Қазақтың тарихы төл әдебиетінде жатыр. Таратып айту уақыт еншісінде. Тұран даласын тұғырына айналдырған Қазақ баласының жүз жылдықтарда тарихи жады көмескіленбеуі сөз өнерінің асқақтығында. Бұған көз жеткізу аса қиын да емес. Ұрпаққа аманат болып жеткен «Бабалар сөзі» көптомдығы қазақ өмірінің айнасы. Соның бір парасы – биыл туғанына 180 жыл толып отырған, аты алты алашқа мәлім Мұрат Мөңкеұлы жырлары.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы, нақтылай айтсақ, 1869 жылы Батыс Қазақстанда болған (сол кездегі Батыс Қазақстанға қараған Гурьев, Ақтөбе облыстары, Орынбор қолтығындағы қазақтарды қамтыған – М. А.) тарихи оқиға «Ел ауа» орыс отаршылдығына қарсы халық көтерілісі жөнінде білгісі келген адам Мұрат Мөңкеұлы жырларын оқығаны дұрыс.
Мұрат Мөңкеұлы мұрасының жинақталуы мен зерттелуіне, әдеби айналымға шығуына мол үлес қосқан аға ғалымдардың көшін Халел Досмұхамедұлы бастап тұр. Халел Досмұхамедұлы 1924 жылы Ташкентте «Мұрат ақынның сөздері» деп ақынның өлеңдерін кітап етіп жариялағанымен, кеңінен зерттеуіне кеңес үкіметі өмірін келте етіп мүмкіндік бермеді. Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығын танудағы Халел аға бастаған игі іс ғылым жолындағы інісі, әдебиеттанушы ғалымдар арасында ХVІІІ-ХІХ ғасырлар қазақ әдебиетінің білгірі деп мойындалған Қажым Жұмалиевке аманатталды. Қажымның Халел ағасының ізімен Махамбетті зерттеуі, Махамбет мұрасын елге жеткізуші Мұрат ақынның шығармашылығында қайта тоғысты. Халел мен Қажымның таныстығы, рухани жақындығы өз алдына әңгіме...
Мұрат Мөңкеұлы жайында сөз қозғағанда қазақ руханиятындағы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын елге таныту, насихаттау, арнайы кәсіби тұрғыда білім ордаларында оқыту қалай жүзеге асты дегенді де қысқаша қамтып өткен дұрыс болар.
Мектептерде қазақ әдебиетінің жеке пән ретінде оқытылуы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан кейінгі уақыт. 1932 жылға дейін қазақ әдебиеті қоғамтану пәнінің құрамында ғана оқытылып, толық курстық қызметін атқара алмады. 1932 жылы орыс мектептерінің тәжірибесін басшылыққа алып жасалған қазақ әдебиетінің алғашқы бағдарламасы мен 1934 жылғы қазақ әдебиетінің жетіжылдық мектепке арналған жаңа бағдарламасы да жарамсыз деп танылды. Осылайша 1936 жылға дейін қазақ әдебиетінен бағдарлама жасау әрекеті нәтижесіз болып, 1936 жылдан бастап 5-10 сыныптарда өтілуге тиісті ақын-жазушылардың шығармаларының тізімі жасалып, мектептерге таратылып отырды. Мектептердегі қазақ әдебиеті пәні осы тізімдер бойынша ғана оқытылды. 1937 жылы Алматы қаласында, тіл және әдебиет мұғалімдерінің кеңесі шақырылып, мектепте ана тілі мен әдебиетін оқыту сапасының жайы, бағдарлама мен оқулық, хрестоматиялар жасау кеңінен сөз болды. Қазақ КСР Оқу комиссариатының нұсқауы бойынша 1937-1938 оқу жылына арналып ана тілі мен әдебиет бағдарламасының уақытша схемасы жасалды. Осы схема негізінде ауторлар коллективі бекітіліп, Қажым Жұмалиев сол қатардан табылды.
Қажым Жұмалиевтің орта мектептің 9-сыныбына арналған «Әдебиет теориясы» (1938), 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» (1941, 1942, 1943), жоғары оқу орнына арналған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (1967) оқулықтарында Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы кеңінен сөз болды. Бұл бүгінгі күні Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығын танудағы сілтеме, ғалымның ғылым жолындағы жетістігі сияқты көрінгенімен, мұның авторға кешегі кеңестік ызғарлы жылдарда кесірінің көп болғанын ел біле бермейді.
КПСС Орталық Комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі тарихи қаулылары мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы қаулысынан» (Социалистік Қазақстан, 1947) кейін арнаулы комиссия «...Мұрат, Шортанбай сияқты ақындардың өмірі мен шығармашылығы түгел талданып, жеке тақырып етіп беріліп, елеулі кемшіліктер кетті» деп Қажым Жұмалиевке қатаң ескерту жасайды. Осы мәселе асқынып, 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газетінде «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақалада көрініс тапты. Мұрат Мөңкеұлы тағы да басқа шығармалар талданған оқулықтары Қажекеңнің басына бәле болып жабысып, жұмысы мен партия қатарынан шығарылып, Алматыдан алғашында Семей, кейін Қарағандыға жер аударылды.
1953 жылы шырқау шегіне жеткен кесапат дауылы қазақ зиялыларының бірлігінде Қажым Жұмалиевті де есеңгіретіп кетті. Ғалымның мал-мүлкі тәркіленіп, жиырма бес жылға сотталды. Жазығы мектеп және жоғары оқу орындарына арнап жазылған оқулықтарында қазақ руханиятын түгендеп, ғылыми негізде талдап, анық пен қанықты алғаусыз жеткізуі. Мінезділік, бірсөзділік түрмеде жазықсыз жазасын өтеп жатқан Қажекеңнің жазған хаттары мен арыздарынан анық көрінеді. СССР-дің Бас прокурорына жазған арызында ғалым: «Считая себя невиновным в антисоветском преступлении прошу Вас разрешить мне обратиться к вам со следующим заявлением: ... Должен указать ещё на то, что творчество включенных в учебниках поэтов ХІХ века (Мурат, Нысанбай) были более положительно оценены во всех изданиях...» деп табандылық танытады.
Заман көрінісі
Мұрат Мөңкеұлы дерекнамасы жазылған қолдан түптелген сұр кітапты Қажым Жұмалиев реттік санмен «№7. Мұрат» деп белгілепті. Қажым ағаның үйіндегі жеке мұрағатынан табылған тозығы жеткен қолжазба кітап отызыншы беттен басталады. Жиырма тоғыз бет кеңестік «қырағы көздер» қолымен жыртылып алынған. Оған отызыншы беттегі аутордың өз қолымен жазылған «Изъято у меня 16.03.1953 г.» деп қолын қойған жазба куә. Біздің Мұрат Мөңкеұлы өмір сүрген уақыт тынысын, оның ақын шығармашылығына әсерін тануымызда бірден-бір көмекші құрал да осы Қажым мұрағатынан табылған 88 беттік материал болмақ. Аталмыш материалда Мұрат ақынның шығармашылық тұлға болып қалыптасуына әсер еткен ортасы, тарихи жағдаяттар жан-жақты баяндалған.
Мұрат ес біліп, ақын атанғанша ел ішінен алған сабағы ел қорғаны Исатайдың ерлік істері және оның серіктес інісі Махамбеттің көптің көкейінде хатталған көк дауыл жырлары болатын. Бірі басшы, бірі қосшы болған қос тарихи тұлға өмірден өтіп кетсе де, елім деген ерлерін ел ұмыта қоймаған, керісінше солар болса қайтер еді деп қамыққан көңілмен қайта есіне түсіріп, кетілген тірлікті екі тарланның арманымен қайта жетілдіріп жүрген уақыт еді.
Заманының заңғары болған сыңар тағдыр – Исатай мен Махамбет кейінгі елдің аузында, тарихтың жадында мәңгілік екендігін Мұрат ақын былайша жеткізеді:
«...Кешегі өткен Исатай,
Жауды көрсе састы ма?
Онан қорқып қашты ма?
Ертеде өткен бұрынғы,
Шора мен Тарғын болмаса,
Бір қазақтың ерлігі,
Махамбеттен асты ма?»
Ел үшін атқа қонған, сол жолда жандарын құрбан еткен ерлерді сағына, рухын асқақтата жырлаған Мұрат Мөңкеұлы өзі де 1868 жылғы тарихи оқиға «Жаңа Низам» кезінде жұртының сөзін сөйлеп, елінің ертеңі не боларын ойлап қамықты, қайғыдан қатпа күйге түсті. Орыс отаршылдығынан құтылар жол іздеді. Оның бірден-бір амалы қонысты тастап, дұшпанның аяғы жетпейтін жер «Жиделі Байсын», «Тескен тауға» елді аударып көшіру деп білді. 1868 жылы қамданып, 1869 жылы көтеріліп көшпек болған тарихи оқиға осылайша «Ел ауа» көтерілісі атанды. Бұл жөнінде ғалым Қажым Жұмалиевтің мына бір пікірі тарихи жағдаятты, қилы заман көрінісін, халықтың пұшайман халін түсінуге керек-ақ аңдатпа.
«1869 жылғы көтеріліс – отарлау саясатына қарсы ұлт бостандығы үшін болған күрес еді. ...«Ел ауада» патша үкіметінің отарлаған жерін қайтып аламын деген мақсатты алдарына қойған жоқ... Патша әскерімен болған соғыс сол көшкен елді тоқтатпай өткізіп жіберудің айналасында ғана болды. Бұрынғы ақындар (Махамбет т. б.) отарлау саясатын айта келіп, сол қонысты соғыспен, күшпен қайтарып алуды жыр етсе, 1869 жылдардағы ақындар – бұл жер қоныс болмайды, мұны тастап, басқа бір қоныс іздеу керек дейді. Елді көшуге үндеді. Бұл, әрине, ақындардың құрғақ қиялы емес, сол кездегі халық тілегі, ел мүддесі болатын. Мұны Мұраттың «Үш қиян», «Қазтуған» поэмаларынан анық көруге болады».
«Ел ауа» көтерілісінің соңы немен аяқталғаны тарихтан белгілі болғанымен, бүтін бір елді бүлікке түсіріп, білгенін істеген басқыншылық бүгінгі күнге дейін «ұлы достықпен» бүркемеленіп, Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы деңгейінде қалып келе жатқаны ойланатын мәселе.
Мұрат ақынның атақонысты тастап, көшелік деуінің негізгі себебі – қазақ елінің болашағын, әсіресе, жастардың қамын ойлағандық. Сондықтан да ақын:
«Мен қауып еткеннен айтамын,
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін.
Адыра қалғыр заманның,
Мен жаратпаймын сүреңін» - дейді.
Осы мәселе төңірегінде ақынның шығармашылығын терең зерттеген ғалым Бауыржан Омарұлы: «...Мұрат Мөңкеұлы отарлаушылардың ойранын көрген соң, ұрпақтың келешегіне күдікпен қарайды. Ақынның бұл турасындағы толғаныстары болашаққа болжам түрінде айтылады. Бүгінгінің көзімен қарасаң, жыр жампозының өлеңмен өрнектеген тұжырымдарының қалт кетпегеніне куә боласың» деп бүлінген болмыстың бастауын аңғартады.
Орысқа қосылғалы бір жарым ғасыр бой бермеген қазақ ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап біржола бас билігінен айырылды. Қазақ елін қаумалай салынған бекіністер, батырларымызға бұрынғыдай беркініп қайрат қылуға мүмкіндік бермеді. Ұрыс сала, шегіне күнелткен қазақ көтерілісі Мұрат тұсында тұралап шегіне жетті. Осының бәрін естіп, біліп өскен ақын «Сарыарқа» толғауында теперіштің кімнен болып жатқандығын күлбілтелемей ашығын ашына айтып береді.
«Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін де алды.
Артынан Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.
...Тәмамы, су мен нуды орыс ұстап,
Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны.
Қуалап Исатайды өлтірген соң,
Заманның содан бері тарылғаны.»
Алдыртқан қазақ, алған орыс. Еділ, Сарытау, Аштархан қолдан кетті. Нарын қазақтың нар ұлдарының арқасында сақталды. Су мен нудан ығысып қалың қазақ күні кешеге дейін шөлейтте отырды. Осының барлығы Мұраттың жырларында түп тұқияннан өзіне шейін төгіліп тұр. Сөз басында айтқан халықтың тарихы, тағдыр-талайы, заман көрінісі сөз өнерінде жатыр дегенге бірден-бір жауап, міне, осы.
Қары әңгіме және қазақы қалып
Бала кезімнен жадымда ерекше сақталған сөз – қары әңгіме. Қары әңгімені айтушы әкемнің туысы Молдабай жырау. Қары әңгімесі Мұрат ақынның жырлары, ерекше есімде қалғаны «Қарасай-Қази». Жырдың басында, әлқисасында бұрынғылардан бізге жеткен сөз, қасиетті қары әңгіме, осы деп отыратын. Қазақтың сойын, тұрмысын, өзіндік әлемін танытатын қары әңгіменің бірі – Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығы.
Сөз болып отырған шығармашылық тұлға Мұрат Мөңкеұлы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау деген жерде туған. Руы Беріш, оның ішінде Қаратоқай. Ақынның өзі жыраулық дәстүр бойынша шығу тегін айтқанда «Ел едік Байұлында Беріш деген», немесе «Ар жағымыз белгілі, Он екі ата Байұлы» деп таныстыруы сол қары әңгімеден келе жатқан қазақы қалпымыз.
Қары әңгімелердің қасиеті қазақы қалпымыздың кең панорамасын түрлі қырынан келіп ашып көрсетуінде. Он екі ата Байұлының Берішінен екенін таныстырған ақынның келесі бір жыр жолдарынан сол елдің географиялық қоныстану аймағын, тұрмысын көреміз.
«Тайсойған, Ойыл, Қиыл,
Дендеріміз, Қарабау мекен еткен жерлеріміз.
Жайық пен Қарабаудың тең ортасы
Тепсеңге мал жайылар кең жеріміз.
Нарға артып толы саба, кілем жауып,
Жиын-той, қызық еді көргеніміз».
Өлең жолдарында атақоныс елді мекендер тізбектеліп атала келіп, «кең жеріміз» болып түйінделеді. Кеңдікті көрсетуде түйдектетіп теріп айту, даралықты көрсетуде дамытып айту өлең құраудағы өзегімізде бар. Қары әңгімеден көрінетіні қазақы тұрмысымыздың жайы кілем жабылған нарға толы саба артып, жиын-тойды қызықтау. Бұл – тұрмысы түзу халықтың өмір сүру көрінісі, бұл – көңілі шат ақынның сөзі.
Ақын – өз басынан өткерген өмірді баяндаушы ғана емес, өз ортасы, бүкіл бір халықтың тұрмысын, салтын, болмысын сөзбен кестелеп жеткізуші өнер иесі. Бір жол, не бір шумақтың өзі қазақтың қалпынан хабар беретін болса ол ақынның, оқырманның олжасы. Сөзді Мұрат ақынға берелік:
«Аяңдап тойға келдім дөненменен,
Жаз жайылып, күз семірген көбеңменен,
Қызығын осы тойдың көре келдік,
Той бастау – ата дәстүр өлеңменен».
Бірінші жақтан баяндалып тұрған өлеңнің соңғы жолындағы бірінші бунақ «той бастау» тіркесі біз сөз етіп отырған қазақы қалпымыздан біраз ақпарат беріп тұр. Біріншіден, қазақ халқының сөз өнеріне деген құрметі тойды өлеңмен бастауынан көрінсе, екіншіден, сол тойды бастау құрметі ақынға берілуінде жатыр. Сөздің қадір-қасиетін, жанды қуатын, бар өнердің басы екендігін білген халық қана осылай іс істей алады.
Халқымыздың хал-ахуалын, жан қалауын, бекзаттығын тану үшін қары әңгімелердің қойнауына сүңгіген дұрыс. Тастамайтын бар асыл сонда. Ескінің сөзі деп қарамай, естінің аманаты, арманы деп түсінсек, бәрекелді, сөз сол. Осы асқақтықты Мұраттың мына бір өлең жолдарынан таба аламыз:
«Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқындыққа ал қара көк тон киіп,
Салтанатқа жорғадан өзге мінбеген».
Бабалардан қалған сөзді оқи отырып, мазмұнынан өрлікті, болмысы бөлек кескін-келбетті көреміз. Уызына жарымаған ел бұлай салтанат құра алмайды, ақындық мектебі қалыптаспаған жұрт бұлай сөйлей алмайды. Мың өліп, мың тірілген қазақтың небір зұлмат замандарда тарих сахнасынан жойылып кетпей кең аумақты алып жатқан байтақ ел болып өмір сүруінің өзі бастау арналарымыздың қуатында, жығасы жығылмаған рухында жатыр.
Жоғарыда атап өткен орыс патшасының отарлау саясатынан туындаған 1868 жылғы «Жаңа Низам» зәкөні қазақты теңселтіп өтті. Ел басына түскен ауыртпалық, мұнар күн Мұрат ақынның шығармашылығында елеулі орын алды. Мұның бәрін айту мақаланың көлеміне сыймайды, ұстанымына жатпайды. Біз бұл жайтқа өзіміз қарастырып отырған қары әңгіме және қазақы қалып төңірегінде тоқталамыз.
Мұрат Мөңкеұлы қазақтың тарихынан сыр шертетін қары әңгімелерді көп білетіндігі 1868-1869 жылдардағы халық көтерілісі кезінде шығарған өлең-жырларынан көрінді. Ақын «Үш қиян» поэмасында өзі көтеріп отырған мәселе аясында қазақтың өткен тарихын шегініс әдісімен баяндай келіп, ауторлық идеяға көгендейді. Мұны «Үш қиянның» бастауындағы мына жолдардан аңғаруға болады:
«Заманнан заман оралған,
Дүние шіркін соны алған.
Адыра қалғыр бұ қоныс,
Қайырсыз екен азалдан.
Қайырсыз неге десеңіз,
Асан Қайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс
Қалған екен солардан».
Авторлық идея орысқа отар болмау үшін қазаққа жайлы қоныс тауып, елді сонда көшіру. Ал тарихи тұлғалар тобы, олардың кешегі тарихы негізгі ойға тамызық керек деталдар ғана. Поэманың өн бойында көптің атынан айтылатын «қайырсыз қоныс», «құтсыз жер» қайталамалары әлеуметтік психологиялық көңіл күй табын сездіруші сөз саптаулар.
Мұрат ақынның дүниетанымын, шығармашылық ұстанымын, сол кездегі қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік құбылыстардың сырын түсініп, дұрыс қорытынды шығару үшін көрнекті ғалым Қажым Жұмалиевтің мына бір пікірін ескерген дұрыс: «...Отарлау саясатымен байланысты және қазақтың өз ішінде бола бастаған әртүрлі өзгешелік, оған ақынның көзқарасына келейік. Мұрат, бір жағынан, патша үкіметінің өзі белгілеп қойған адамдарының ел билеп, халықтың тынышын кетіре бастағанын көрсетсе, екінші жағынан, осы кездің өзінде-ақ, бір тиынға ар-иманын сатқан жаңа адамдардың көп шыққандығын көрсетіп және олардың елді екі жарып, штат, талас ұйымдастырып, содан өз пайдасын табушыларды шенейді».
Осы сілтемедегі «жаңа адамдар» тіркесі көңіл аударуды қажет етеді. Бұрын қазақы қалпымызда бас пайдасы үшін ардан безген адамдар болмаған. Мұны Сұлтанмахмұт Торайғыров ақынның: «Абай тұсы қазақтың бұзылғаны, Қаралыққа айналып қызыл қаны...» жолдарынан оқи аламыз. Яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, орыс отаршылдығының салқыны елде «бір тиынға ар-иманын сатқан жаңа адамдарды» көптеп тарих сахнасына алып келді.
Мұрат ақынның:
«Бәйіт еттім бұл сөзді
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын:
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Мұның бәрі адамнан».
Немесе:
«Адамның азған белгісі,
Екі кісі дауласса,
Тату бол деп айтпайды.
Екі айырып арасын.
Арасынан пара алған» - дейтіні де сол себеп.
Бұл тарихи шындық. Орыс отаршылдығымен бірге келген қасірет. Елді іштей жікке бөлу, бөлшектеп билеу қазақы қалпымызға нұқсан келтірген көрекөзге жасалған кесірлі саяси астары бар іс болды. «Әлеумет өмірін кеңінен шолып, терең түсіне білген талантты ақынның мұны көрмей кетуі мүмкін емес еді. Ол көрді де, оны өз шығармасында көрсете де алды».
Мұрат ақын «Үш қиян» поэмасының 26-бөлімін «Бәйіт еттім бұл сөзді» деп бастайды. Ақынның аманаты сынды осы жол ойлануды қажет ететін сияқты. Біз аға ғалымдардың ізімен әдебиетте елінің ертеңіне қам жеп, қайғырып өлең шығарған шайырларымызды «Зар заман ақындары» деп атап кеттік. Мұның бұлай аталу себебі де түсінікті.
Ақын бәйіт сөзінде: «Заман азып не қылсын» - дейді. Демек, азған заман емес, адам. Аздырған орыстың азғын саясаты. Ақын – елдің көкейіндегі сөзді айтушы. Отаршылдыққа қарғыс айту, қарсы тұру, атақонысты қимай қайғырып күңірену сол кездегі жалпыхалықтық көңіл күй еді. Міне, осы күй Мұратқа дейінгі ақындарда және Мұрат шығармашылығында көрініс тапты. Ақындар қиындықтан шығар жол іздеді, күйінді-сүйінді, қарекет қылды. Зар илеп отыра берген жоқ. Алаң жұртының амандығын ойлады. Алаң көңілі жырларының шүйдесінен көрінді. Алаң көңілі ғасырларға созылған мақамдары мен мазмұндарынан көрінді.
Ел жаңғырып, сөз түзеліп жатқан кезде Жаңа Қазақстанның рухани мұраларды бағалаудағы ұстанымы да өзгеруі керек деп ойлаймыз. Отаршылдық – ой түбінде жатқан сөз, ойлан, қазақ!
Азамат Мамыров,
Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты