2.03.2023, 10:45
Оқылды: 41

Жұмыспен қамту әлі де маңызды

Былтырғы жылдың төртінші тоқсанының қорытындысына сәйкес облыс бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8% болса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі  4,0%-ды құрады. Ал жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздардың саны – 13,3 мың адам. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай  Мыңбаев облыстық өңірлік коммуникациялар  қызметінің баспасөз мәслихатында баяндады.

A588274B-B022-4F09-9569-D26A03A32249

Исатай Бекесұлының айтуынша, жұмыссыздықпен күрес бағытында бірқатар ісшара іске асырылып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Соның бірі – «Қоғамдық жұмыс орындары» жобасы. Бұл – арнайы біліктілігі  жоқ тұрғындарды, студенттер мен оқушыларды оқудан тыс уақытта уақытша жұмыспен қамтуға арналған әлеуметтік пайдалы жұмыс. Жоба азаматтарды  12 ай мерзімге дейін (айына 70,0 мың теңге жалақымен) жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған қызметке 6 мыңға жуық адам жолданған.

– «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы аясында кез келген жұмыссыз адамды 12 ай мерзімге айлық жалақысының 35%-ын субсидиялау арқылы жұмыспен қамтуға болады. Нақтырақ айтсақ, мұнда азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, жұмыс берушілерге жалақы төлеуге кететін шығындарын қысқарту арқылы мемлекеттік қолдаудың бір инструменті жүзеге асады. Бұған қоса 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар түлектер «Ұрпақтар келісімі» жобасына қатыса алады. «Ұрпақтар келісімі» жобасына қатысатын үміткерге зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Тәлімгері зейнетке шыққан кезде жобаға қатысушы сол орынға тұрақты жұмысқа  орналасады. Жоба қатысушысына төленетін жалақы мөлшері – 30 АЕК (100,0 мың). Сондай-ақ орта жастағы азаматтар да мемлекет назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Бұл орайда арнайы «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Жобаның ерекшелігі – жасы 50-ден асқан азаматтарды кемінде 3 жыл жұмыспен қамту және мемлекет тарапынан жалақыны субсидиялау. Демеуқаржы мөлшері алғашқы жылы 75%, қалған жылдары, сәйкесінше, 65% және 60%-ды құрайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны кемінде 2 жылға жұмысқа орналастыруға міндетті. Яғни жоба аясында жұмыссыз адам кемінде 5 жылға жұмысқа орналастырылады.  

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында өз ісін бастағысы келіп жүрген азаматтарға қайтарымсыз грант беру жалғасуда. Аталған гранттар 2022 жылдан бастап тек қана әлеуметтік осал топтарға ғана берілуде. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруды көздейтін жобаларға мемлекет тарапынан қайтарымсыз негізде 400 АЕК немесе 1 380,0 мың теңгеге дейін мемлекеттік қайтарымсыз грант берілетінін айта кеткен жөн.

Жалпы елімізде жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сай биылдан бастап жастардың, яғни 35 жасқа дейінгі азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында (жылдық сыйақы мөлшері 2,5%-ды құрайды) жеңілдетілген ұзақ мерзімді микрокредит беру мәселесі қарастырылуда, – деді Исатай Бекесұлы.

Спикердің сөзіне сүйенсек, «Электронды еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы (www.enbek.kz) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтиды. Аталған порталда республика бойынша бос жұмыс орындар және іздеушілер туралы ақпарат күн сайын әр түрлі деректерден жаңартылады. Электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеп жүрген кез келген адам өзінің электронды қолтаңбасымен (ЭЦҚ) «Жұмыссыздарды тіркеу» және жоғарыда аталған жұмыспен қамту шараларына қатысу бойынша мемлекеттік қызметтерді  проактивті  түрде  ала  алады.

Иә, тоқсан ауыз сөзді түйіндесек, халықты жұмыспен қамту қашанда өзекті мәселе болып қала бермек. Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Алайда сол бағдарламаларда көрсетілген тапсырмаларды орындап, жоспарды уақтылы жүзеге асыру – жергілікті биліктің тікелей міндеті. Халықтың басым көпшілігі аудан-ауылдық жерлерде қоныстанғандықтан, бағдарламаларды мейлінше ел игілігіне жарату да басты мақсат болуы тиіс.

Шыны керек, елімізде жұмыспен қамтуға қатысты бағдарламалар қабылданған кезде баршамыздың аспанға бөркімізді атып қуанғанымыз рас. Ендігі тілек, «Екі қолға бір күрек» таппай жүргендер жұмысқа орналасса, қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін бастаса, мемлекет тарапынан беріліп отырған басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып қалса, тұрғындарға да  ең  қажеті  осы  болмақ.

Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале