Биыл облыста қызылша жұқтырудың 72 жағдайы тіркелген. Көбіне қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар ауыруда.
Фото: pixabay.com
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев қызылша, тұмау және жіті респираторлық вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық ахуалы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, балалардың екпе алмауына ата-аналардың вакцинадан бас тартуы, денсаулығына байланысты медициналық қарсы көрсеткіштердің болуы және баланың егу жасына жетпегені (яғни бір жасқа дейінгі балалар) себеп болуда. Ауырғандардың басым бөлі-гі (69,4%) – Орал қаласының тұрғындары.
– Қызылшамен ауырғандардың 43%-ы індетті отбасы мүшелерінен жұқтырған. Науқаспен қарым-қатынаста болған 645 адам анықталып, медициналық бақылауға алынды. Оларға эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы шұғыл екпе жасалды. Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы), отит, менингоэнцефалит сияқты ауруларды асқындырады. Медициналық көмекке кеш жүгінген кезде асқыну салдары өлімге де әкелуі мүмкін. Қызылшадан тек екпе алу арқылы ғана қорғануға болатынын тұрғындардың есіне саламыз, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.
Департамент басшысының мәліметінше, қызылшаға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балаларға қызылшаға қарсы егу 1 жаста, ал ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Екпеден кейін инфекциядан қорғайтын иммунитет пайда болады. Тұрғындар аурудың алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінулері қажет.
Баяндамада мәлім болғандай, облыста қазан айының басында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 13 000-нан астам жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 64%-ға жоғары. Ауырғандардың 65,5%-ы
14 жасқа дейінгі балалар болса, соның ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында 164, жүкті әйелдер арасында 29 жағдай тіркелген. Мұхамғали Қайыржанұлының айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация алу – қауіпсіз әрі тиімді шара. Қазанның 1-інде амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін барлық медициналық мекемеде тұмауға қарсы егу басталды. Эпидемиялық маусымға Ресей Федерациясында өндірілген тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 138 000 дозасы сатып алынған.
М. Арыспаев баяндағандай, тәуекел тобына жататын адамдар, яғни медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде есепте тұрған балалар, аурушаң балалар, балалар үйі мен қарттар үйінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулары бар ересектер, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, оқушылар, студенттер мен оқытушылар екпе алады. Бүгінгі күнге тәуекел тобына жататындардың 49,5%-ы, яғни 68 990 адам тұмауға қарсы егілген.
Департамент басшысы тұмаудың алдын алу шараларына да тоқталды. Мәселен, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде киген жөн. Ауру белгілері бар адамдармен жақын араласпау қажет. Қолды сабынмен үнемі жуудың өзі респираторлық инфекцияларды 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді екен. Ал жыл сайын қазан айының ортасында бүкіл әлемде «Дүниежүзілік таза қол күні» аталып өтеді. Сонымен қатар бөлмені үнемі желдету, ылғал шүберекпен тазалау, құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп жеу, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс ұйықтау да зор маңызға ие. Білім беру ұйымдарында үзіліс кезінде сыныптарды жиі желдетіп, ылғал шүберекпен жуу қажет.
Айна Имашева