19.01.2023, 9:00
Оқылды: 56

Пилоттық жоба түсіндірілді

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Наурызбай Қарағойшин, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаев,  облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы өңірлік даму бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева мен «Aqjaiyq ӘКК» АҚ Стратегиялық даму және мемлекеттік-жекешелік әріптестік департаментінің директоры Алмат Қазиханов арнайы жұмыс сапарымен Бөкей ордасы ауданына ат басын тіреді. 

пилот жоба.jfif

Жұмыс тобы аудан орталығының жұртшылығымен кездесіп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы туралы түсінік беріп, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Аудан әкімдігінде аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен бұл жиынға ауылдық округтердің әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл азаматтары қатысты.

п.жоба.jfif

– Мемлекетіміз әлжуаз топтар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы азаматтарға ниет еткен кәсібімен айналысуына мүмкіндік ұсынып келеді. Тек жәрдемақы, атаулы көмекпен қамтамасыз етіп қана қоймай, қайтарымсыз қаржы беріп, өз ісін бастауына жол ашып отыр. Облыс орталығынан кеп отырған жұмыс тобының да айтпағы осы қолдау турасында болмақ. Бізде сәуірден бастап, қолға алынатын жоба бұған дейін де еліміздің басқа өңірінде іске асып, өз тиімділігін көрсеткен еді. Осы жиынды пайдаланып, ойларымызды ортаға сап, сауалдарымызды қойып отыралық, ̶ деп сөз алып, келген қонақтарға «қош келдіңіздер!»,- айтып, таныстырып өтті.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Жамбыл облысында бастау алған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының тәжірибесін республика көлемінде жүзеге асыру қажеттігін айтқан болатын. Жақсы нәтижесін көрсеткен мұндай жобалардың мақсаты біреу  ̶  2025 жылға дейін ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың табысын арттыру.  Осыған орай облысқа 6,4 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Жеңілдетілген 2,5%-бен ұсынылатын бұл несие мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, агроқұрылымдарды, кооперативтерді жабдықтауға, шағын кәсіпкерлікті дамытуға беріледі. Тек өткен жылдың өзінде облыс бойынша шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыруға 22 млрд теңге қаржы бөлінді. Бірақ нәтижесін көріп отырмыз дей алмаймыз. Облыста мал басы жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Өңір тұрғындары табиғи сүт өнімдерімен қамтылуы 30%-ға да жетпейді. Мыңғыраған мал ұстап, шайымызға «Айналайынның» сүтін сап отырғанымыз жасырын емес. қарастырылған қаржы мақсатты жұмсалуы қажет. Елімізде сүт және сүт өнімдеріне деген импортты азайту мақсатында ірі кешендер мен инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құрғысы келетін азаматтарға қолдау молынан. Жеке азаматтарға өз кәсібін бастауға 8 млн теңге қарастырылған болса, ұжымдық корпоративтерді қолдауға 28 млн теңгеге дейін қаржы ұсынылмақшы, ̶ деп Наурызбай Қарағойшин жобаның тиімділігін түсіндірді.

пилоттық жоба.jfif

Облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаев ауыл жастарына ұсынылатын жеңілдетілген несие туралы айтса, «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ Стратегиялық даму және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік департаментінің директоры Алмат Қазиханов кепілге қойылатын мүлікке қатысты түсінік берді. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы өңірлік даму бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева облыс бойынша бөлінген қаржы мөлшерінің шектеулі екенін айтып, тек бәсекеге қабілетті жоба ұсынса ғана мемлекет қолдауына іліге алатындарын айтты.

Жиынға қатысқан көпшілік жеңілдетілген несие мен аталмыш жобаға қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын да ортаға салды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале