Жуырда облысқа ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді. Министр мырза алдымен «Батыс су арнасы» ЖШС-на барды.
«Тарифті көтеру – төте жол»
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Әнуар Әркенов кәсіпорын қарызының бастан асып, мәселенің қордаланып қалуына коммуналдық тарифтің төмендігі себеп деді. «Қазір кәсіпорынға тиесілі тарифтің мөлшері өте төмен. Тұрғындар үшін 1 текше метр судың бағасы – 41 теңге, ал кәріз желісінің тарифі – 44 теңге. Бұл – республика бойынша облыс орталықтарындағы ең төменгі тарифтердің бірі. Мысалы, жеке тұлғалар үшін 1 текше метр судың бағасы Қарағандыда – 103 теңге, Шымкентте – 100 теңге. Тарифтің төмендігінен кәсіпорынның қарызы артты. «Батыс су арнасының» кредиторлық қарызы – 1,7 млрд теңге. Жұмысшылардың жалақысы өте төмен, яғни орташа жалақы – 120 000 теңге шамасында. Сондықтан да кәсіпорында жұмысшылар тұрақтамайды.
Бекітілген тариф сметасы бойынша ағымдағы және жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат та көңіл көншітпейді. Себебі қаражат желілер мен жабдықтарды тиісінше күтіп ұстауға жеткіліксіз», – деді Әнуар Әркенов. Кәсіпорын бас директорының айтуынша, соңғы 10 жылдан бері кадр тапшылығы, төмен жалақы, 60-65 пайызға тозған инженерлік-техникалық кешен мәселесі көтеріліп келеді. Мысалы, су тазартатын қондырғы орналасқан ғимарат 1963 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ешбір жөндеу көрмеген. Қазір монополия субъектісі құзырлы мекемеге тұрғындар үшін 1 текше метр судың бағасын 80-85 теңгеге көтеруді ұсынған. Ә. Қуантыров кәсіпорынның тарифті көтеру жөніндегі өтініштері қабылданған соң, барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
Бұдан кейін министр мырза ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінде болды. Онда мекеме басшысынан монополия субъектілеріне қатысты қандай мәселелер бар екенін сұрап, тарифтік саясат және инвестициялар тарту жөнінде айтты. Министр тариф белгілеу мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Ұшақ билеттері қымбат»
Министрдің жұмыс сапары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық филиалында жалғасты. Мұнда Әлібек Қуантыров кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
«Үкіметтің мақсаты – халықтың базалық мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуіндегі өңірлік сәйкессіздікті азайту. Өңірлік стандарттар жүйесі бар. Соған сәйкес елді мекендер, шағын және моноқалалардың барлығы ең төменгі стандарттарға сәйкес келуі тиіс», – деді Ә. Қуантыров.
Жиында өңірдің бизнес өкілдері құрылыс саласын одан әрі дамыту туралы өтініш жасады. Сондай-ақ демеушілік көмек көрсету кезіндегі салықтық жеңілдіктер мәселесіне тоқталды. Осы орайда министр жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленіп жатқанын, онда салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға баса назар аударылатынын атап өтті. «Салют Орто КЗ» ЖШС-ның директоры Геннадий Франк мемлекет-тік сатып алуға қатысу үшін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішін (ЭҚЖЖ) әзірлеуді сұрады (Қазақстан Республикасы экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар туралы мәліметтерді жүйелейді – авт.).
«Жалпы, шағын және орта бизнесті дамытамыз десек, бюрократия болмауы керек деп санаймын. Сіздің ұсынысыңызды Қаржы министрлігімен және басқа да мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп қарастырамыз», – деді министр.
«Eurasian trend» ЖШС-ның директоры Биболат Хайрушев ұшақ билеттерінің қымбаттығы, билет құнын субсидиялау жөнінде мәселе көтерді.
«Орал қаласы орталық қалалардан шалғайда орналасқан. Ал Алматы, Астана қалаларында оқитын батысқазақстандық студенттер көп.
Бүгінде біздің өңірдің тұрғындарына әуе кемесімен қатынау өте қиын боп тұр. Мысалы, Алматыға пойызбен екі тәулік жарымдай жүреді. Оның өзіне билет тапшы. Ұшаққа жүксіз отырса, билеттің құны 65 мың теңгеден асады. Жүгі бар болса, билет құны 85 мың теңгеден көтеріліп кетеді. Бұл, әсіресе, студенттерге, олардың ата-аналарының қалтасына сөзсіз салмақ салады. Көрші Ресей елінде әуе компанияларына субсидия төленетінін білеміз. Біздің облыста да осындай мемлекеттік қолдау болса немесе қосымша әуе рейстері ашылса дейміз. Бұл бәсекелестікті арттырып, билеттің бағасын арзандатуға да себеп болар еді», – деді Биболат Өтегенұлы.
«Дұрыс айтасыз, әуе қатынасы саласында мұндай мәселенің бар екені рас. Біз осы сапарымызда Оралға барып-келуге билетті 140 мың теңгеге сатып алдық. Әрі ұшақтың ұшатын уақыттары да қолайсыз екен. Сондықтан мәселені директорлық кеңесте көтеріп, құзырлы мекемелерге жеткіземін», – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар жиында шағын-орта бизнеске және электрокар өндірісіне мемлекеттік қолдау көрсету, білікті кадрлардың тапшылығы, туристік қызмет нысандарын реконструкциялау және басқа да мәселелер көтерілді.
Субвенция әділ бөлінуі тиіс
Бұдан кейін министр Әлібек Қуантыров облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Іс-шара барысында қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың табысын арттыру, мектептерді жөндеу мен салу, төртінші деңгейдегі бюджеттің кірісі туралы және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
«Биыл ауыл шаруашылығы мамандарының есебі бойынша шаруа қожалықтарына Орал популяциясындағы киіктер 7,9 млрд теңге мөлшерінде залал келтірген. Мұндай қаражат облыстық бюджетте жоқ. Сондықтан мал азығының тапшылығын шешу үшін осы соманы республикалық қазынадан бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Шаруалар қыркүйекке дейін мал азығын дайындап алулары керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл қаражатты бөлеміз дегеніне екі ай өтті. Қазір жем-шөпті жинамаса, желтоқсан айында малдың азығын қайдан табады?», – деп шаруалардың жанайқайын жеткізді депутат Нұртай Жұмашев.
Ведомство басшысы осы мәселе туралы Қаржы министрлігіне хабардар ететінін айтты.
Жиынды жүргізген облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Ербол Салықов бірқатар мәселені атады. БҚО-ны елдегі донор облыстардың бірі деп атап өткен ол республикалық бюджетке және Ұлттық қорға былтыр өңірден 1 триллион 800 млрд теңгедей ақша аударылғанын айтты. Ал жергілікті бюджетке барлығы 148 млрд теңге түскен. Облыста Қарашығанақ кен орны, ұлттық компаниялардың филиалдары бар. Осы компаниялардың филиалдары басқа тіркеуден өткен. Олар өздері тіркелген өңірлерге салық төлейді. Сондықтан БҚО бюджетіне салық аз түседі. Сол үшін ҚР Салық және азаматтық кодекстеріне өзгеріс енгізу керек деген ойын жеткізді. Депутат өңірге орталықтан бөлінетін қаражат субвенция есебінде қайтарылып отырса деген ұсынысын айтты.
«Елімізде жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі бар. Көрші облыстармен салыстырғанда БҚО-да жан басына шаққанда көп айырмашылық жоқ. Бірақ облыста елді мекендер көп. Бізде 416 елді мекен болса, Ақтөбе облысында – 156, Атырауда – 137, ал Маңғыстау облысында 60 шақты елді мекен бар. Бұл ауылдардың бәрінде халық тұрады. Оларға газ, су, жарық, аутожол, медицина қызметі мен білім ұясы керек. Сондықтан жан басына шаққандағы қаржыландыруды өңірдің нақты жағдайына қарай есептеу керек деп санаймыз», – деді Ербол Ғұмарұлы.
Сондай-ақ ол төртінші бюджетті қалыптастыруға қатысты ұсынысын жеткізді.
«Ауылдық жердегі бюджетке бар-жоғы 2-3 млн теңге жиналады. Ауылды көгалдандыру, жолдарды тегістеу сияқты жұмыстарды атқаруға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі. Бұл рәсімге өзге өңірлердің компаниялары да қатысады. Біз осы жұмысты жергілікті жердегі шаруа қожалықтарының атқаруына мүмкіндік берілсе дейміз. Мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы осы мәселенің жан-жақты қаралғаны жөн болар еді», – деді Ербол Салықов.
Алдағы 3-4 жылға облыстың энергетика саласына 20 млрд теңге қарастырылғанын, бірақ оны пайдалану үшін басшылыққа алатын бюджеттік бағдарламаның жоқ екенін еске салды.
Бұл ретте ведомство басшысы барлық өңірдегі теңгерімсіздікті жою бағытында жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Ә. Қуантыров «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті. Депутат Азамат Бисенов шекаралас ауылдардағы тұрғындардың ресейлік телеарналарды көретінін, байланыс желісі де көрші елдікі екенін айтты. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселені назарға алуды ұсынды. Сондай-ақ Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында қызмет етіп жүрген шекарашылардың пәтер жалдап жүргені де тілге тиек болды. Кездесу соңында министр Ә. Қуантыров депутаттардың белсенділігі үшін алғыс айтып, барлық мәселе жергілікті билікпен және жауапты мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп пысықталатынын айтты.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»