Шілденің шіліңгірі жердің апшысын алып, шөпті қуратып, қуырып тұр. Жаз айының нағыз аспан айналып жерге түсер осынау шағын қазақ «Қырық күн шілде» деп атаған. Сол ми қайнатар қырық күн шілдеде дүниежүзілік Біріккен Ұлттар Ұйымының метеорологиялық қызметі биылғы 2023 жылдың жазында әлемнің әр қиырында 60 жылда болмаған ыстық қайталануы мүмкін деген хабарлама жасады. Оған қоса магниттік дауыл қаупінің де ықтималдығын айтып, халықты кездейсоқ жағдайлардан сақтандыруда. Құдайға шүкір, еліміз бұл сынақтан аман-есен өткен секілді.
«Жұт қырған қара қойын, қарасирақ» демекші, жеті ағайынды аталатын тілсіз жау қазақ жерін де айналып өткен жоқ. Қостанай, Абай т.б. облыстарда тұтанған қызыл жалын бірнеше гектар орманды алқапты жайпап, тып-типыл еткен жоқ па?
Алайда «Жаздың бір күні қыстың бір айын асырайды» деген қағиданы ұстанған халықпыз ғой. Шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан, Батыс Қазақстан облысына іссапармен бардым. Тарихпен тамырлас, өмірмен өзектес өлкеге табан тіреп, ардагер әріптестеріммен қауышып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде келелі әңгіме қозғап, киелі топырақтың тарихынан сыр шертудің сәті оңынан оралды. Жымпиты, Хан ордасы, Бөкей ордасы, Орал қаласы тағы басқа көптеген елді мекеннің мекемелеріне ат басын тіреп, халықпен шырайлы жүздесулер өткізіп, лекциялар оқып, ардагерлер ұйымдарындағы шешілмей жатқан мәселелерге ақыл-кеңес бердім.
Соның ішінде Алаш ардақтылары – Жаһанша, Халел Досмұхамедовтердің ізі қалған, Алаш қайраткерлерінің мұраларына арналып ірі халықаралық конференциялар өткен, Алаш қайраткерлерінің бюст галереясы орнатылған музейде болып, Алашорданың батыс бөлімінің астанасы атанған Жымпиты – Сырым ауданында болудың сәті түсті.
Жымпиты, Әз-Жәнібектің есімін иемденген Жәнібек ауданы, ішкі орда ханы Бөкей негізін қалап (1801 ж), оның ұлы Жәңгір хан өз қолымен тұрғызған Хан ордасына барып, мол тарихпен таныстық. Осы орайда Алашорданың рухани көсемі, «екі дос» аталған Халел мен Жаһаншаға батасын беріп, білім жолына аттандырған Қуанай хазірет Қосдәулетұлы жайлы да айта кетсек, артық болмас. Қуанай хазірет Бұқара мешітінде тәлім алған. Ая-София мешітінің имамы қызметін атқарған. 1914 жылы Меккеге қажылыққа барып, қажылық парызын өтеген. 1916 жылғы маусым Жарлығы кезінде Алаш көсемі Ә. Бөкейханның «Қазақ баласы майданға барып, соғыс тәртібі мен өнерін үйрене берсін, үкіметке қарсы шығып қырылмасын» деген ойын қолдап, алаштықтармен бірге жұмыс істеді. 1926 жылы Уфа қаласында өткен мұсылмандардың III сиезінде баяндама жасайды. Кейін оның да басына қара бұлт үйіріліп, қудалауға түсіп, Ойыл үкіметінің мүшесі, заманының сауатты, білгір тұлғасы болған Хасан хазірет Нұрмұхамедұлы екеуі тұтқындалды... 1928 жылы Кеңес Үкіметі мешіттерді жапты да Қуанай хазіретті Курск губерниясына жер аударып, сол кездегі «үштіктің шешімімен» жалғыз ұлымен бірге ату жазасына кесіп, 1937 жылы 5 желтоқсанда қатты ауру Қуанайды зембілмен түрмеге әкеліп, үкім орындалған.
Қазақ халқы қарттарды, қарияларды көптi көрген, ақыл тоқтатқан ел сыйлысы, қазынасы деп қадiрлеген. Қандайда бiр дау-дамай туса, қандайда бiр iске ақыл-кеңес керек болса, осы қарияларға жүгiнген, олардың шешiмдерiне тоқтаған. Алысқа сапар шексе де, алдымен, осы қариялардың алдынан өтiп, батасын алып аттанған. Сол себепті де «Қарттарым – асыл қазынам» деген сөз бекер айтылмаған.
Ауылдың іргесін шайқалтпай, бірлігін жарастырып жүрген қарттарымыз да баршылық. Соның бірі — Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің тізгінін ұзақ жыл ұстап келе жатқан Уәлиев Аманкелді ақсақал. Бұл кісі – ісіне мығым азамат. Оған айғақ – ардагерлер кеңесіне бас сұға қалсаң, әрбір бастауыш ұйымына арналған құжаттар жинақталған папкалар, түрлі алқа мәжілістерінің хаттамалары, аудан, облыс, ел өміріндегі елеулі оқиғалар жайында қосымша материалдар, жекелеген еңбек адамдарын насихаттайтын плакаттар мен брошюраларды көріп, кәдімгі музейге келгендей күйге енесің.
Ауыл ардагерлері күнде осында келіп, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрады, сыр шертіседі, толғақты мәселелерді талқылайды, шахмат, дойбы ойнайды. Бас ауырып, балтыр сыздап бара жатса, қан қысымын өлшеп, қажетті дәрі-дәрмектерін қабылдайды. Не керек, ардагер қауымға деген қамқорлық жасалған.
Ел тарихын санасына зерделеп, тереңнен толғап, зерттеп жүрген Аманкелді ақсақал «Аудан аты тегіннен-тегін Жәнібек есімімен байланыстырылмаған» дейді. Оған себеп, Алтын орда хандығы, астанасы Берке, осы өңірге жақын және Ноғай ордасы да онша қашық емес. Осындай тарихи жер атауларының ортасынан ойып тұрып орын алған Жәнібек ауданы жатыр. Мұнда аудан атына ие ұлы тұлға – Әз-Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бірде хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» деген сауал тастағанда «Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді, аспандағы ай мен күн өлмейді, әлемде қара жер өлмейді» деп жауап қатқан екен билері. Сонда Жиренше шешен:
«Ағын судың өлгені, алты ай қыста қатқаны, Асқар таудың өлгені, басын бұлт жапқаны, Ай мен күннің өлгені, еңкейіп барып батқаны, Қара жердің өлгені, қар астында жатқаны. Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны, дүниеде не өлмейді — жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп тереңнен толғаса керек.
Бөкей ордасы бой көтерген аймақ шаңы аспанға көтеріліп жататын құмдауыт жер болатын. Сол құмды далаға ағаштар отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын қолға алудың арқасында жасыл орманға айналды. Айта кету керек, Жәңгір хан — заманынан озып туған ірі тұлға. Ресейде білім алып, қазақ жерінде мектеп, дәріхана, емхана, мешіт ашып, Ресейден дәрігер, мұғалім, ауыл шаруашылығы мамандарын шақырып, халқына адал қызмет еткен мемлекет қайраткері. Сол заманда аталмыш хан сарайы – шеберлердің қолынан шыққан, көздің жауын алатын жиһаздармен толықтырылған европалық үлгідегі ғимараттың бірі болған. Музей Бөкей ордасының білім беру тарихымен, оқыту жүйесімен, ұстаздармен, тарихи жәдігерлермен жабдықталған төрт залдан тұрады.
Кең аймақты алып жатқан өлкені біліммен толықтай қамту мүмкіндігі болмағандықтан, Қалмақ, Қамыс-Самар, Нарын, Талов, Тарғын қисымдары мен I және II Теңіз жағалауы аймақтарында бір кластық қисымдық мектептер ашылған болатын. Мәселен, Жәңгір училищесі, Тарғын мектебі, Қыздар училищесі. Соның нәтижесінде Жәңгір хан училищесі Бөкей ордасы мектептеріне әдістемелік басшылық беретін орталыққа айналды.
Жәңгір хан осы училище үшін әдейі үй салдырып, оқу орнына қажетті қаржы мен мұғалімдердің еңбекақысын өз қаражаты есебінен төлеп отырған. 1848 жылы 22 наурыздан бастап Жәңгір училищесі мемлекет қарауына алынып, жылына 1404 сом қаржы бөлініп тұрған. Ал 1879 жылы мектеп Халық ағарту министрлігінің 2 кластық училищесі болып, 1905 жылы 4 кластық қалалық училищеге айналды. 1920 жылы училище негізінде Бөкей халық ағарту институты атанып, жұмысын бастады. Араға жылдар салып, 1923-1928 жылы педагогикалық техникум, 1936-1939 жылдары орталау мектеп ретінде қайта жасақталып, М. Горький есімімен аталды. Еліміз егемендік алып, дербес мемлекет болғаннан кейін 1999 жылдың 9 желтоқсанында мектепке Жәңгір хан есімі беріліп, ақиқат қалпына келтірілді.
Алғаш ашылған кезде мектеп табалдырығын 25 оқушы ғана аттаған болса, 180 жылдай тарихы бар білім шаңырағынан 10 мыңдаған түлек түлеп ұшқан. Осы ұядан қанат қаққан шәкірттер арасынан Кеңес Одағының Батыры Т. Масин, А. Құсайынов, генерал Ш. Жексенбаев, ғалымдар — А. Тайманов, Ғ. Бияшев, Ф. Мұхамедқалиев, Ә. Ыдырысов, Х. Бөкейханов, қоғам және мемлекет қайраткерлері — М. Дайыров, А. Дауылбаев, М. Сапарғалиев, өнер майталмандары — Х. Бөкеева, Ш. Қажығалиев, ұстаздар — А. Тажетдинов, Ғ. Зарипов, А. Меңдәлиев, М. Кульбацкая сынды танымал тұлғалар шығып, еліміздің мақтанышына айналды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, 1835 жылы Жәңгір ханның жобасы бойынша биік күмбезді мұнарасы бар, қабырғасы қызыл кірпіштен қаланған мешіт салынды. Қазір бұл ғимарат Хан мешіті деген атауға ие. Онда Жәңгір ханның өзі тағайындаған ахун мен екі молда қызмет жасаған. Ал ахун қызметін Жабар Хаматов табаны күректей жиырма жыл бойы атқарса, азаншы-молда Ғұбайдолла Башаров, молда Тажиддин Ғабдолжалялов болған екен.
2001 жылы Бөкей ордасының 200 жылдығына орай Хан мешіті жөндеуден өтіп, мемориалдық музей ретінде жаңаша жасақталып ашылды.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, тілге тиек ете кетерлік бір жайт, күйші, композитор, сұлтан Дәулеткерей Шығаев — 1881 жылы Бөкей ордасынан III Александр патшаның қабылдауына барған төрт қазақтың бірі. Мақаш әкім Өтешқали Атаниязұлы екеуі киіз үйдің макетін алтыннан соқтырып, патшаға табыстап, «Қазақ халқын шоқындырып, мұсылмандық ұстанымнан айырмаңыз» деген талап-тілектерін алға тартқан.
Қазақтың баһадүр ұлы Мұхамбет-Салық Бабажанов 1871 жылы дүниеден озғанда Дәулеткерей Шығаев «Салық өлген» атты жоқтау күйін шығарған. Салық Бабажанов — Ресей географиялық қоғамының мүшесі, этнограф, ағартушы, ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым. Не бары 39 жасында жұлдыздай ағып түсті. Қазақ қоғамына сүбелі үлес қосқан адал перзенттің бірі. Бөкей ордасында 45 жылдай басшы қызметте болған қазақтың қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, досы Мақаш әкім – Мұхамбетжан Бекмұхамбетов (1830-1904) Салықтың қазасын естігенде «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше, халық өлді десейші, Салық өлді дегенше, алып өлді десейші» деп жоқтаған екен. Бұл кісі туралы қазақтың найзағай ақыны Е. Раушанов «Сарыөзен» атты поэма жазды.
Біз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы бекем ұстанған халық емеспіз бе?! Сол қағидаға сай қазіргі ұрпақтың жасаған сауапты ісі – Жәңгір хан кесенесін қайта жаңартты. Кесене қабырғалары Маңғыстаудан әкелінген ұлутастармен көмкеріліп, К. Демесінов шебердің жетекшілігімен салынған.
Казталов ауылына кіреберісте «Бесеудің хаты» атты скульптуралық кешен бой көтерген екен. Бұл ескерткіштің туу тарихы қалай болған? Өздерінің атақты жерлестерінің атын да, халқы үшін атқарған қызметін де ұмытпай, ұрпақ жадында жаңғырсын деп осындай аталы шаруа атқарылған еді. Сәл тарихқа шегініс жасайық.
Сталинге жазылған атақты «Бесеудің хаты» туралы осы күні көзі қарақты оқырман хабардар. Туған елінің қиын жағдайын ойлап, өз бастарын қатерге тігіп, шыбын жандарын шүберекке түйіп шыққандар – Мүсірепов, Ғатаулин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев еді ғой. Олардың жарқын есімдерін жер бетінен жоғалып кетпесе, қазақ ұмытар ма?
Осы жылдардағы жедел өткізілген ұжымдастыру, халықтың аштан қырылуы, қарсы шыққан ел азаматтарын аяусыз қырып, атып-асу шектен тыс кең көлемде жүргізілді. Бірақ солар туралы тереңірек білгісі келген оқырманға дерек тапшы болушы еді. Бір Ғабит Мүсіреповтен басқасының атын білгеніміз болмаса, затын біле қоймайтынбыз.
Осы олқылықты байқап, кезінде «Рухы биік тұлға» атты кітабымды жазып, ол бесеудің бірі Мүтәш Дәулетқалиевқа арналып, Шерхан Мұртаза ағамыздың алғысөзімен жарық көрген болатын. Кітапты оқыған кісі М. Дәулетқалиевтің өмірінде болған көптеген дерекпен танысады. Оның Батыс Қазақстан облысындағы Орда өңірінде өмірге келгені, 1930 жылы Мәскеудің Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын бітіргені, содан елге келіп, түрлі салада басшы қызметтер атқарғаны белгілі. Ал «Бесеудің хаты» жазылған 1932 жылғы 4 шілдеде ол КомВУЗ-дың (кейіннен Жоғары Партия мектебі болған) ректоры қызметінде болған екен. Әлі 1937 жыл болмағандықтан, Голощекин қанша тісін қайраса да, олардың басын жойып жіберуге құдіреті жетпей, тек «оппортунистер» деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Мүтәш ағамыз Арал қаласы парткомының бірінші хатшысы қызметіне «жіберіледі». Одан қайтадан Алматыға келіп, Қазақ өлкелік комитетіндегі мәдениет бөлімін басқарады. Бұл қызметте де шыдатпай, Қордай аудандық партия комитетіне хатшы боп кетеді. Әйтеуір, 1933 жылы Қазақстаннан кетіп, көзі жоғалғанша Голощекин оның соңына әбден түскен екен. 1938 жылы Мүкең «халық жауы» деген жаламен ұсталады… Қалған өмірін кітаптан оқыр деген ниетпен әрі қарай жазбадық. Тек оның 1982 жылы Алматы қаласында өз ажалынан дүниеден озғанын білдіре кетелік. Аталмыш кітапта оның ата-бабасы, туған-туыстары, бала-шағасы туралы да деректер бар. Бір сөзбен айтқанда, Алаштың бір арысын танытуда кітаптың пайдасы зор. Сонымен бірге «Бесеудің хатының» Президент мұрағатынан алынған түпнұсқасы да осы еңбекте еш өзгеріссіз жарияланған.
Жалпы алғанда әңгіме Орал өңірі туралы болғандықтан, осы жолдардың ауторы ретінде өңірдің көптеген адамымен жүздесіп, туған жерді көркейту үшін қолдан келген көмектерін аямайтын азаматтармен танысып, әңгіме-дүкен құрғанымды айта кеткенім жөн.
Мысалы, Жалпақтал ауылында бір жақсы дәстүр қалыптасқан, бұдан он, жиырма, отыз жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен түлектер туған ауылына келіп, өздері оқыған мектепте болып, ұстаздар қауымымен кездесуді дағдыға айналдырған. Ондағы ойлары көптен көрмеген сыныптастармен сырласып, шай ішіп тарқау емес, ауылымыздың абаттана түсуіне өз үлесімізді қосайық деген ізгі ниеттерін іс жүзінде жүзеге асыру болатын.
Көп ұзамай бұрынғы түлектер мешіт салуды қолға алып, ол қазір ауыл тұрғындарының рухани орнына айналыпты. Әр жылдары мектеп бітірушілер бұдан кейін де ауылды көркейту жұмыстарын жалғастыра берді. Атап айтар болсақ, табыс-кірісі аз отбасыларға ортадан қаржы шығарып, үй салып беру, мектеп жанынан спортзал құрылысын аяқтау, елді мекенге жарық жүргізуді қолға алып, ақырына дейін жеткізу, көшелерді абаттандыру т.б. Мектеп түлектерінің игілікті істері осылай тізіліп кете береді.
Осы мектептің түлегі Шамғунов Жанарбек Тілемісұлы қауіпсіздік комитетінде ұзақ жыл еңбек етіп, полковник дәрежесінде зейнетке шыққан. Қазір Орал қаласында адвокат болып қызмет атқарады. Ол өзінің туған ауылы туралы беріле әңгімелеп, былай деп сыр шертеді:
– Біз мектеп бітіргенде 24 оқушы едік. Сол жылы бәріміз де жоғары оқу орнына түстік. Бір сыныптасымыз Мәскеуден жоғары оқу орнын бітіріп, Африка құрлығының университетінде мұғалім болып жұмыс істейді. Біздер мектепте жиналған кезде төрт ұстазымызға теледидар алып бердік. Қазір ауылда салынған көпірді күрделі жөндеуден өткізуді қолға алдық. Осылайша туған ауылымызға қолдан келген көмегімізді жасаймыз, – деді ол.
Ақпәтер (Бір тартар) елді мекенінің белгілі азаматы, кезінде партия қызметкері болған, совхоз басқарған, ұстаз болып қызмет атқарған Өтеғұлов Кәрім — табиғатынан мұқият жан. Осы елді мекеннің тарихын, даңқты адамдары туралы әңгімелерді, ел арасында айтылатын түрлі аңыздарды жинай жүретін әдеті бар. Тіпті сол жинағандарын кәдеге жаратып, ауылдан музей де ашты. Осылайша жылдар бойы тірнектеп жинаған материалдары ауыл адамдарының, мұнда келген қонақтардың, ауыл жастарының дүниетанымын кеңейтетін рухани орынға айналып шыға келді.
Осы орайда қай қоғамда да, қай заманда да ұрпақ тәрбиесі ерекше мәні бар мәселе екенін және бір еске сала кеткеннің артықтығы жоқ. Аға ұрпақты алаңдататын жағдайлардың бірі – «Бізден кейін біздің орнымызға кімдер келеді, қандай дайындықпен келеді, немен шұғылданады?» деген сұрақтар. Сондықтан да ұлттық сананы жаңғырту үдерісі үнемі назарда болуы керек.
Ел Президенті Қ. К. Тоқаев Түркістанда өткізілген Ұлттық құрылтайда бала, ұрпақ тәрбиесі, балалар туризмі, секциялар мен үйірмелер ашу, адам құқықтары бойынша мектеп сабақтарын, балаларға арналған кітаптарды басып шығаруды жандандыру, тағы басқа көптеген мәселе ұсынды.
Бұл ретте, жоғарыда айтқанымыздай, өзіміз іссапарға барып қайтқан Батыс Қазақстан облысының әкімі болып қызметке кіріскен Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев осы мәселелерге терең мән беріп, өңірдің тарихын, бай рухани мұраларын жастар тәрбиесіне пайдалану концепциясын жасауға кірісіпті.
Мысалы, биыл Жайық өзенінде су көп. Алайда жылда бұлай бола бермеуі мүмкін. Сондықтан қарауындағы тиісті орындарға облыс аумағындағы су сақтау қоймаларына су жинақтау мәселесін шешуді тапсырды. Кейбір ауылдарда жарықтың болмай қалуы, қолда бар электр стансаларының қуаты жетпеуі сияқты мәселелерді шешу үшін шетелдіктермен келіссөз жүргізіп, шағын электр стансаларын алу мәселесіне, Әділетті Қазақстан құру үшін қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын үйлестіру туралы азаматтық форум өткізіп, облыстың қоғамдық ұйымдары алдында тұрған мәселелерді де сараптап алды.
Облыс басшысы өңірдің экономикалық, әлеуметтік мәселелеріне жіті назар аударумен бірге, облыс халқының рухани жағынан кемелдене түсуіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Соның ішінде жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге баса назар аударылуда. Бұл бағытта атқарылар шаралар аз емес. Әсіресе жас ұрпақты ата-баба рухында тәрбиелеуге басымдық беріледі.
Мысалы, арғы тарихты қозғамағанның өзінде берідегі Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым аудандары, өлкенің тарихи ұлы тұлғаларының ел бостандығы, бірлігі, тұтастығы туралы лекторийлар, ғалымдармен кездесулер өткізіп, теледидардан «Өлке тарихын білесің бе?» атты хабарлар ұйымдастыру ата-баба дәстүрін білімді ұрпақтың одан әрі жалғастыруы болмақ. Сондай-ақ өлкетанушылардың қатысуымен «Батаменен ел көгерер», «әз-Наурыз», «Ғибратты керуен», «Қымызмұрындық», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» тәрізді ұлттық жобаларға жаңа мазмұн беріп, солардың аясында жыл сайын ауқымды шаралар өткізу де қолға алынбақ. Мұндай іс-шаралар жастарды адалдыққа, инабаттылыққа, Отанын сүюге тәрбиелеуде таптырмас құрал болмақ.
Кейінгі жылдары облыстық және қалалық ардагерлер ұйымдарында жұмыстың алуан түрі – қоғамдық, саяси, спорттық іс-шаралар өріс алуда. Әсіресе жастар арасындағы тәрбие жұмысында қарттардың белсенділігі артқаны байқалады.
Облыста Билер кеңесін құрып, оған тұрақты сипат беру, «Шешендік сөз өнері» сияқты сайыстар ұйымдастыру, «Сырым би», «Шешен сөздің, көсем сөздің көзі – халық» деген тұрғыда жарыстар ұйымдастыру арқылы ата-баба дәстүрін бүгінгі жастардың санасына ұялату – басты мақсат.
Өмірзақ Озғанбаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор