Жәнібек ауданының әкімі болып Тимур Шиниязовтың тағайындалғанына бес айдан асты. Айта кетелік, Тимур Серікұлы – аталмыш ауданның перзенті. Жәнібек ауданы әкімінің және аудандық мәслихаттың аппараттарында қызмет етті, аудандық бөлімдерді басқарды. Осы ауданның ұңғыл-шұңғылын, қалтарыс-бұлтарысын бір кісідей білетіні анық. Бертін келе облыс орталығында және Ақжайық ауданында еңбек етіп, мемлекеттік қызмет жолында шынығып-ширыққан соң, аудан әкімдігінің тізгіні тапсырылды. Жас әкімге сәттілік тілей отырып, Жәнібектегі қазіргі жағдай мен жаңа жобалар жайын сұрадық.
– Тимур Серікұлы, Жәнібек ауданында мал шаруашылығын дамыту жайын тарқатып өтсеңіз, төрт түлік көбейді ме? Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға қолдау-көмек бар ма?
– Аудан бойынша төрт түлікті көбейтуге қамданудамыз. Мүйізді ірі қара малы, өткен жылмен салыстырғанда, 10,5 %-ға (73592 бас) өссе, ұсақ мүйізді мал – 0,8%-ға (78736 бас), жылқы – 1,7 %-ға (21806) кеміді, түйе – 10,5%-ға (102 бас) кеміді. Асыл тұқымды шаруашылықтардың және тиісінше асыл тұқымды мал басының өсуі байқалады. Мәселен, 2022 жылы ауданда асыл тұқымды ірі қара мал өсіретін 24 асыл тұқымды шаруашылық болса, бүгінгі таңда олардың саны 28-ге жетіп отыр. Осы шаруашылықтардағы мал басы өткен жылмен салыстырғанда 11,7 %-ға өсті. Соның ішінде, 21 шаруашылықта асыл тұқымды 3417 қазақтың ақбас сиыры өсірілсе, бір шаруашылықта 67 бас абердин-ангус және төрт шаруашылықта 389 бас герефорд, екі шаруашылықта 160 бас әулиекөл сиыры бағылуда. Сонымен қатар асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын бір шаруашылықта 105 бас еділбай қойы және асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын екі шаруашылықта 897 бас көшім жылқысы тіркелген.
Жыл сайын асылдандыру бағытында атқарылған шараларға аудан шаруалары белсене қатысуда. Шаруалар мал шаруашылығын асылдандыру бойынша 490,1 млн теңге көлемінде демеуқаржы алса, ауыл шаруашылығы техникаларына инвестициялық субсидия алуға 137 млн теңгеге өтінімдер тапсырылды.
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қанша кісіге грант жобасы берілді? Тұрғындар бизнес жобалар бойынша қандай тың идеяларды жүзеге асырмақ?
– Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген бағдарлама қабылданды. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба аясында ауданға қарасты барлық 9 округ тұрғындары қатысуға ниет білдірді. Осы округтерде 3 947 аула, 14 495 тұрғын тіркелген. Соның ішінде жұмыссыздар саны – 847 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 86 отбасы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 2552 адам.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасын іске асыру бағытында ауылдық округтерде жүргізілген скрининг нәтижесінде жобалар анықталды.
Ауылдық округ әкімдері жүргізген скрининг нәтижесінде жобаға 104 тұрғын қатысуға ниет білдіріп, өтінім беруде. Барлық жоба құны – 698,2 млн теңге. Тұрғындардың басым көпшілігі сүтті-етті бағыттағы сиыр сатып алу, үй жанынан бау-бақша өсіру, құс шаруашылығы мен шағын бизнесті дамыту бағыты бойынша жобалар ұсынды.
Ауданымызға «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 311 млн теңге қаражат бөлініп, 57 несие алушының құжаттарын «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» тіркеуге алды. Күні бүгінге дейін 48 несие алушының құжаты толық мақұлданып, комиссия қарауынан өтті. Бүгінге дейін 147 млн 980 мың теңге 30 несие алушының есепшотына аударылды. Қалған 18 несие алушының шотына 62 млн 700 мың теңгенің түсуін күтуде.
– Инвестициялық жобалар туралы мәлімет берсеңіз. Өндіріс орындарын, кәсіпкерлік нысандарын ашу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды?
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданның даму жоспарын іске асырудан күтілетін нәтиже мынадай. Биыл жергілікті кәсіпкерлер 10 шағын инвестициялық жобаны қолға алды. 234,0 млн теңгеге инвестициялық салым төлеп, кәсіпкерлік саласында 15 жаңа жұмыс орнын ашпақ. Бірқатарын атап өтсек,
Шолып өткенімдей, ауданда ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласының дамуында оң өзгерістер бар. Ауданға келіп жұмыс істейін деп ниет танытқан азаматтарға барлық жағдай жасалуда. Бұл осы күнге дейін атқарылған істеріміздің бірқатары ғана. Бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Жобалар ауқымды. Оның барлығы да жергілікті тұрғындардың келісімімен, бірлесуімен жүзеге аспақ.
– Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Кейінгі бес жылда қанша үй салынды? Әлеуметтік топтарға баспана беру мәселесі қалай шешілуде? Жалға берілген үйлердің айлық төлемі қай шамада?
– Соңғы бес жылда ауданымызда бюджет қаражаты есебінен Жәнібек ауылында 2 қабатты 12 пәтерлі 2 үйдің құрылысы және Ұзынкөл ауылында 2 пәтерлі 1 үйдің құрылысы, ал «Қазақстан халқына» қорының есебінен Жақсыбай ауылында табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтар үшін екі пәтерлі 3 үй және бір пәтерлі 1 үй салынды. Жеке тұрғын үй құрылысы да кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Соңғы бес жылда статистикалық мәліметке сәйкес жеке қаржыландыру есебінен 100 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген.
Осы жылы жергілікті атқарушы құрылымның кезегінде тұрған, баспанаға мұқтаж азаматтарды үймен қамту мақсатында ауданымызға республикалық бюджеттен 96 млн теңге қаражат бөлініп, 10 тұрғын үйді сатып алу жоспарға қойылып отыр. Қазіргі кезде, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы баспана сатып алуға ашық конкурстар жарияланды. Жыл соңында кезекте тұрған 10 отбасы баспанамен қамтылады. Жәнібек ауылы бойынша кейінгі бес жылда, саралап айтсақ, 2018 жылы – 88 пәтер, 2019 жылы – 5 пәтер, 2020 жылы – 5 пәтер, 2021 жылы – 1 пәтер, 2022 жылы – 25 пәтер, 2023 жылдың қазан айындағы есеп бойынша – 5 пәтер әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтарға жалға алу құқығымен берілді. Барлық табысталған пәтердің саны – 129. Жалға берілген тұрғын үйлердің айлық төлемі – 2200 теңге мен 18505 теңге аралығында. Төлем құны пәтердің аумағына және салынған жылына байланысты.
– Тимур Серікұлы, қазіргі уақытта кейбір шаруа қожалығы мал азығының жеткілікті деңгейде дайындалмай жатқанын айтып, дабыл қағуда. Қысқа қамдану жоспарға сәйкес жүргізілуде ме?
– Аудан бойынша мал қыстағына 185 490 тонна шөп дайындау жоспарланды. Былтырғы жоспар 145 000 тонна болған еді. Дайындалғаны – 163 990 тонна немесе 110,2%. Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 157,6 мың тонна шөп (85%) дайындалған. Мал азығын дайындауға 210 трактор, 135 маялағыш, 164 шөп жинағыш және 240 орақ, тырма пайдаланылуда.
Биыл ауданымызда мал азығы дақылдарын қамтамасыз ету бағытында Қамысты ауылдық округіндегі «Елнұр» ШҚ 200 га алқапқа арпа егіп, 120 тонна өнім жинап алды. «ECO Club» ЖШС 350 га алқапқа суданка шөбін еккен еді. Бірақ 250 га алқап киіктерден зардап шегіп, бар болғаны 18,5 тонна өнім алды. Сонымен қатар Жақсыбай ауылдық округіндегі «Байсал» ШҚ 110 га алқапқа егілген ақбидай, сұлы, арпа дақылдарын жинаумен айналысуда. Биыл «ECO Club» ЖШС өз қаражатына гранулятор құрылғысын сатып алды. Алдағы уақытта алқапты 1000 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар «Артур» ЖК-ның басшысы Едіге Ибатов аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларына жоғары қысымды отын сорғысын диагностикалау және реттеу қызметтерін көрсетуде.
– Ең үлкен жоба – Казталов – Жәнібек жолының құрылысы. Биыл қанша пайызы аяқталады? Жәнібек пен РФ шекарасы жолы неге әлі күнге асфальтталмады? Салалық құрылымдар және облыс әкімдігі бұған назар аударды ма?
– Бұл жол 2019 жылдан бері жөнделіп келеді. Құрылыс жұмысының ұзап кетуінің бірнеше себебі бар, оны өзіңіз де жақсы білесіз. Биыл Казталов пен Жәнібек арасында төменгі қабатпен жол қозғалысын ашу туралы Үкімет басшысы тапсырма берген еді. Қазіргі кезде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Құрылыс мерзімі аяқталғанша асфальтталған жолмен қатынай тұруға болады деген үміттеміз. Ал Жәнібек пен РФ шекарасы арасындағы жол – республикалық трассаның 158-165 шақырым бөлігі. Мердігер – «Бекет Сәт Жол» ЖШС, жалпы жөнделетін жолдың ұзындығы – 6,7 шақырым. Соның 1,7 шақырым төменгі қабатына ғана асфальт төселген. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мердігерді сотқа беріп, жұмысты аяқтау туралы талап қоюда. Өз кезегінде мердігер жобаны түзету қажеттігін айтуда. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы осы бағыттағы жол құрылысын назарда ұстап отыр, өңір басшысының қадағалауымен жөндеу жұмысы жалғасуда. Астанадағы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ арнайы өкілі барлық жобаны үйлестіріп, сәуір айынан бері учаскеде мердігерлермен бірге қарқынды жұмыс істеуде.
– Жол – экономиканың күретамыры. Осыған байланысты ауданды дамыту мақсатында көздеп отырған жұмыс жоспары бар болар?
– Республикалық жол құрылысына миллиардтаған теңге жұмсалуда. Енді оның қандай экономикалық тиімділігі бар? Соны ойластыруымыз керек. Трасса тұрғындардың Оралға қатынауын ғана қамтамасыз етпеуі тиіс. Қазіргі уақытта Ресейге шығатын шекара бекетінің мәселесіне назар аударудамын. Бұл бекет екіжақты өткізу пункті болып есептелінеді. Яғни осы тұстан үшінші тарап – басқа елдің аутокөліктері өте алмайды. Жәнібек – РФ шекарасы аутожолы жөнделгеннен кейін екі елдің келісімімен шекара бекетінің мәретебесін қайта қарастырып, көпжақты етіп құру керек. Аудан аумағы арқылы өтетін аутожол – Қара теңізге шығатын ірі көлік желісінің бірі. Стратегиялық маңызы зор. Сонда ғана Иран, Түркия, Өзбекстан жүк көліктерінің ағыны бізге құйылады. Халықаралық қатынас аясының кеңеюі жол бойындағы аутокемпинг, қонақүй кешендерінің дамуына, туристік сервистің жандана түсуіне зор әсер етеді. Тіпті аудан аумағынан транзиттік жүктерді тасымалдауға, таратуға арналған ірі хаб орталығын салуға мұрындық болар едік. Әрине, бұл жобаны жүзеге асыруға тікелей Үкімет қолдауы қажет. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп жұмыстануды ойластырудамыз. Егер бұл жоба сәтімен жүзеге асса, аудан экономикасына үлкен серпіліс сыйлайтыны анық. Тұрғындар да бизнес нысандарын ашуға, бәсекеге төтеп беруге дайын болуы керек. Осы бағытта түсіндіру шараларын қолға аламыз.
Сұхбаттасқан Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»