1.05.2023, 17:33
Оқылды: 50

«Шаттықтың» өнері – шеберліктің шыңы

«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деп көрнекті педагог В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аударып, ерекше мән беру қажет. Бүгінде балалардың жан-жақты болып, ақыл-білімі, қарым-қабілеті қатар дамуы үшін барынша жағдай жасалып келеді.

343577985_1264510924166827_7647323967689153167_n

Ауданымыздағы өнерлі, талантты балалардың талабын шыңдап, талпынысын ұштайтын бірден-бір орталық ол – Казталов балалар музыка мектебі. Онда білім алатын балалар сан қырлы өнер салалары бойынша тәлім алады. Сол өнердің бірі – би өнері. Би өнерін бар жанымен сезініп балаларға үйретуде ерінбей-жалықпай еңбек етіп келе жатқан Зәмзагүл Зәкарияқызы Қуандықова мен Ақнұр Аязбайқызы Шарипова аталмыш музыка мектебіндегі «Шаттық» би ансамблінің жетекшілері. «Шаттық» би ансамблі жуырда ғана өткен облыстық «Балдәурен» балалар фестивалінде үздік өнер көрсетіп дипломат атанып келді. Аталмыш би ансамблі Халықаралық би күніне орай 28 сәуір күні С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында «Би – өмірдің айнасы» атты есеп беру концертін өткізді.

343572414_234574402490813_6731302344268227788_n

«Күміс сыңғыры» атты бимен ашылған концерт, бүлдіршіндердің «Көңілді көжектер» биімен жалғасты. Концерт барысында әр ұлт билерінің тарихы жайындағы мәліметтер топтастырылған бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылып, «Әуен» триосының орындауында Шәмші Қалдаяқовтың «Сағынышым менің» атты сазды әні сызылта шырқалды. «Шаттық» би ансамблнің кіші және ортаңғы топтарынан кейін, «Хорезм», испан биі «Фламенко» билерімен үлкен топ қыздары мың бұрала билеп көрерменді тәнті етті. Концерт барысында балдырғандар «Қазақ елім – байтағым», «Ұстаз ана» әндері шырқалып көпшілік көңілін серпілтті. «Қызыл телпек», «Оймақ», «Батырлар», «Тәттілер» атты билерді билеген бишілер бойынан ерекше әртістік қабілет пен хореграфиялық шеберлік байқалып тұрды. Көз тартар сахналық киімдерімен, бишілерге тән ерекше әдеппен сахна мәдениетін сақтап өнер көрсете білген ансамбл көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концерт соңында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жаңгереева сөз алып, музыка мектебі басшылығына арнайы Алғыс хат табыстап, ансамбль жетекшілері мен биші балдырғандарға алғысын білдірді. Бүлдіршіндер өнеріне тәнті болған ата-аналар ансамбль жетекшілері З.Қуандықова мен А.Шариповаға шын ықыласпен риза болып, алғыстарын білдірді және шағын сый-сияпаттарын ұсынды.

343580191_214603244636899_6109474630136554342_n

Адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер - оқушылардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жетекші орында. Би өнері оқушының эстетикалық мәдениетін дамыту арқылы жас баланың бойына адамгершілік негіздерін қалыптастырады, өз халқының төл рухани мәдениетінің қыр-сырына қанықтырады. «Тынымсыз – ізденіс, түбегейлі – нәтиже» екенін ескерсек «Шаттық» би ансамблінің бүгінгі концерті ауданымыздағы би өнері дамуының басты көрінісі болды деген биік баға бере аламыз.

343587500_3104937129799493_2736000193827972814_n

343345397_932943621282896_7471885346853361208_n

343424241_1317413185508000_3833085857899407794_n

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале