26.07.2023, 11:30
Оқылды: 7

Шомылу маусымы басталғалы бері БҚО-да төрт адам суға кетті

Шомылу маусымы басталғалы бері облыста төрт адам суға кетті.

F17E1A92-EB43-4426-9887-3F6D6336667D
Суреттер БҚО Төтенше жағдайлар департаментінен

Осыған дейін жаз басталғалы өңірде екі адам суға кеткенін жазған едік.

Бірінші оқиға бесінші шілде күні Бәйтерек ауданындағы Асан ауылы тұсынан өтетін Шаған өзенінде, екінші оқиға сегізінші шілде күні Бәйтерек ауданындағы «Карьер» жасанды су қоймасында болды. Соңғы оқиғада тұрғын ішімдік ішіп, су қоймасының тиым салынған бөлігінде суға түскен. Мүрдені құтқарушылар қоймадан алып шыққан.

Ал соңғы екі оқиға өткен аптаның аяғында тіркелді.

«Жаз мезгілі басталғалы бері облыста төрт адам суға кетіп қаза болды. Соңғы екі қайғылы оқиғаға тоқталсақ, біріншісі 21 шілде күні облыс орталығында, екіншісі 23 шілде күні Ақжайық ауданына қарасты Қабыршақты ауылында болды. 1987 және 1965 жылы туған азаматтар суға кетіп қаза тапты», - деп мәлімдеді БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Райымбек Бекболатұлы.

7DB0FB78-0B09-4784-9A74-473B8B295FA8

Маманның сөзіне қарағанда, адамдар қауіпсіздік шараларын ескермегендіктен суға кетуде.

Облыста су айдындарындағы қауіпсіздікке қатысты департамент қызметкерлері құзырлы органдар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еріктілердің қатысуымен рейдтік шараларды күнделікті жүргізуде.

0A4F3E41-709E-4CC3-8DB6-B538440FECCA

«Өңірдегі рейдтік шаралар барысында сегіз адам құтқарылды, оның ішінде алты бала бар. Тұрақты түрде әлеуметтік желілерде су қауіпсіздігіне қатысты ақпараттар кеңінен берілуде. Тұрғындарға жадынамалар таратылуда. Қазіргі уақытта облыс аумағында 26 жағажай тіркелген, олардың 23-i жұмыс жасап тұр. Үшеуі ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін қызметке кіріспек. Баса айта кететін жайт, су айдындарында азаматтардың қаза болуының басты себептеріне: тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйде шомылу, жүзе алмау, балаларды қараусыз қалдыру жатады», - дейді ол.

8C77F729-3EEC-4A48-89DC-CBCA139AFB03

Айта өтейік, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын орындамаған, бұзған жағдайда ҚР ӘҚБ Кодексінің 412-бабымен әкімшілік шара қолданылады. Жыл басталғалы бері 12 жеке тұлға қауіпсіздік қағидатын бұзған, оның онына әкімшілік хаттама толтырылған.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тек жабдықталған, рұқсат етілген орындарда ғана шомылуды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, балаларға үнемі қадағалау жүргізуді ескертеді.

Гүлмира Сансызбайқызы,

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале