Кезіндегі Тасқала ауданындағы Крупская атындағы кеңшар, қазіргі Мереке ауылдық округінің тыныс-тіршілігін Х. Қапаров деген азамат үнемі жазып тұрған екен.
Оның кезекті мақалаларының біріндегі мына бір естелікке көзіміз түсті.
«Табиғат мінезі де қызық қой, шіркін. Жыл мезгілдері ретімен келіп, өтіп жатса да, нағыз шаруа адамына оның ұсынар өз сыйы және қиыншылығы бар. Көзін мал бағумен ашқан еңбеккер Сисен Досжанов мұның бәрін де бастан өткізіп келеді. Шөбі сидаң бетегелі қырдың биылғы реңі оның көңілін қапелім құлазытып тастағанымен, соңғы кездегі жауын-шашын жер буынын босатып, көгерте бастады. Жылдың осынау бір ерекшелігін ерте сезген Сисен қыстағы – «Шіңкілдектен» жаз жайлауы – «Қарақоғаға» қозы аяқтанысымен асығыс көшті. Ондағы ойы – белі босап, қоздаған саулықтар тез оңалып, жас қозылар асыр салып отайсын дегені еді. Оның үстіне былтыр қой шағылысын сапалы өткізіп, саулықтарын қыстаққа күйлі әкеліп, көңілдегідей бағуы төл алуды жемісті аяқтауына әсер етті. Мұнысы да тегін еместі. Ұлы Октябрьдің құрдасы, оның саялы бағында еркін өскен кедей баласы Сисен торқалы тойға сый-сыбағамен келу үшін жоғары мақсат қойғанды алдына. Міне, сол бір биік мұрат оны алға сілтеді. Сол шопанды іздеп келеміз. Тау тасындай шашыла жайылған ақтылы қойды Қарабөгеттен суаруға бағыттаған шопан қыздың әні шалынды құлаққа. Боз жусан, бетеге-бозды даланы еркін еміп, тырсия тойған сегіз жүздей саулық пен мыңнан астам ақ бөрте қозы жылдың қуаншылығын емес, шопан еңбегінің зейнетін танытқандай. Осы отарды қарсылай шыққан шақпақ денелі, ашаң жүзді шопан аға қызы Сәбилаға «Көп қыстама, әлі ерте» дегендей белгі берді де, бізді көріп, кері бұрылды. Қасымыздағы ауылдық советтің председателі Сұлуқия Саркулова қара судың екі бетіне қанаттас қонған шопандар қосын таныстырып келе жатқанды:
– Мына бергісі жас шопан Тұрсынбай Төлешов, істеп кетсе, тындырымды жігіт. Тоқты бағады. Арғы беттегі айтулы шопанымыз, аудандық советтің депутаты Сисекеңнің қосы. Әне, өзі де жүр екен... Бел-белестерді басып, көк жиекке барып қалған күннің жалқын сәулесі бетеге басында дірілдейді. Шопан көзі батыста: «Күн қалай батар екен?» Ол бізге аман-саулықтан кейін осы болжамын айтып салды:
– Көрдіңіз бе, бұлт ойнап өтті. Мына желдің түбі жауыншашын. Көктем құрғақ болғанымен, жаз жағдайымызға қараған сияқты.
– Ертең де жаңбыр болады дейсіз бе, оны қайдан білдіңіз?
– Әр малшының өзіндік тәжірибесі бар емес пе? Ауа райын бағдарлай жүрмесең бола ма?! Әсіресе, күз бен қыста...
Тілі орамды, сауаты шамалы болғанымен, көргені көп ағаның әңгімесі қосқа барған соң сабасына түскен еді. Жазғы жайлауға жеңіл көш-қонымен келген шопанның үй ішінде басы артық ештеңе болмаса да, төрдегі радиоқабылдағыш тағы бір өмір жаңалығын алға тосты. Жуырда КПСС Орталық Комитетінің Пленумында қабылдаған Ұлы Октябрьдің 50 жылдығы туралы тезистерді ықластана тыңдаған шопан бір сәт әңгімесін соған ұштастыра жалғады.
– Мынау ел басынан кешкен үлкен тарих қой. Осыған аздыкөпті үлес қосқан адамда арман не?!
– Немене, Сисеке, өз еңбегіңізді қомсынасыз ба? Биыл аудан шопандарының жарысында бірінші орынды алып отырсыз ғой, – деген жасынан сыр мінез, ақ жарқын Сұлуқияның бұл сөзіне елең еткен шопан: – Совет жолдас, шаруа баққан адамның артқа емес, алға қарағаны жөн. «Әр жүзден 130 қозы, әр қойдан 3,8 килодан жүн алыпсың, құттықтаймын, аға!» деп кеше управымыз келіп кетті. Бірақ мынадай жылда оған масаттану қиын... Онысы да жөн екен. Қыстық пішен, мол су, қора-қопсыны ерте әзірлеу алаңдатады оны. Табыс бар да, оны баянды ету бар емес пе? Ел қамын ойлайтын депутат шопан мұны да сыр етіп айтты. Ол көп жылдан бергі көмекшісі Маяу жеңгей мен он жеті жасар қызы Сәбиланың, анасы Күнсұлу шешейдің қажырқайратымен қол жеткен табысын келесі жылы да ортайтпаудың жай-жағдайын да әңгімеледі. Осы сәтте сөзге сараң жеңгей: – Сисеке, уайымдайтын не бар, шөп шабу үлгермей жатса, біріміз көмекке баралық, бұдан ауыр жылды да өткіздік емес пе? – деп қартына ой салғандай болды.
Ол рас, не қиындыққа да қың демейтін ұйымшыл семья облыста тұңғыш ұйымдасқан осы Крупская атындағы совхоздың ыстық-суығын талай көргенді. Бірақ шаршадым, шалдықтым демеді. Қайткенде ел дәулетін молайтамыз деп тырбынды. Ол еңбек босқа кеткен жоқ, совхоз шаруасымен қатар, шопанның тұрмыс жағдайы да танымастай өзгерді. Ұл-қызы өсті. Үлкен баласы Айдынғали он жылдықты бітіргелі отыр.
– Иә, – деп бұрылды Сисекен, – тек тыныштық болсын. Соның арқасында сонау Москва, Алматыны да шарлады бұл ағаң. Соғыстың не екенін де көрдік қой... Сонау бір отты жылдарда майданның алғы шебінде болған Сисекең «Жауды талқандап, аман-есен елге барсақ, арман не?!» деуші еді. Оның тылдағы орнын басқан шешей мен жеңгей «азаматын аман көрсем» деп армандады. Сол үшін ерлерше еңбек етті. Міне, сол арман ғасыл болып, рахат өмірдің қызығына шомып отыр. Еңбегі де табысты. Жұрт құрметіне де бөленді. Сол ұзағынан болғай да! Иә, шопан семьясының тілейтіні де сол тыныштық. Олар мына жазғы түннің жайлы самалы еркін желпіп, шалт өмірдің тұнығы шайқалмасын, жусап жатқан халық байлығы – ақтылы қой дүрлікпей, еңбек зейнетім үстей берсін деп ойлайды. Сол үшін ертеңге тағы құлшынып отыр. Жарыстас әріптестерінің де тілегі осы. Біз жазғы жайлаудан осындай әсермен аттандық».
Сонау жылдары А. Нұрышқалиевтың «Жарайсың, Аманжол!» атты мақаласы жарық көрген екен. Сол мақала қаз-қалпында оқырманға қайтадан жол тартты.
«Жас коммунист А. Ізғалиев жолдас 1957 жылдан бері Крупская атындағы совхозда аға шопан болып жұмыс жасап келеді. Осы он жылдың ішінде Аманжол Ізғалиев өзінің еңбек сүйгіштігі нәтижесінде совхоз жұмысшылары арасында зор беделге ие болды. Жастайынан мал баққан ауылда өскен бұл жігіт тәжірибе жинақтаған. Биылғы мерекелі жылға Аманжол аянбай еңбек етіп қомақты тарту даярлауда. Ол бағымындағы 800 саулықты қыстан күйлі шығарып, қой қоздату науқанында жоспардан тыс төл алуды қамтамасыз етті. Отарындағы әр жүз саулықтан 114 қозы алып, аман өсіруде. Ал отар бойынша есептесек, Аманжол жоспардағыдан 192 қозы артық алған. Жүн қырқу кезіндегі табысы да айтуға тұрарлық. Ол әр саулықтан 3,800 килограмм жүн алуды қамтамасыз етіп, жоспарды анағұрлым асыра орындады. Аманжолдың отарынан жыл басынан бері орынсыз шығын болған жоқ. Малдары күйлі. Бұл Аманжолдың мерекелі жылға арнаған еңбек тартуы».
А. Хабиев Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшардың сол кездегі тыныс-тіршілігінен қысқаша баяндап беріпті. «Қыс қамы – қазірден!» атты мақаласы соған дәлел.
«№5 бөлімше еңбеккерлері мал қыстағына даярлану жөніндегі жарияланған айлыққа қызу күш қосуда. Бөлімшеде қыстақтың 950 ірі қара мен 450 жылқыға қажетті қоралар жөнделіп, біркелкі біте келді. Мал бағушы еңбеккерлер қысқа ерте әзірленіп, қора-қопсыны жөндеумен қатар, малды жоғары қоңмен әкелу үшін күресуде. Мал бағушы З. Артығалиев өз қарамағындағы малдардан өткен айда 27 центнер қосымша салмақ берген болса, Т. Қадырбергенов 39 центнер салмақ қосып отыр. Міне, осындай еңбекқор абзал жандардың еңбегінің нәтижесінде бөлімше бойынша бір айда 160 центер қосымша салмақ алынды. Бөлімшеде өткен жылдан қалған пішенді қоса есептегенде, қазір 11 291 центнер пішен, 3222 центнер сабан жиналып, үйілген. Бұл күндері қызу еңбек одан әрі жалғасуда. Қазір бөлімшеде малшыларға қажетті қол фонарь, айыр, күрек, көлік, шана сияқты құралдарды даярлау, оны әрбір қыстаққа жеткізу жұмысы жүріп жатыр».
Материалдарды жинақтаған Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы