Сәуірдің 15-інде кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды. Ақбөкенді заңсыз аулаудың алдын алу, облыста киік санағын жүргізу және басқа да маңызды мәселелер өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды.
Биыл браконьерлер 2000-ға жуық киікті атқан. Одан келген шығын 285 миллионды құрапты. Дала тағысын заңсыз атқандарға қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. Осындай заңсыздықтардың алдын алу мақсатында сәуір-дің 15-і мен мамырдың 15-іне дейін кең ауқымды «Киік» акциясын өткізу жоспарланды.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжанов аталмыш акция аясында арнайы рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру үшін мобильді топтар құрылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, 11 аутокөлік, бір тікұшақ пайдалануға беріледі. Жеке құрамға 50 адам жұмылдырылады және одан бөлек киік мекен ететін аумақтарда күзет бекеттері де қойылады.
Жалпы әлемдегі ақбөкендердің 97 пайызы біздің елде. Соңғы мәліметке сенсек, біздің облыстың өзінде 800 мыңнан астам киік бар екен. Алда құралай маусымы келе жатқанын ескерсек, ол сан көбейе түседі.
– Сәуірдің 15-інен бастап киік санағын бастаймыз. Оған зоология институты мен басқа да білікті мамандар, әсіресе ветеринария саласының мамандары тартылады. Екі тікұшақпен санақ жүргіземіз. Жаз ортасына қарай облыстағы нақты киік санын білеміз, - деді брифингке қатысқан «Охотзоомпром ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның бас директоры Мәрлен Айнабеков.
Биыл далада кене көп. Ол паразиттен төрт түлік жапа шегуде. Ел ішінде кене киіктен тарап жатыр деген сөз көп. Бірақ мамандар алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтады.
– Малдың мазасын қашырған кене киіктен тарап жатыр деген алыпқашпа әңгіме еш қисынға келмейді. Өйткені үй жануарларында да, киікте де кене бір уақытта пайда болды. Биыл ол паразиттің аномальды көп болуына көктемнің ерте келуі себеп болып отыр, - деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжанов.
Сондай-ақ БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов облыс әкімдігі киік пен малға жабысқан кененің көзін жою үшін арнайы қаражат бөлгенін мәлімдеді. Ол ақша тек кенемен ғана емес, басқа да ауру қоздыруы мүмкін паразиттармен күресуге жұмсалады екен.
– Кене, басқа да паразиттермен күресуге және олар қоздыруы мүмкін түрлі аурудың алдын алу үшін 26 миллион 400 мың теңге қарастырылды. Бұл ақша жеке, қосалқы шаруашылықтағы малды емдеуге жұмсалады. Ал ірі қожалықтар мен кәсіпорындар кенемен күресуді өз қаражаты есебінен жүргізуі керек, - деді БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.
Осы кезге дейін өңір ветеринарлары 21 мың ірі қараны өңдеуден өткізген. Сала мамандары бұл жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді.
Түгелбай Бисен