Өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға мүмкіндігі бар 223 перспективті ауылдық елді мекен іріктеліп алынған. 2019 жылы басталған аталмыш жоба ауылда қолайлы өмір сүру сапасын қалыптастыруға бағытталған. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жобаның жүзеге асу барысын баяндады.
Қазір өңірде 413 ауылдық елді мекен (АЕМ) бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыратын елді мекендердің 78-і – тірек ауылдар, 35-і – стратегиялық маңызды шекара маңындағы АЕМ және 110-ы – спутниктік АЕМ. Болашағы бар ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың саны – 277,1 мың, яғни жалпы ауыл халқының 87,9%-ы деген сөз.
– Жоба шеңберінде бірнеше бағыттағы қаржыландыру көзделген. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандарын және инженерлік-көлік инфрақұрылымын (кентішілік және ауылішілік жолдар) күрделі және орташа жөндеуге қаражат бөлінеді. Сонымен қатар әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі жөндеуге және коммуналдық шаруашылық, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жабдықтары мен желілерін салуға және қайта жаңғыртуға ақша бөлінеді. 2019-2022 жылдар ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 19,5 млрд теңге бөлініп, 144 жоба жүзеге асты. Соның ішінде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 10,9 млрд теңге (55,9%), әлеуметтік салаға 8,6 млрд теңге (44,1%) бөлінді. 179,6 мың адам немесе ауыл халқының 57,3%-ы тұратын 54 перспективті елді мекен қамтылды. Жобаны іске асыру барысында 1468 жұмыс орны құрылды, – деді Нұрлан Мұхитұлы.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 109,5 мың адам тұратын 34 перспективті (26 тірек, 7 спутниктік, 1 стратегиялық маңызды) ауылдық елді мекенде жалпы құны 13,3 млрд теңге болатын 60 жоба жүзеге асырылуда. Олардың арасында былтырғы ауыспалы жобалар да бар. Мәселен, көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 7,8 млрд теңгеге 29 жоба қолға алынған. 9,3 шақырым жол салу және 90 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда үш жоба аяқталып, 16 шақырымдай жол салынған. Әлеуметтік салада құны 5,4 млрд теңге 28 жоба жүзеге асуы тиіс. Білім беру саласында алты нысан күрделі жөнделген болса, денсаулық пен мәдениет салаларында бір-екі жобадан іске асқан. Қазір Теректі ауданының орталығында аудандық емхана ғимараты, Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында 300 орындық мәдениет үйі, сондай-ақ Бәйтерек ауданындағы Щапов ауылында, Казталов ауданының Қайыңды ауылында, Жаңақала ауданының Қырқопа ауылында мәдениет үйлері салынуда.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»