3.08.2023, 10:01
Оқылды: 68

Бруцеллез вакцина мен гигиенадан «қорқады»!

Облыста бруцеллез ауруының таралуы – әлі күнге өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе бұл індет Казталов (458 мал індетке шалдыққан), Сырым (312), Тасқала (353) және Теректі (306) аудандарында өршіп тұр.

91a99843-3012-43a0-a55d-4f16d195dae8

Фото: pixabay.com

- Өңірде мүйізді ірі қара мен ұсақ мал арасында бруцеллез ауруы жыл сайын тіркелуде. Облыстық статистикалық деректерге сүйенсек, БҚО-да 923 000 МІҚ, 1 млн 598 мың қой-ешкі, 302 000 жылқы, 13 000 шошқа және 2500 түйе тіркелген. Жыл басынан бері  411 000 мүйізді ірі қара (МІҚ) бруцеллез ауруына зерттеліп, 3011-і оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар қан сынамасы алынған 498 000 ұсақ малдың 508-і осы індетке шалдыққаны анықталды. Биылғы бұл көрсеткіш МІҚ бруцеллезінің 0,2%-ға төмендегенін көрсетеді. Мәселен, былтыр осы кезеңде 3031 МІҚ-дан бруцеллез анықталды, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Абзал Бірәлиев. Бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен мал ет өңдеу кәсіпорындарына (ет комбинаты, сою пункті) тапсырылуда. Жергілікті жердегі ветеринариялық станса мамандары ауру малды мұндай кәсіпорындарға күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзім ішінде жеткізулері керек.

Абзал Серікұлының айтуынша, ел аумағында бруцеллезге қарсы вакциналауға рұқсат етілген. Мұндай вакцина Қазақстан Республикасында немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген және Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы ұсынған тізімде болуы тиіс. Сонымен бірге жануар иесі ветеринариялық дәрігерге малына екпе жүргізетінін 7 күн бұрын хабарлауы керек. Сондай-ақ мал иесі өзі таңдаған вакцинаның түрі мен оны қолдану әдісі туралы да мәлімет береді. Ветеринария нарығында МІҚ-ға арналған «РБ-51» (шт.82, 75,/79, шт.19) және  қой-ешкіге арналған «Рев-1» препараттары бар. Бруцеллезбен ауыратын малдың ауру қоздырғышы диагностикалық тексеру арқылы қан сынамасынан анықталады. Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға сәйкес жасы 12 айдан асқан барлық МІҚ, ұсақ мал көктем мен күзде диагностикалық зерттеуден өтеді.

Бруцеллез – әлемде белең алған, жануарлар мен адамдарға ортақ жұқпалы дерт, инфекциялық ауру. Ол сиыр, қой-ешкі, шошқа малының арасында жиі кездеседі. Аурудың ең басты белгілерінің бірі – мал іш тастайды, шуы түспейді. Індет ауру малдың несебі, сүті, ластанған төсеніш, құрал-жабдық, іш тастаған малдың қағанағы арқылы жұғады. Сондықтан тұрғындар малды күтіп-бағу кезінде жеке гигиена талаптарын сақтағандары жөн. Яғни төлдеген малдың қасында арнайы қолғап пен аяқ киім кию керек. Қолды сабынмен жуып, залалсыздандыру қажет.

Бруцеллезді ел арасында таратпас үшін мал иелері ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабының талаптарын орындаулары шарт. Бұл бапта жеке және заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы кесел-дерттердің алдын алу жөнiндегi  мiндеттерi жазылған.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары тұрғындардың бруцеллезбен ауыруы өңірде өзекті болып отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта Ақжайық ауданында – 11, Шыңғырлау ауданында – 6 адам, Жаңақала, Теректі, Тасқала аудандарында және Орал қаласында бір-бір адамнан ауру жұқтырған. Олардың 15-інің бұл індетті қойдан жұқтырғаны анықталған. Былтыр да осы уақытта 21 адам бруцеллезбен ауырған екен. Департамент мамандары мұндай тұрақты көрсеткішке тоқмейілсуге болмайтынын айтады. Мал иелері профилактикалық шараларды естен шығармағандары жөн. Бұл олардың отбасындағы өзге жандардың да ауру жұқтырмауы үшін қажет. Тұрғындар тек қайнатылған сүт ішіп, шала піскен етті жемеулері керек. Балаларды ауру малға жақындатпаған жөн. Ауру малды үйде союға болмайды. Қора-қопсыны дезинфекциялап, іш тастаған, өлі төл туған малды дереу ветеринар маманға көрсету шарт. Ең бастысы, қорадағы малды бруцеллезге жиі тексертіп тұру керек.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале