15.08.2023, 9:30
Оқылды: 49

Неге монополист тарифті 6 %-ға көтеруді сұрайды?

Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жергілікті атқарушы құрылымдармен және облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге Оралдағы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу қуат орталығына баспасөз-турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында өндірістік цехтардағы жөндеу жұмысы таныстырылып, биылғы инвестициялық бағдарламаның орындалу жайы сөз болды.

ТЭЦ ЖП4

– Монополист кәсіпорынның ұзақ мерзімді тарифі 2016-2020 жылдарды қамтыды. Содан бері 2023 жылдың 1 маусымына дейін инвестициялық бағдарламасыз жұмыс істеп келді. Ал 1 маусымнан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік қағидатымен жаңа ұзақ мерзімге 2023-2028 жылдарға арналған суды жылытуға және жылу қуатына тарифтердің шекті деңгейі бекітілді. Қосымша құн салығынсыз орташа сату тарифі 1 Гкал үшін 5 434,82 теңге деңгейінде бекітілді (өсім 14,02%). Оның қолданыс уақыты биылғы 1 маусымнан 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықты қамтиды. Көрсетілген мерзім ішінде аталмыш акционерлік қоғам тариф аясында 3,5 млрд теңге шамасында инвестициялық қаржы (амортизациялық аударымдар, тариф есебінен) қарастырды. Оның ішінде 2023 жылға 423 млн теңге бөлінген. Осы қаржыға жылу қуат орталығындағы қазандықтарға, жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, – деді аталмыш департаменттің басшысы Гүлжаз Қазбекова. Департамент басшысы кәсіпорын өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда кірістері негізсіз делініп, уәкілетті құрылым уақытша өтемдік тарифті бекіту туралы шешім қабылдайды. Яғни тариф төмендетіліп бекітіледі.

Тариф күні кеше бекітілгенімен, «Жайықжылуқуат» компаниясы жылу мен ыстық суға тарифті көтеруге тағы да өтініш берген.

«Бізге газ шығынын өзгерту туралы өтініш жолдады. «Табиғи монополиялар туралы» заңда кей жағдайларға байланысты табиғи монополиялар субъек-тісіне тарифті қолдану мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту құқығы берілген. Соның бірі – стратегиялық өнім бағасының өзгеруі. Биылғы 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасы өсті. Осындай өзгерістерге қарай монополист өз қызметтерінің құнын қазіргі қолданыстағы жаңа тарифтен 6%-ға көтеруді сұрайды. Мәселе қарастырылып, нақты шешім тамыз айының ортасында қабылданады», – деді Гүлжаз Қазбекова.

Шараға қатысушылар биылғы маусым айында іске қосылған суды салқындатқыш қондырғыны (градирня) көрді. Кәсіпорында үш бу турбинасы орнатылған. «Бұрын бұл қондырғы болмағанда турбиналарды Жайық өзенінің суымен салқындатушы едік. Өзеннен суды алып, пайдаланады, одан кейін кері ағызып жібереді. Бір жылда өзеннен 10 млн текше метр су алынып келсе, ендігі жерде жылына 6 млн текше метр су жеткілікті. Қазір қондырғы турбиналарды өзі салқындатып, өзеннен алынатын су көлемін азайтты. Жылына 4 млн текше метр өзен суын үнемдейді. Қазір жаз кезінде де үш турбинаның бірдей жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұрын судың тапшылығына байланысты бір турбинаны ғана іске қосатынбыз. Мұның өзі электр қуатының көлемін қосымша ұлғайтуға мүмкіндік берді», – деп жаңа қондырғының маңыздылығын түсіндірді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Бақытжан Әкімғожин.

 Бас директордың айтуына қарағанда, бүгінде бір турбина жұмыс істеп тұр. Қондырғы сағатына 600-700 тонна өндірістегі ішкі суды айналдырып, салқындатуда.

Оның негізгі шекті қуаты 8 мың тонна суды салқындатуға жетеді. Сондықтан кәсіпорын жұмыс ауқымын кеңейтіп жатса, қондырғының көмегі тиеді.

Жалпы кәсіпорынның өнді-рісте газды пайдаланатыны белгілі. «Жайықжылуқуаттың» газ үшін берешегі 800 млн теңгені құрайды.

«Суды жылытуға және жылу қуатына тарифтердің өскені жазда сезілмейді. Жылыту маусымы қазан айынан басталады. Сол кезде қаржылық жағдайымыз жақсарар. Газдың бағасы 15%-ға қымбаттаған соң, тарифтерді 6%-ға көтеру жөнінде ұсыныс бердік. Өйткені кәсіпорын шығынға батып, жұмыс істей алмайды», – деді Б. Әкімғожин.

Баспасөз-турына қатысушылар цехтағы 1-турбинаны жаңарту жұмысының барысын көрді. Жыл соңына дейін бұл турбинаны жөндеу аяқталуы керек. Үшінші турбинада ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қосымша жабдықтар да, соның ішінде су ысытқыштар, сорғы паркі жөнделуде. Жылуқуат орталығы жабдықтарының тозу көрсеткіші — 88%, құбырлардың ескіруі 50,4% шамасында. «Жайықжылуқуат» жылыту маусымына қызу дайындалуда. Кәсіпорын қарамағындағы жылу желісінің ұзындығы – 248 шақырым. Жылда өз қаражаты есебінен 5-6 шақырым жылу желісі жөнделеді. Бүгінде ТМ-2, ТМ-5 сынды екі жылу желісін жаңарту жобасы («Депо» көпірі мен «Сити-орталық» жағы) жасақталуда. Жоба сараптамадан өтсе, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Оралдың шеткі аудандарында 23 қазандық бар. Олардың жұмысы мен күтімі де осы мекеменің мойнында.

– Биылғы инвестициялық бағдарламада көрсетілген шаруаның барлығын жыл аяғына дейін орындаймыз. Біраз жұмыстың атқарылуы мемлекеттік сатып алу порталындағы қажетті материалдарды сатып алу рәсіміне байланысты. Қысқы маусымға дайындықты бастағанымызға бір ай болды, әзірге дайындық – 30%, – деді бас директор.

Өткен жылы Павлодар облысының Екібастұзында, одан кейін Қостанайдың Арқалығында жылу қазандықтары жарылып, шаһарлардың жылусыз қалғаны мәлім. Баспасөз-туры барысында сол келеңсіз жағдайлар еске түсті. Алайда стратегиялық нысанның, жылуқуат орталығының қысқы маусымға қызу дайындығын көріп, көңіліміз бірленгендей болды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале