1.08.2023, 9:15
Оқылды: 24

«Немерелерімді сағынамын...»

Ел-жұртқа береке-бірлік тілеп отыратын қариялардың орны қашанда төрде. Санасы сау ұрпақ та олардың қадірін біліп, амандығын тілейді. Көнекөздердің көрген-білгенін  тыңдап, көңілге түйіп алу – әр жастың міндеті. Өйткені уақыт – жасты кәріге, кейде барды жоққа айналдыратын күш. Бүгінде әңгімесін тыңдау былай тұрсын, қартына қайырылуы қиындап кеткен қоғамға  айналдық.  Өкінішті...

дом карт

Өңірдегі қарттар үйіне барамын дегеннен бастап көңілдегі көп ой маза бермеді. «Қандай сауал қойғаным дұрыс? Жандарын жаралап алмаймын ба?» деген сұрақтар өмірлік тәжірибесі аз, ысылып-пісуі әлі де кемшін өзімді толғантып келеді. Қала шетіндегі қарттар үйіне келіп тоқтадық. Темір қақпаның арғы жағынан мекеме басшысы Арман Дәулетов қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, мекеменің ресми атауы «Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» екенін айтты. Сосын, жалпы ғимараттардың тарихымен таныстыруға көшті.

– Бұл мекеменің тарихы сонау 1945 жылдан басталады. Соғыстан кейін мүгедектерге, көмекке мұқтаж азаматтарға қызмет көрсететін орын болған. Одан бері қарай атауы өзгеріп отырды. Бүгінгі күні 527 адам қызмет алуда. Оның ішінде қариялар, жүйке жүйесі ауруларымен ауыратындар және күндіз келіп ем алатын азаматтар бар. Қарттардың жалпы саны – 224. Оның  151-і – ер және 73-і – әйел адам. Олардың 89-ы мүгедек жандар болса, 9-ы – тыл ардагері, – деген мәлімет берді Арман Оразғалиұлы. Оның айтуынша, ғимараттар жөндеуден өткен. Қызмет алушыларға қолайлы әрі жайлы. Мұндағы қарияларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбекке баулу, мәдениет, құқықтық және экономикалық бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі. Мекеме басшысымен азкем әңгімелесіп, бұл жердегі жағдайдың жақсы екенін естідім. Арман Оразғалиұлы қызмет көрсету міндеті болғанымен, мұндағы қариялар санының артып келе жатқанына қуана қоймайтынын айтты. «Кейде үлкендермен жеке отырып әңгімелесемін. Арасында «Уақытында қателіктерім болды» дейтіндері де бар. Олардың дені перзенттерін кінәлаудан аулақ. Әрине, әркімнің тағдыры әртүрлі. Мұнда толық жағдай жасалған. Біз де өз үйіндегідей болсын деумен көңілдерін табуға тырысып, үлкендердің қас-қабағын бағудамыз», – деді ол.

Осыдан кейін көнекөз қариялар тұрып жатқан ғимаратқа бардым. Төрт қабатты бұл үйге бірінші рет келуім емес еді. Студент кезімде түрлі концерттік бағдарламамен келіп, үлкендердің көңілін аулап кететінбіз. Мұны неге айтты десеңіздер, аулада жүздері әлі есімнен кете қоймаған екі ақсақал отырғанын көрдім. Амандасып едім, олар да менің 2-3 мәрте келгенімді ұмытпапты. Танығандарына қуанып қалдым. Сөйтіп, ішке кіріп, бөлмелерді аралай бастадым.

Бұл жердегі қызметкерлердің тынбай еңбектенетіні көрініп-ақ тұр. Оны қариялардың бөлмесіндегі жатын орынның, шай үстелдерінің тап-таза, жинақы қалыпта тұрғанынан аңғаруға болады. Осы көріністің өзіне іштей риза боласың.

Мұндағы қызмет алушы қарттардың кісі келсе, балаша қуанып, танысып-біліскісі кеп тұратынын бұған дейін де білетін едім. Бұл күні  де соның куәсі болдым. Кезінде ағаш ұстасы болған Арыстан ата мені бірден әңгімеге тартып әкетті. Есімімнен бастап, туған жерімді, руымды сұрап, тез таныса кеттік. Жүзінен жатырқаудың нышаны байқалмайтын ол арасында  әзілдеп  қояды.

«Шыңғырлауда туып-өстім» деп әңгімесін бастады 69 жастағы Арыстан ата. – Жас кезімде сурет салуға қызығып, Мәскеу, Алматы қалаларында білім алдым. Кейін туған жерге маңдай терімді төгейін деген оймен келіп, ағаш шебері болып 25 жыл жұмыс істедім. Осыдан бірнеше жыл бұрын балам өмірден озды. Уақыт өте жан жарым келмеске кетті. Қос қайғы қабырғамды қайыстырып, уайымға салды. Сол кездерде алдағы күнімді елестету де қиындады. «Тірі адам тіршілігін істейді» дегендей, әрі қарай күн өткізіп, тіршілік ете бердім. Бір уақыттары інімнің үйіне барып біраз тұрақтадым. Ол жақта жаман болды дей алмаймын. Ешкім жатырқап, жақтырмаған сыңай танытпады. Дегенмен өз тіршілігін түгендеп жүрген адамдарға кедергі келтіргім келмеді. Бір жағынан, жас ұлғайған сайын айтқың келетін дүниенің көлемі де көбейеді. Сондайда замандас адамдармен ақтарыла әңгімелесуді қалайсың.

Шынын айтқанда, мұнда келуімнің бір себебі де сол болды», – деген қарияның жүзінен біраз нәрсені білдіргісі немесе қозғағысы келмейтіні байқалды. Ол кісі мұнда келгеніне өкінбейтінін және мұндай жағдай үшін ешкімді кінәламайтынын да тілге тиек етті. Әрі қарай қарттар үйіндегі жағдайды және жоғарыда атап өткен бағыттар бойынша жұмыстанатын мамандарды мақтады. Соның ішінде тұрмыстық, психологиялық бағыттағы қызметкерлерді ерекше атап өтті. Сөзінің соңында «Осылай іздеп келіп тұрғандарың бізге жақсы. Бір уақ жастардың қоршаған ортаға көзқарасын, ой-пікірін біліп әрі сырласып, бір жеңілдеп қаламыз», – дейді ақсақал.

Көп жылдар бойы баспанасыз күн кешкен Балкенже әжеміз де әңгімесін әріден бастады. Жасы 74-ке келіп қалған кейуананың көрмегені жоқ. Өзінің айтуынша, қарттар үйіне 2022 жылдың күз мезгілінде келген. «Кім-кімнің де тағдырды таңдап алмайтыны белгілі ғой, балам. 1972 жылы тұрмысқа шықтым. Кейін дәм-тұзымыз жараспай 1975 жылы ажырасып кеттім. Қызым болып еді, жастай қайтыс боп кетті. Содан жалғыз ұлмен қалдым. Бертін келе балам да ержетіп, отбасын құрды. Әлі күнге дейін қалада пәтер жалдап тұрады. Өзім кісінің үйін жағалап, біраз жүрдім. Бір кісінің үйінде қызмет жасап, паналауға тура келді. Кейін ол адам пәтерін сатып жіберді де, мен тағы да ел кезіп кеттім. Қайтесің енді... Баспана алуға мүмкіндік болмады», – деп бір кідіріс жасап алды да, әңгімесін әрі қарай жалғастырды. «Екі немерем бар.Соларды сағынамын. Қанша қиын күндерді бастан өткердім. Жалғыз ұлым мен оның ұрпағына сол қиындықтар жуымаса екен деймін», – деп аналық жүрекпен ақ тілегін де айтып қойды. Басқаша қалай сөз қозғарымды білмей, бір сәт дағдарып қалдым. Сәл ойланып алдым да, «Балаларыңыз келіп тұра ма?» деген сұрағымды қояр-қоймасымды білмей, әрең жеткіздім. Ол кісі осында келгелі баласын көрмегенін айтты.

«Несін жасырайын, бір кездері қатты ауырып, жалғыз ұлымның жалдаған пәтеріне барып тұрдым. Көп ұзатпай келін де мінезін байқатып, баға алмайтынын, бір сөзбен айтқанда, жақтырмайтынын сездірді. Осы кезде айтқан сөздері жаныма батып кетті. Шыны керек, көңілімде оларға деген реніш бар», – деп күрсінді Балкенже әже. Арада ауыр үнсіздік орнады. Сосын, «Олар келіп, кешірім сұраса?..» деген сұрағыма «Кешіремін ғой, балам» деп жауап берді жас жуып отырған көздері жарқ ете қалып. Терезе жаққа бір қарап қойды. «Жас кезімде бір қарттың «Кекшіл болма, текшіл бол» деген сөзі мықтап әсер етіп еді. Сол бір ауыз сөз әлі күнге дейін санамда жатталып қалды. Өз перзентіңді неге кешірмеске? Қателік кімде жоқ?», – деп аяқтады сөзін терезеге тағы бір қарап.

Үлкен кісілердің баланы еш уақытта құр қол қайтарғанын көрмедім өз басым.

Әйтеуір, қуантамын деп сақтап қойғаны болады. Бір сағатқа жуық әңгімелескен Балкенже әже сақтаған тәттілерін ұсынып, батасын беріп, ризашылығын білдірді. Сөйтіп, қариялармен қимай қоштастым. «Тағы бір келемін» дедім шынайы сеніп, жан сырын  ақтарған  жандарға. Бұл жердегі қариялардың көбі жан баласына көңілдегісін ашып айта қоймайды, ал енді бірі ақтарылып, жеңілдегенді дұрыс көреді. Негізі бәрінің де ішке бүккен бір-бір сыры бар. Әсіресе үлкендердің айтқысы келетін әңгімесі көп. «Дүниеде қуаты әлсіремеген, қай заманда да сөнбеген жарық – ата-ананың мейірімі» деген ой түйдім қайтар жолда.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале