10.10.2023, 17:00
Оқылды: 32

Соңында өшпес ізі қалған

Біздің Жәнібек өңірінде еңбек етіп, өзінің өнегелі ісімен, тірлігімен елге танылып, сый-құрметке бөленген жанұялар баршылық. Солардың бірі – бүгінгі әңгімеге арқау болғалы отырған марқұм Өтеғалиев Аманкелді ағамыз.

Отегалиев (2)

Бұрында аталарымыз «Артыңда із қалу керек, із қалмаса сөз қалу керек» деген екен. Ағамыз пәни дүниеден өткенімен, оның артында өшпес із қалғанының куәгеріміз.

Ағамыз 1938 жылы Жәнібек ауданының Ақоба ауылында Шәкір атамыз бен Бәтима анамыздың отбасында дүниеге келген. Бұл жанұяда Сәруар, Әсима есімді екі қыз, Аманкелді, Есенкелді, Асқар есімді үш ұл өскен. Атамыз Бөкей ордасы ауданының Қарғалы ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, содан оралмаған. Анасы Бәтима жетім қалған шиеттей балаларын жетектеп, Калинин атындағы совхозда тұрып жатқан  бауырларының қасына қоныс аударған.

Аманкелді ағамыз 1956 жылы Жәнібектегі қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, 1960 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының малдәрігері факультетін қызыл дипломмен аяқтап, оқу орнының арнайы жолдамасымен еліне, Жәнібекке келген. Ағамыз алғашқы еңбек жолын М. Мәметова атындағы совхозда бастаған. Екі жылдан кейін оны Калинин атындағы совхозға бас мал дәрігері қызметіне тағындайды.

Отегалиев (1)

Өз шаңырағына оралған ағамыз анасын алақанына салып аялап, бауырларын қамқорлайды. Аманкелді ағамыздың бойындағы жұмысқа деген адал қасиетін сезген аудан басшылары оны 1965 жылы Ленинград қаласындағы білімін жетілдіру курсына оқуға жібереді. Сол жылы Кеңес үкіметінің колхоздарды ірілендіріп, совхоздар құру жөніндегі қаулысына сай алғашқыда Ленин жолы колхозы болып құрылған, кейін «Жәнібек» совхозының бөлімшесі болған Ұзынкөл ауылы 1965 жылдың шілде айында «Ұзынкөл» совхозы болып құрылып, оған сол жылы алғашқы директоры болып 27 жастағы Аманкелді Шәкірұлы тағайындалады.

Ауылдың мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыта отырып, құрылыс салуға да ерекше көңіл бөлді. Кейін жоғарылап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, зейнеткерлікке шыққанға дейін аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Оның ауданға сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Талай марапатқа ие болды. Ағамыздың осындай қадір-құрметке бөленуіне сүйікті зайыбы, өмірлік серігі Жеміс Мұқашқызының үлесі зор. Оның қонақжайлығы мен пейілінің дарқандығын, кісіге қайырымы мен биік-парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын айтпай кетуге болмайды.

Жеміс жеңгеміз де отбасындағы он баланың ең кенжесі еді. Әкесі Мұқаш Уәлиев Бұғанай байбақты, анасы Нәбира Жаңбыршы беріш. Қарабайлы ауылына Қарасты Азғыр жерінің тумасы. Ата-әжесі Бөкей ордасына қарасты Шонай ауылын мекендеген шаңырақта бес ұл, бес қыз дүниеге келген. Мұқаш ағамыз Шонай разъезінде теміржолда теміржолшы болып жұмыс істеген.

Жеміс жеңгеміз  Астрахан облысына қарасты «Басқұншақ» теміржол бекетіндегі ауылда орыс мектебінде оқып, Орал қаласындағы медучилищені бітіріп, 1962 жылы жолдамамен Калинин атындағы совхоздағы учаскелік ауруханаға қызметке келген. Қандай дегенмен жеңгеміздің бойындағы орысша тәрбиеленген мінезі, ақжарқын ашықтығы, көпшілдігі, ауылдағы мәдени іс-шараларға қатысуы, соның ішінде алпысыншы жылдардың хиты болған «Ой, ты рожь» әнін сызылта шырқауы оны ағамызға табыстырып тынған.

Жеміс жеңгей ағамыздың шаңырағына аяқ басып, келін болып енгенде Бәтима анамыз құшақ жая қарсы алып, емірене бауырына басқанда, ол енесін анасындай үкілеп күтуге, қайын жұртының көңілін табуға, осы алтын босағаның бақыты үшін бар ғұмырын сарп етуге іштей серт берген екен. Жеңгеміз әлі күнге дейін сол антына берік. Ағамыз екеуі Асхат, Талғат есімді екі ұл, Айгүл, Ажаргүл есімді екі қыз өсірді. Оларды оқытты, ұлдарын үйлендірді, қыздарын ұзатты, немере сүйді. Шаттығына кенелді, қуанышына бөленді. Құдалар әулетімен сыйласты, ағайын-туыстың қадірлісі, ауылдастың ардақтысы, өз ортасының сыйлысы. Өкі-ніштісі сол, Асхат есімді ұлы ауырып дүниеден өтті.

Әркез ауылдастар арасында Аманкелді ағамыз бен Жеміс жеңгеміздің жарасымды жұп екені жиі әңгіме өзегіне айналып жүргенінің куәсіміз. Екеуінің өзара сыйластығының, жасы сексенге келсе де, бір-біріне деген ыстық махаббатының, жылдар асқан сайын жеңгеміздің ағамызға деген сағыныш сезімінің басым екенін оның әр кез ағамызды еске алған көз жасынан сезінеміз.

– Ағаңыз аман болғанда биыл 85 жасқа толатын еді. Амал нешік, жазмыш солай болды. Оның мына пәни дүниеден өткеніне сегіз жыл. Осыған орай оның аруағына арнап ас беріп, Құран бағыштағалы отырмыз, – дейді Жеміс жеңгеміз.

Алдыңғы толқын аға-жеңгелеріміздің өмірлік жолы, жанұялық сыйластықтары кейінгі жастарға үлгі-өнеге болғай деген тілек көкейімізден кетпейді...

Қалиолла Мұқанов,

Жәнібек ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале