Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде жазушы-журналист, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинмен кездесу өтті. Іс-шара аталмыш оқу орнының «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында ұйымдастырылды.
«Көп қырлы қаламгер» деген тақырыппен өткен кедесуді қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Қырымжан Жақыпова жүргізді. Ол жазушы-журналистің шығармашылығы жөнінде баяндап, әсіресе балалар әдебиетінің дамуына қосып келе жатқан үлесіне ерекше тоқталды. Бауыржан Файзоллаұлының өмір жолына қысқаша жолу жасап, баспасөз саласындағы қызметін әңгімеледі. «Каз ТАГ» агенттігі, «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда» және басқа да бірнеше республикалық басылымда қызмет еткен журналист жиырма шақты жылдан бері өңір айнасының бас редакторы. Оқырмандар сүйсініп оқитын «Күн-бала», «Жиһанкез» Ақкербез», «Жаныма жақын жағалау», «Биленбеген вальс» кітаптарының авторы.
– Бауыржан Файзоллаұлы, сіз бір сұхбатыңызда: «Балалар әдебиетін үлкен әдебиеттің берік, мығым іргетасы деп қарау керек. Ал жалпы, асқақ гуманизмді ту еткен әдебиетсіз иманды орта, жібі түзу қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Сол себепті билік те, халық та әдебиет әлеміне оралғаны ләзім. Бұған әрине, бірінші кезекте билік мүдделілік танытуы тиіс» деген екенсіз. Сіздің балаларға арналған шығармаларыңыз, әсіресе мысал-әңгімелеріңіз, аудармаларыңыз мектеп оқулықтарына да енгізілген. Мысалы, тырнақалды «Күн-бала» жинағындағы «Сыйлық» өлеңінің алғашқы шумағы 2-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында бар. Шумақ «И» және «Й» әріптерінің емлесін оқыту үшін берілген», – деген Қырымжан Үмбетырзақызы жазушының балаларға арналған шығармаларына жан-жақты тоқталды. Ал колледждегі кафедра оқытушылары жазушы туындыларының желісі, жастарға беретін тәлім-тәрбиесі жөнінде пайым-пікірлерін ортаға салды. Мысалы, физика-математика кафедрасының студенттері жазушының «Жиһанкез» Ақкербез», «Кішкентай» Карлсон», «Күн-бала» әңгімелерінің желісі бойынша дайындаған анимацияларды көрсетті. Қиялмен астасып жатқан бұл өнерді студенттер әлі де шыңдай түспек. Ал орыс тілі кафедрасының оқытушылары жазушының «Етікші» әңгімесінің түп-төркінін баяндады. Жазушы етікші образы арқылы болашақ ұрпақты еңбекке тәрбиелейді. Етікшінің ұқыптылығын, еңбекқорлығын, өзінің кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын үлгі етеді. Технология кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Амангелдіұлы әңгімелер мазмұны бойынша салған студенттердің суреттерімен таныстырды. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру кафедрасының студенттері Б. Ғұбайдуллиннің жазушы Н. Носовтан аударған «Қалпақтан қорыққан қос батыр» әңгімесі бойынша көрініс қойды. Сонымен қатар кездесу барысында жазушы шығармаларының парсы, француз, қырғыз, ұйғыр, бенгал, араб, ағылшын және басқа да тілдерге аударылғаны ерекше атап өтілді. Оқытушылар «Ұялшақ махабаттың ғұмыры ұзақ», «Ортақ ерлік», «Биленбеген вальс» шығармаларына талдау жасады. Олар көсем сөз бен көркем сөздің сардары атанған Бауыржан Файзоллаұлының қаламгерлік қыры мен сазгерлік өнері жөнінде де әңгімеледі.
Кеш қонағы Бауыржан Файзоллаұлы балалар әдебиеті, журналистиканың қыр-сыры туралы әңгімеледі. Өзіне қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
– Журналистика өмір бойы ізденуді талап етеді. Журналистерге қойылатын талап – олар мүмкіндігінше барлық саладан, бүкіл тақырыптан хабардар болуы керек. Әлемдік журналистикада журналистерді белгілі бір салаға мамандандырып даярлау үрдісі бар. Бірақ Қазақстандағы журналистикада, соның ішінде ұлттық журналистикада маман өте тапшы. Сондықтан сала мамандарынан жан-жақтылықты талап етеді. «Жаныма жақын жағалау» деген кітабыма 25-30 жылда жазылған таңдаулы мақалаларым енді. Онда саясат, спорт, экономика, тарих және басқа да салалар қамтылды. Сондықтан журналист болғысы келетін балалар қазірден өмір бойы ізденуге дайын болуы керек, – деген Бауыржан Файзоллаұлы өзінің шығармашылығына жауапкершілікпен қарап, кездесуге ынта-ықыласпен дайындалған ұстаздар мен студенттерге алғысын білдірді.
Кездесуді ұйымдастырушылар жазушы-журналиске шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлық табыс етті.
Ясипа Рабаева