28.02.2023, 9:45
Оқылды: 72

«Қажет жағдайда мемқызметшінің құқығын да қорғаймыз»

Мұрат Байсалов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы: «Қажет жағдайда мемқызметшінің құқығын да қорғаймыз»

E3A00177-2F5C-4A4B-9DA9-6DECE537DB92

– Мұрат Сейілбекұлы, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңы біраз жылдан бері қолданыста екендігі әмбеге аян. Сөйте тұра, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру, мемлекеттік қызметке қабылдауға қатысты бюрократиялық кедергілерді жою бойынша аталмыш заңға қандай толықтырулар мен өзертулер енгізілгендігін біраз кісі, әсіресе, жастар жағы біле бермеуі мүмкін. Бұған қоса Әдеп кодексінің жаңа нұсқасы жөнінде де айтып өтсеңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін алға тарта отырып, мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипатқа ие болып, қоғамға бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерістерді талап етуде. Демек, басы ашық мәселе, мемлекеттік аппарат жүйесі қоғамның талабына сай өзгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі, кәсіби деңгейі мен олардың адами қасиеттері өзара үйлесім табуы өте маңызды. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенуі шарт.

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызметке қабылдау барысында негізсіз кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырма берілді. Осы тапсырманы орындау үшін агенттік тарапынан жаңа тәсілдер әзірленіп, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға қажетті түзетулер енгізілді. Мәселен, мемлекеттік грантпен оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектер және басқару академиясын үздік бітірген түлектер оқуын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, аудан-ауыл әкімдерінің аппаратына тиесілі және жергілікті құрылымдарға қатысты кейбір лауазымдарға, сонымен қатар «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті құрылымының (органның) келісімімен конкурстық іріктеусізтікелей тағайындалатын болады. Яғни өзгерістерге сәйкес, түлектерге конкурстық іріктеудің тестілеу, әңгімелесу кезеңдерінен өтпей, мемлекеттік қызметке қабылдануға жеңілдіктер беріліп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мақсатында екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұған қоса мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталында мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритімі әзірленді. Конкурстық рәсімнің жаңа сипаты (форматы) үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Бүгіндері жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу жоспарлануда. Бұл қанатқақты бастама биылғы бірінші наурыздан бастап бес (5) мемлекеттік құрылымда (органда) өтетін болады. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері жаңағы жобаны іс жүзінде сынап көрмек. Және бір ерекше атап өтер жайт, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 ақпандағы №522 Жарлығымен Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жыл-
ға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Осы тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі халық үніне құлақ асатын өкімет, тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына негізделетін болады. Яғни мемлекеттік саясат немесе реформа «Ең алдымен адамдар» басты қағидатына сәйкес келуі тиіс. Осы қағидатты жүзеге асыру мақсатында өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызметшілеріне қатысты Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді. Жаңа кодексте мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Демек, осы бағыт-бағдарды мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде негізгі ұстанымдар ретінде ұғынуы тиіс.

Кодекстің жаңа редакциясында клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған. Яғни клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау болып табылады. Бұл өте күрделі өзгеріс, өйткені Әдеп кодексінің бұрынғы редакциясында мұндай міндеттер нақты айқындалмаған болатын.

Тағы да бір күрделі өзгеріс ретінде, мемлекеттік қызметшелердің лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау бойынша талаптардың айқындалғанын айту қажет. Мұндай қағидаттар Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін нығайтуға ықпал ететін болады. Сол арқылы мемлекеттік лауазым иелеріне халық өз үніне құлақ астырып, әлеумет үшін маңызды шешімдерді қабылдаттыруға мүмкіндік алады. Ал бұл өз кезегінде мемлекетке деген сенімді арттырып, қалың бұқараның игілігі мен мүддесіне сергек қарайтын мемлекетті қалыптастырады.

– Бүгіндері халықтың, соның ішінде жастардың мемлекеттік қызметкер болуға ынта-ықыласы артты ма? Егер артқан болса, оған қандай факторлар оң ықпал етті деп ойлайсыз?

– Қазіргі қазақстандық қоғамда өзінің ой-пікірін еркін жеткізе алатын, мақсат-мұратына жетуге талпынатын жігерлі жастар толқыны қалыптасып келеді. Жастардың жұмысқа орналасуы мен олардың қоғамға пайдалы іс-әрекетке мүдделі болуы мемлекеттік биліктің үнемі назарында. Халық шаруашылығының кез келген саласында экономикада, ғылымда, өнерде, мәдениет пен спортта, бизнесте және мемлекеттік қызметте дарынды жастардың өзін-өзі танытуы үшін барлық жағдай жасалуы өте маңызды жағдай. Жастарды мемлекеттік қызметке тарту ол мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа тәсілдерді енгізу, кәсіби қызметке тың көзқарас және оң өзгерістерге құлшынысты (мотивацияны) арттыратын фактор ретінде қарастырылады. Ендеше, қазақстандық қоғам үздіксіз ілгерілеуі үшін ең білікті, ең білімді және бәсекеге қабілетті жастар мемқызметке келуі керек. Бүгінде облысымыздағы мемлекеттік құрылымдарда 29 жасқа дейінгі 615 жас маман қызмет етеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары қөрсеткіш.

Қолданыстағы заңнамада көзделген үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеу жас мамандардың мемқызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Біліктілік талаптары жеңілдетілгендіктен, облыстық басқармаларға еңбек өтілінсіз қызметке тұруға мүмкіндік бар. Ал аудандық және ауылдық деңгейдегі мемқызметтерге орта кәсіптік білімі бар үміткерлер жеңілдетілген тестілеу бағдарламасы бойынша тестілеуден өтіп қабылданады.

2021 жылдың 1 шілдесінде факторлық-балдық шәкілге (шкалаға) негізделген жаңа еңбекақы төлем жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы еңбек нарығындағы орташа еңбекақымен сәйкестендірілді. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ауыл әкімі аппараттарының бас маманы мен жетекші мамандары енгізіліп, 2022 жылы 18 қызметшіге көтерме жәрдемақы (5 513 400 теңге) және 7 қызметшіге төмен пайыздық мөлшермен баспаналық несие (29 948 518 теңге) берілді. Қажетті мамандарды әлеуметтік тұрғыдан мұндай қолдау жалғаса берері анық.

Жалпы алғанда, мемқызметке қатысты заңнамаларға енгізілген соңғы  өзгерістер білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандырып, жас мамандардың аудан-ауылдарға оралуын арттырып,  нәтижесінде ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізері сөзсіз.

– Мұрат Сейілбекұлы, сіз департамент басшылығына қоса, облыстық әдеп кеңесінің төрағасысыз. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, мемқызметшілердің құқығын қорғауға қатысты нақты фактілерді айта аласыз ба?

– Әдеп жөніндегі кеңестің  мақсат-міндетіне мемлекеттік қызмет көрсету саласында орын алуы ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің бұзылған заңды құқықтарын қалпына келтіру миссиясы кіреді. Жалпы, Әдеп жөніндегі кеңес агенттіктің облыстағы алқалы құрылымы болып табылады. Сол себепті Әдеп кеңесі өңірде көпшіліктің сеніміне ие, беделді, әрі белсенді қоғамдық жұмысымен ерекшеленетін тұлғалар мен мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан жасақталады.

Кеңестің негізгі міндеттері ретінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп қағидаларын бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар әзірлеу, сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларының жұмысына былтыр жүргізілген талдау нәтижесінде, біздің департаменттің қызметкерлері екі (2) мемқызметшінің заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын анықтады. Олардың бірі Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылдық әкімі аппаратының қызметкері, ал екіншісі Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемқызметшісі. Менің әріптестерім әлгі фактілерді тек анықтап қана қоймай, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде жаңағы қос мемқызметшіге қатысты қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылды. Бұған қоса, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде алты (6) азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Мәселен, екі өтініш иесінің бұрын жазған өтініштеріне жауап ала алмай жүргендігі анықталып, департаменттің араласуынан кейін оларға тиянақты жауап берілді.

Мемлекеттік құрылымдардың конкурстық комиссияларымен конкурс барысында екі азаматтың құқығы бұзылғандығы әшкереленіп, біздің департамент енгізген ұсыну нәтижесінде конкурс қорытындылары негізсіз деп табылып, соның нәтижесінде құқықтары бұзылған азаматтарға конкурсқа қайта қатысуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында қызмет істейтін бір  лауазым иесінің заңнамамен белгіленген кезекті еңбек демалысына шығуға құқығы шектелгендігі анықталып, тексеру нәтижесі бойынша жаңағы мемқызметшіге тиісті еңбек демалысын бергізу арқылы оның заңды құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ департамент қызметкерлері облыстық еңбек инспекциясымен бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде Деркөл кенттік округі әкімінің тарапынан осы мекеменің бұрынғы қызметшісіне үстеме, демалыс, мереке күндерінде жұмысқа тартуда жүйелі түрде заңбұзушылықтар орын алғандығы анықталып, арыз иесінің құқығы қорғалып, үстеме, демалыс, мереке күндерінде жұмысы үшін оған 264 879 теңге көлемінде өтемақы төленді.

Көрдіңіз бе, біз тек жаза басқан мемлекеттік қызметкерге шара қолданып қана қоймай, сонымен қатар қажет жағдайда мемқызметшінің құқығын да қорғаймыз.

Бұрындары Әдеп кеңесінің талқысына ауыл әкімдері көбіне-көп заң талаптарын жеткілікті білмейтіндіктен түсетін. Бүгінгі жағдай қалай?

– Қазіргі таңда бұл бағытта бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізіліп, әкімдерге қойылатын талаптар күшейтілді. Әрі ауыл әкімдері қосалқы функцияларды атқарудан босатылды, ал бұл заңбұзушылыққа ұшыратуы ықтимал тәуекелдер азайды деген сөз. Тап жаңағы сұрағыңызға орай екпін түсіріп айтарым, 2021 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің лауазымдары толыққанды сайланбалы лауазымға айналды. Яғни 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ауыл әкімдерін тікелей халықтың өзі сайлайды. Бәлкім, осындай өзгерістер оң әсер етсе керек, соңғы жылдары ауыл әкімдерінің заңи сауаттылығы арта түскені байқалады.

Екіншіден, бүгінгі таңда мемлекеттік басқару үрдісінде қосалқы қызметтерді орталықтандыру жүргізілуде. Атап айтқанда, қазір ауыл әкімдері жергілікті мемлекеттік басқару заңнамасында белгіленген өзінің әкімшілік аумағындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен тиісті ауыл-аймақта мемлекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз етеді. Ал ауылдық округ әкімі аппаратының кадрлық, қаржы ұйымдастыру мәселелері аудандық әкім аппаратының құзырына берілген.

– Мұрат Сейілбекұлы, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласына цифрлық технологияларды енгізу қарқыны сізді қанағаттандырады ма? Әлде бұл бағытта әлі де жайбасарлық бар ма?

– Саланы одан әрі цифрландыру үшін барлық процестер мен жүйелерді интеграциялау, оған қоса, қағаз түрінде берілетін құжаттар мен анықтамаларды айналымнан жою маңызды. Ол үшін арнайы интеграциялау жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қызметтерді аутоматтандыру және оңтайландыру саласында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осындай нақты іс-әрекеттер  бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсетудің орташа мерзімін 25%-ға (8 күннен 6 күнге дейін) қысқартуға және қағаз құжат айналымының көлемін 110 млн құжатқа (соның ішінде анықтамалар) азайтуға мүмкіндік берді. Осының өзінде жанама экономикалық тиімділік 15,7 млрд теңгені құрады.

Әрине, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу үшін ақпараттық технологияларды қолдану қажеттігі арта түсуде. Жалпы,  мемлекеттік қызмет саласын толыққанды цифрландыру және аутоматтандыру халық пен  бизнеске қызметтер көрсету барысында әкімшілік кедергілерді жоюға, халық пен бизнестің мемлекеттік құрылымдармен тікелей қарым-қатынасын барынша азайтып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін мейлінше болдырмауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күнде Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тіпті қазіргі таңда, қызметтерді egov Mobile қосымшасымен қатар екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары немесе Telegram-бот арқылы алуға мүмкіндік мол.

Мысалы, азаматтарға ыңғайлы болу үшін egov Mobile арнайы мобильдік қосымшасы арқылы бүгіндері 77 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Тілге тиек болып отырған қосымшада жеке электрондық құжаттарды сақтау сервисі де қарастырылған. Сервис азаматқа, оның келі-
сімі негізінде үшінші тарапқа құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық сипаттағы құжаттар офлайн режіміндеде қолжетімді. Ал Telegram мессенджеріндегі @EgovKzBot арқылы 25 түрлі қызмет пен сервис қолжетімді. Тағы 31 қызмет бірреттік құпия сөз жүйесі арқылы ұсынылады. Алайда осындай жетістіктерге қарамастан халық әлі де қағаз түрінде мемқызметтер алуда. Демек, ел ішінде, халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізе түсу керек. Сөйте тұра, ретті жерінде айта кетелік, Қазақ-стан Республикасы цифрлық технологияларды енгізу және қолдану көрсеткіші бойынша көп мемлекеттен көш ілгері. Әрине, әлі де көрсетілетін мемқызметтер сапасын арттыру бағытында жоба-жоспар баршылық. Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінде қоғамның талап-тілегін толық қанағаттандыру үшін проактивтік және композиттік қызметтердің санын көбейту, ақпараттық жүйелерді одан әрі жетілдіру, қызмет көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу арқылы халық дән риза болатындай нәтижелерге қол жеткізетін боламыз.

Сұхбаттасқан Бауыржан Файзоллаұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале