдым. Бұрын білмеген құнды дерек қой. Санаға түйіп алған едім. Енді 10-сыныптың Қазақстан тарихының 13-бетінде Радловтың 1826 жылы зерттеу жүргізгені айтылыпты. Біз жоғарыда қателіктің бірі жауапсыздықтан болады деп едік. Бұл жауапсыздықтан болған қате болса керек. Бірақ тарихта бір санның өзі жаңсақ жазылса, дерек өзгеріп  сала  береді  емес  пе?..

«Атамұра» баспасынан 2008 жылы А. Қайыпбаева мен З. Қабылдиновтың ауторлығымен шыққан 8-сыныптың Қазақстан тарихында Ж. Досмұхамедовтың Тарту университетін бітіргені жаңсақ жазылған. Сол қате кітаптан кітапқа көшті. Сөз басында айтылған мақаламызда соны мысалға келтірген едік. Бірақ елдің басты газетінде жазылған сыннан қорытынды шықпапты. 2020 жылы З. Қабылдинов пен А. Сандыбаеваның бірлескен ауторлығымен «Атамұрадан» шыққан 11-сыныптың Қазақстан тарихында аталмыш қате 4-ші мәрте (!) қайталаныпты.

Абайдың алғашқы шығармалар жинағының Санкт-Петербургтағы И. Бораганский баспасынан шыққаны белгілі. 2008 жылдан бері үшінші рет басылған 8(7)-сыныптың Қазақстан тарихында соны Қазанда басылды деп берген.

Негізгі ауторы З. Қабылдинов болып табылатын оқулықтың мазмұны он жылда сәлпәл өзгергенімен, ішіндегі  қате өзгермеді. Тіпті Абайдың тұңғыш өлең кітабы Қазаннан  шықты деген жаңсақ дерек қазір ҰБТ тапсырмасына да еніп кетті. Бұл оқулықтың 197-бетінде М. Көпейұлының 1880 жылдан «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты» газеттері мен «Айқын» журналында мақалалар жариялай бастағаны айтылған. «Дала  уалаяты» газетінің өзі Омбыда 1888-1902 жылдары жарық көрді. «Айқап» журналын жаңылысып жазды дегеннің өзінде, соңғысы  1911-1915  жылдары  жарық  көрмеп  пе  еді...

Мына бір мысал 2017 жылы «Атамұра» баспасынан Б. Көмеков, Т. Жұмағанбетов, К. Игілікованың ауторлығымен жарық көрген 5-сыныптың Қазақстан тарихынан алынып отыр. Кітаптың кіріспесінде: «Ауторлар материалды логикалық және хронологиялық тәртіпті сақтай отырып, тарихи бірізділікпен беруге тырысты» деп жазылған. 117-беттегі «Б.з.б. 202 жылы Мөде шаньюй өз жерінде қытай әскерін жеңген соң алғаш рет бейбіт келісім жасалды. Император У-Ди мен Мөде шаньюй бұл құжатты «тыныштық пен туыстық туралы шарт» деп атады» деген жолдарды оқығанда, хронологиялық бірізділікті емес, анохранизмнің көкесін көреміз. 174 жылы Мөде өлгенде, У-Ди әлі дүниеге келмеген де еді ғой. 118-беттегі ерекшеленіп берілген жоларалық анықтамалықта  б.з.б. 90 жылы болған Яньжан шайқасы туралы айтылады. Яньжандағы ауыр жеңілістен кейін қытайлардың ХVІІІ ғасырға дейін біздің жерімізге қайта басып кірмегенін шегелеп жазады. Ендеше, 751 жылғы әйгілі Атлах шайқасы қайда қалады? Мұндайды жоларалық анықтамалық дегеннен гөрі «жоларалық  жаңылтпаш» деген дұрыс болады. Жаңылтпаш жазатын ауторларды, абзалы, оқулық жазуға жақындатпаған дұрыс  қой.

Соңғы шыққан 11-сыныптың дүниежүзі тарихы қатесіз сияқты көрініп еді. 127-бетте БҰҰ-ның қамқорлығымен Үндістан мен Португалия арасындағы келіссөздер нәтижесінде референдумнан кейін  Тимор-Лешти тәуелсіз мемлекеті құрылғаны жазылыпты. Дұрысы: Үндістан емес, Индонезия ғой.

Тарих оқулықтарындағы қателер мұнымен бітпейді. Бір қалада басылған кітапты басқа қаладан «шығару», белгілі тұлғалардың аты мен тегін «түзету», бір санды қате жазып, статистика мен хронологияны «ревизиялау», қиыспайтын деректі қиыстырып, ахрония мен контаминация жасау, қазақ тілінде сөздердің орын тәртібі қатаң сақталатынын ескермей, сөйлемдегі сөздердің орнын ауыстырып, жаңылыс түсінік туғызу сияқты профанациядан арылу керек. Бұл үшін, ең бірінші,  ауторларға қойылатын талапты күшейту шарт. Екіншіден, оқулық жазуға тапсырыс берушілер тарапынан ауторларды асықтыруды да қою кажет. Үшіншіден, оқулықты жақсы сарапшылардың тезінен өткізу керек. Төртіншіден, мектеп оқулығы мен академиялық басылымдардың арасында сәйкестік сақталуы керек. Бесіншіден, «Оқулық – ресурс» деген әңгімені мүлдем қою керек. Біз сонда ғана сапалы  оқулыққа қол жеткізе аламыз.

Серік Зиятов,

Бұлан орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің тарих пәні мұғалімі,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале