Жексенбіде ҚР Ұлттық инженерлік академиясының (ҚР ҰИА) БҚО филиалы – Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ҚР ҰИА-ның «XXI ғасырдағы техникалық білім: басымдықтар мен ізденістер» атты кеңейтілген жиналысы өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, аталмыш академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов төрағалық етті.
Жиналыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауы аясында ұйымдастырылды. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – халықаралық қатынастар, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұрат Бахтиярұлы, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Айгүл Қаппарова, Динар Нөкетаева, Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, ҚР ҰИА төралқасының бас ғылыми хатшысы Ернар Иманғалиев және жергілікті ЖОО ректорлары, басқа да қонақтар қатысты. Университеттің Ресей Федерациясындағы академиялық серіктестері онлайн режімде қосылды.
Жиналыс салтанатты іс-шарамен басталды. ҚазИИТУ-да Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры, Ақсу ауданының құрметті азаматы Кенжетай Қасболатованың атындағы кітапхана ресми түрде ашылды. ҚазИИТУ ректоры, ҚР ҰИА корреспондент-мүшесі Әліби Баяхов Кенжетай Батырбекқызының өмірбаянымен таныстырды. «Кенжетай Батырбекқызы ата-анасынан ерте айырылып, жастайынан небір қиындықты бастан кешірді. Жастайынан еңбекке араласты. 1946 жылы Қапал педагогикалық училищесін аяқтап, ұстаз атанды. 1956 жылдан бастап аудандық кітапхананың меңгерушісі болып абыройлы қызмет етті. Ардақты ана – «Ғұмыр дария», «Дәуір дәрісі», «Жизнь река» деген кітаптардың авторы. Бұл туындыларда оның қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлттық құндылықтар, бүгінгі күннің өзекті мәселелері туралы ой-толғамдары жинақталған. Әрбір шығарма – келер ұрпақ үшін аса құнды қазына. Университет кітапханасына абзал ана есімінің берілгеніне қуаныштымыз. Сол үшін ұрпағына, ағайын-туыстарына алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті Ә. Баяхов. Кітапхана заманауи үлгіде қызмет көрсетеді. Аутоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе іске қосылған. Деректер қоры ай сайын жаңартылып отырады. Былтыр мұнда 20 млн теңгеге жаңа оқулықтар мен ғылыми кітаптар алынған.
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары рухани азық ордасына сый-сияпат жасап, түрлі кітаптар тарту етті. Кенжетай Қасболатованың ұлдары – Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен заңгер, Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов сөз алды. Бауыржан Тұрсынұлы Жұмағұловтар әулетінің атынан кітапханаға анасының үлкен суретін және әр салаға қатысты бірнеше кітап тарту етті. «Бірғаным Сарықызы мен Ақсерік Сарыұлы кітапханаға анамыздың есімін беру жөніндегі ұсыныстарын айтып, хат жазған еді. Шыны керек, «Анамның бұл облысқа қандай қатысы бар, жалпы бұл іс-шара қажет пе, мұны халық түсіне ме?» деп көп ойландым. Мүмкін, бұл менің анама емес, келешек ұрпаққа керек іс шығар? Анамның ұлттық тәлім-тәрбие, қазақы құндылықтар жөніндегі кітаптары, ұрпақ үшін атқарған еңбегі болғаннан кейін келісімімді бердім. Осындай құрметке бөлеген университеттің үлкен ұжымына алғысымды айтамын», – деді Бақытжан Тұрсынұлы. Бірғаным Әйтімова сонау Жетісуда туып-өскен анаға Батыс Қазақстанның төрінде құрмет көрсетіліп жатқанына риясыз көңілін білдірді. Бұдан әрі іс-шара кеңейтілген жиналыспен жалғасты.
– Мемлекет басшысы «Отандық ғылымның дамуы – елдің ертеңгі табысының кепілі» деп атап өткен еді. Техникалық ғылымдардың, инженерлік істің даму деңгейі – адами капитал сапасының және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Бүгінгі таңда елдің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа байланысты деп айту артық айтқандық емес. Осы орайда білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана зор табысқа жетеді, – деді ҚазИИТУ президенті, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Әйтімов. Өз кезегінде сөз алған ҚР ҰИА президенті Бақытжан Жұмағұлов Ақсерік Сарыұлын ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті қызметіне тағайындалуымен құттықтап, куәлік табыс етті.
– Қаңтар оқиғасының өткеніне бір жыл толды. Ол кез бізге оңай болған жоқ. Содан кейін елде конституциялық реформа жүргізілді. Президент екі рет Жолдауын жариялады. Қазір елде үлкен өзгерістер болып жатыр. Мен бір-екі мәселеге тоқталып өтсем деймін. 2019 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттікке сайлауға түскенде сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Техника ғылымдарының дамуын айрықша назарға алатынын, ұстаздардың мәртебесін көтеретін заң қабылдататынын, ғылымға бөлінетін қаржыны көбейтуге бар күшін салатынын айтқан еді.
Бүгінде ғылымды дамытуға бағыттаған қаражат айтарлықтай артты. Енді бұл ақшаны игеру үшін жас мамандарды дайындауымыз керек. Белгілі ғалымдарға грант берілуде. Іргелі институттарға қаражат тікелей бөлінуде. Президенттің айтқандарының барлығы орындалып келеді. Мемлекет басшысы техникалық білім сапасын көтеруге күш салуды тапсырды. Сол үшін қазірден бастап грант пен стипендиян өсті. Ғылым мен білімді ұштастыру үшін біздің академия көп жұмыс істеуі керек. Мен академияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының қызметін жоғары бағалаймын. Вице-президент Ақсерік Сарыұлы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары филиалдарының жұмысын үйлестіреді. Бұл кісі инженерлік саланы дамытуға зор үлес қосып келеді. Жалпы ҚР ҰИА филиалдары ғалымдарының жетістіктері аз емес. Қазір цифрландыру заманы қарыштап дамуда. Біз үш жылдан кейін не болатынын білмесек те, сол кезде қандай мамандықтар дайындайтынымызды бүгін ойлауымыз керек. Университеттердің алдында тұрған үлкен міндет – жаңа инновациялық технологияларды игеру. Өйткені университеттер – ғылыми зерттеулердің орталығы. Үкімет қаулысына сәйкес біздің академия Қазақстандағы инженерлік істің жоғары ғылыми-әдістемелік және үйлестіруші орталығы ретінде белгіленді. Бүгінде инженерлердің заманы туды. Инженерлік академия филиалдары белсенді жұмыс істеулері керек. Халыққа сапалы білім беріп, сапалы қызмет көрсету қажет. Сонда ғана әділ қоғам қалыптасады, – деді Бақытжан Жұмағұлов. Сондай-ақ ол «Біздің елде көбінесе елеулі тұлғалар, батырлар мен хандар туралы айтылады, жазылады, тіпті кинолар түсіреді. Мүмкін, оларды білуіміз, тануымыз керек шығар. Бірақ қарапайым еңбек адамдарын неге дәріптемейміз? Қазір ұстаз, фермер, дәрігер туралы жақсы кино жоқ. Одан да ауылдағы мұғалімнің немесе дәрігердің қызметін көрсетейік» деген ойын ортаға салды.
Кеңейтілген жиналыста академия филиалдарының өкілдері жұмыстарымен таныстырып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, физика-математика
ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шункеев өнертабысқа патент алу үшін сараптама мерзімін жеделдетуді ұсынды. Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов тың жобалармен таныстырды. Мәселен, қызылордалық ғалымдар күріштің сабаны мен қауызын өңдеп, тыңайтқыш жасап шығарған.
Жиналыс соңында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов пен Микрография ғылыми-зерттеу институтының директоры Самиғолла Оразов ҚР Ұлттық инженерлік академиясының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін аталмыш академияның медалімен марапатталды.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz