29.08.2023, 10:30
Оқылды: 93

Бейбарыс сұлтан туралы не білеміз?

«Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым.

70e97808-bd84-400c-aceb-d3744a71a333

Фото: baq.kz

Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан шаһарында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың  алқалы жиынында сөйлеген сөзінен «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді қазақ. Десек те, бөтен елде сұлтан болып, тарихта қалған тұлғалар да бар. Өз заманының озық ойлы оғланы, Ислам құтқарушысы атанған дарынды қолбасшы, ана тілінде сөйлеп, ата дәстүрін сақтаған Атырау топырағының тумасы Рукнуддин Бейбарыс әл-Бундуқтари­дің өмірі – бұған айқын дәлел. Ол – 14-15 жасынан құлдыққа түсіп, Мысыр мен Шам сұлтаны Наджмуддин Аюптың назарына ілігіп, оның әскері сапында 40 қамал алған батыр. Әрі пирамида үстіне киіз үй тіккен, асқақ абыройына масаттанбаған мәмлүк билеушілерінің ішіндегі ең даңқты қолбасшы. Алғашқы діни оқу орнын салдырып, мұсылмандарға шынайы қамқорлық көрсеткен де осы Бейбарыс. Сол баһадүр бабамыздың әр жеңісі мен жетістігіне байланысты оның есіміне бірнеше атау қосылып отырған. Мысыр мен Шамды қамтыған билік иесі Бейбарыстың ресми толық аты-жөні – қаһарлы патша, кейіннен нағыз патша, айбатты арыстан Абулфутух Рукнуддин уа дуния Бейбарыс бин Абдулла әл-Бундуқтари ас-Салихи ан-Наджами ал-Аюби әл-Ханафи ат-Турки. Енді осы аталғандардың ішінен әл-Ханафи мен Рукнуддин есіміне толығырақ тоқтала кетейік. Жалпы әл-Ханафи есімі сұлтанның Ислам дінінің Ханафи мәзһабын ұстанушы екенін көрсетеді. Ал Рукнуддин «Рукн» cөзінен шыққан. Арабшадан аударғанда «негіз», «тіреу» деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл есім дін тірегі, қорғаушысы дегенге саяды.

Иә, Бейбарыс сұлтан өз халқының тек материалдық жағдайына ғана емес, сонымен қатар діни білімін жетілдіруге, адами қасиетін шыңдауға айрықша мән берген. Ибн Касир ол туралы: «...Шарап ішуге тыйым салды, жезөкшелікті тоқтатты. Бар күш-жігері мен қуатын жемқорлықты, кесір мен бұзақылықты жоюға жұмсады», — десе, тарихшылар Бейбарыс сұлтан ораза кезінде 5000 адамға ауызашар беретіндігін жазған. Ал енді жетімдерді тамақ, киіммен қамтамасыз етіп қана қоймай, діни медресе жанынан олар үшін Құран оқыту мектебін ашқан. Араб тарихшысы Ибн Шаддадтың: «Бейбарыс бес уақыт намазын жолға шықса да, қаза етпейтін. Қасындағы мәмлүктерге де арнайы мұғалім тағайындап, намазға жығылуларына жағдай жасайтын», – деген сөздерінен де оның Алланың парыздарына ыждағаттылықпен қарағанын аңғару қиын емес. Сосын, моңғол шапқыншылығынан халифат жойылып, Мекке басшысының татарлармен ауыз жаласуы салдарынан 12 жыл үзілген қажылықты да қайта жандандырған. Мұсылман жерлерін дінсіздерден тазартып, оның қайыра бүр жаруына қосқан үлесі де орасан. Сондықтан «Рукну-д-дуния уа-д-дин» - дүние һәм дін тірегінің титулы – Бейбарыстың еңбегіне берілген лайықты баға. Сұлтанның бұл титулы Каир қаласындағы Бейбарыс медресесінің бізге жеткен бөлігіндегі мешіт қақпасына бекітілген тақтайша мен Каирдың әл-Хусейния ауданында орналасқан Ислам өнері музейі қабырғасына қашалып жазылған.

Шынында, Бейбарыс сұлтан – Мысыр елінің сәулет өнері мен Ислам өркениетіне өшпестей із қалдырған адам. Әрі ол басып алған немесе қайтарып алған елді мекендер мен қалаларда кем дегенде бір мешіт салдырып отырған. Бұдан бөлек Мысыр мен Шамның қалалары мен ауылдарында медреселер мен салтанатты сарайлар һәм тұрғын үйлер көтерген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинадағы күмбезі мен Иерусалимдегі Қубба ас-Сахра мешіттерін жөндетуге де атсалысқан. Бір өкінішті жағдай, өзі салдырған медресенің тек қақпасы ғана сақталған. Осы жерде Ислам әлеміндегі, бәлки, дүниежүзіндегі  алғашқы діни оқу орны саналатын Каир қаласындағы әл-Азһар («Жарқыраған мешіт») университетінің мешітін қалпына келтіріп, құтпа орнатқанын да айта кеткен артық болмас. Онда күні бүгінге дейін қаншама мұсылман бауырларымыз дін жолын үйренуге барып жатыр.

Каир қаласының сырт жағынан өз атына соқтырған мешіт туралы да бірер сөз. Оны сол замандағы үздік үлгімен, ең қымбат құрылыс материалдарынан тұрғызған. Бірақ кейіннен бұл ғимарат әртүрлі мақсатта қолданылып, алғашқы қалпы өзгеріске ұшыраған. Мәселен, Наполеонның Мысырға жорығы кезінде француздар оны қорғанысқа пайдаланса, Мұхаммад Әли деген Мысыр билеушісі әскери казармаға айналдырған. Ағылшындар наубайхана ретінде қолданған. Бір таңғаларлығы – Бейбарыс сұлтан осындай құлшылық мекендерін түрлі керек-жарақпен, ондағы қызметкерлерді киім-кешек, тамақ және жалақымен қамтамасыз етіп отырған. Мұндай әрекеттерді шариғатта «уақып» деп атайды. Ол – Алла жолында жасалатын жақсылықтардың бірі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Адамдар қайтыс болған кезінде бүкіл амалдары тоқтатылады. Бірақ үш амалдың сауабы тоқтамайды. Олар: жалғасын тапқан садақа, пайдалы ілім және марқұмның соңынан ұрпақтары бағыштаған дұға».

Сонымен, Мысыр өкіметі осынау тарихи мұраны қалыпқа келтіруді өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ғана қолға алады. Алайда қаражат жетіспеушілігінен жөндеу жұмыстары тоқтап қала берген. Тек Қазақ­стан тәуелсіздік алғаннан соң Бейбарыс мешітін жөндеуге атсалысып, мүмкіндігінше қаражат бөледі. Екі елдің бірлескен осындай іс-әрекеті арқасында әз-Захир Бейбарыс сұлтан мешіті қайта жөнделіп, биылғы маусым айының 4-ші жұлдызында оның салтанатты ашылуы өтті. Бұл – Қазақстан халқы мен Мысыр елінің Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай жасаған ерекше тартуы болды. Осы тұста еліміздің мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) жанынан уақып қоры ашылғанын көпке айта кетелік. Алла разылығы үшін қайырымдылықты неден бастарын білмей жүрген ізгі ниетті жандарға бұл үлкен сауапты қадам болары хақ. Түйін сөзге келсек, 17 жыл сұлтан болған Бейбарыс Ислам әлемінің ең ұлы патшаларының бірі екеніне еш күмән жоқ.

Наурыз Убаев,

«Қазақстан адам ресурстары» жеке мекемесінің теологы,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале