3.11.2023, 16:30
Оқылды: 18

БҚО: Бір көшеде Бейбіт есімді үш жігіт тұрады

Бір ауылды айтпағанның өзінде, бір көшеде үш бірдей Бейбіттің тұратынын бұрын естіп пе едіңіз? Бір қызығы, үшеуінің де жұбайы – бір ауданның қыздары. Құдды бір келісіп алғандай. Бұл сәйкестік пе? Әлде...

Қалай ойлайсыз? Басында мұны естігенімізде өзіміз де таң қалдық. Сөйтіп, Бейбіттер тұратын көшеге ат басын бұрдық. Тасқала ауылының солтүстік бөлігінде, бұрынғы ескі «Сәулет» аталып кеткен шағынауданның Жамбыл көшесінде тұратын үш азаматпен тілдесуді жөн көрдік. Өйткені тақырып талғамайтын біз, яғни журналистер қауымы үшін бұл өте қызық.

 Кешікпей Бейбіттермен кездесіп, тілдестік. Үшеуінің де өзіндік орны бар. Әр саланың маманы, нағыз мықты азамат, жігіттің төресі деп айтуға болады. Арасында білдей бір мекемені басқарып отырғандары да бар. Иә, көзге көп түсе бергісі келмейтін, тек өз жұмысы мен отбасын ғана білетін жігіттер басында бізбен әңгімелесуден бас тартты. Бірақ араға уақыт салып, бұл тақырыпты қайта көтердік. Олай болса, бір көшеде тұратын үш Бейбіттің ойын оқып көрейік.

Бірінші кейіпкерлеріміздің ең кішісі, аудандағы жас туристер станциясының басшысы Бейбіт Нарымбаевқа жолықтық.

Нарымбаевтар

– Шыны керек, бір көшеде менімен аттас тағы екі жігіттің тұратынын сол көшеге көшіп барған соң білдім. Кейін олардың жұбайларының да менің жолдасыммен жерлес екенін естідім. Бірақ оған пәлендей мән бере қоймадым. Екі Бейбіт Жамбыл көшесінде бұрыннан тұрады. Біз 2015 жылы сол көшеден жолдасымның атына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы үй алып, көшіп келген болатынбыз. Жолдасым Нұрдана Бейбітқызы аудан орталығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылынан. Бір қызығы, атамның да аты – Бейбіт. Жолдасыммен танысуыма өзімнің шәкіртім, яғни Нұрдананың сіңлісі, қазіргі балдызым себепкер болды. Ол өзі бізге, туризмге келіп жүретін. Бір күні апасына: «Менің ағайым бар, өте күшті адам», – деп айтып барыпты. Кейін әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, жақын таныстық. Содан телефон арқылы сөйлесе бастадық. Кейін жүзбе-жүз кездестік. Сөйтіп, үш жылдай дос болып жүріп, оның арты үлкен махаббатқа ұласып, отбасын құрдық. Өмірге екі қыз алып келдік. Қазір үлкен қызым Даяна екінші сыныпта оқиды. Кішісі Мадина даярлық тобында. Көрші Бейбіттермен жұбайларымыз бір ауданнан болса да, біз бірімізбен аға-іні болып араласып қалдық. Қалған уақытта да сондай сыйластықта боламыз деп ойлаймын. Негізі, біздің көшеде он отбасы тұрады. Сол тұрғындардың басын қосатын whatsapp желісінде арнайы тобымыз бар. Мерекеде немесе туған күніміз болса, бір-бірімізді сол арқылы құттықтап, жаңалығымызды бөлісіп отырамыз. Өте ұйымшылмыз. Мен көшіп келгенде бәрі қонақжайлық танытып, шаңырағына шақырып, төрден орын ұсынды. Қазір де сол, бір-бірімізді қонаққа шақырып тұрамыз. Бұның аға-іні, көрші-көлем болып тығыз қарым-қатынаста араласуға тигізер септігі көп деп ойлаймын, – дейді Бейбіт Маратұлы.

Екінші Бейбіт:

 – Өзім 1983 жылы Тасқала ауданына қарасты Мереке (Подтяжки ауылдық кеңесі) ауылында дүниеге келдім. Қазіргі тұрып жатқан мекенжайға 1999 жылы көшіп келдік. Содан бері осы көшеде тұрып жатқан жайымыз бар. Жолдасыммен 2004 жылы Орал қаласында таныстым. Есімі – Айымгүл. Жәнібек ауданының тумасы.

фото 1

Араға төрт жыл уақыт салып, 2008 жылы отау құрдық. Екі қыз, екі ұлды өмірге әкелдік. Қазіргі таңда Айымгүл «Бөбек» бөбекжайында қызмет жасайды. Өзім де еңбекке ерте араластым. Аудан орталығындағы кірпіш зауытында, «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, аудандық коммуналдық шаруашылығында, «Бөбек» балабақшасында, одан соң Атырау қаласындағы Қарабұтандағы зауытта жұмыс істедім. Кейін аудан әкімі аппаратында жүргізуші болдым. Қазіргі таңда «Бөбек» бөбекжайында оператор болып қызмет атқарамын. Аллаға шүкір, осылайша ел қатарлы еңбек етудеміз. Бүгінгі мақалаңызды бір көшеде тұрып, бір-бірімізге бауырдай болып кеткен Бейбіт есімді жігіттерге арнапсыз. Иә, өзіміздің таңдап алған жарымыз да бір ауданнан болып шықты. Бұл, әрине, кезейсоқтық деп ойлаймын. Әйтпесе дәл осындай бір жерден қыз алған аттас жігіттерді бір көшеге жинау мүмкін емес қой. Сондықтан алдағы күндерде де ауызбіршілігімізді жоғалтпай, бір-бірімізге бауыр болып жүре берейік, – дейді аттас көршілердің үлкені Бейбіт Базарбайұлы.

Үшінші кейіпкеріміз – Бейбіт Қонатаров. Нағыз қаймағы бұзылмаған қазақи жер – Оян ауылының төл перзенті. Өз ісінің маманы.

- Біз аудан орталығына отбасымызбен 1999 жылы көшіп келдік. Сол кезден бастап осы Жамбыл көшесінде тұрып жатырмын. Менің үйім бұрышта орналасқандықтан, Жеңіс көшесіне де қатысым бар. Жолдасым Айнұрмен 2004 жылы бір тойда кездесіп қалдым. Ол кезде жаспыз. Оның әдемі келбеті мен ибалылығы бірден ұнады. Ол кезде қазіргідей телефон да жоқ. Кейін жолығып, хал сұрасып тұрдық. Бертін келе әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Жоғары оқу орнына түсіп, оны тәмамдадым. Сөйтіп уақыттың қалай өткенін аңғармай қалдым. 2009 жылы, яғни араға бес жылға жуық уақыт салып Айнұрдың жақсы жар, ибалы келін болатынына көзім жеткесін шаңырақ көтердік. Қазіргі таңда өмірге бір қыз, бір ұлды әкеліп, тәрбиелеп жатқан жайымыз бар. Қызым Інжу Қаныш Сәтбаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы болса, ұлым Әлихан осы мектептің 4-сыныбында оқиды. Өзімнің негізгі мамандығым – эколог, екінші мамандығым – құрылыс саласына қатысты. Қазіргі жұмысыма 2009 жылы келдім. Осы саладағы жұмысымды төменгі сатыдан бастап, қазіргі таңда аудандағы №15 өрт сөндіру бекетінің басшылығына дейін көтерілдім. Бір көшеде менен басқа Бейбіт есімді екі бауырымның тұрып жатқанын жақсы білемін. Араласып тұрамыз. Бірақ дәл осылай бізге арнап мақала жазылады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Негізі, өз басым көзге көп түсе бергенді ұнатпаймын. Ел қатарлы еңбек етіп жүргенге не жетсін?! – дейді Бейбіт Ғайноллаұлы.

Міне, Тасқала ауданының әр ауылынан орталыққа көшіп келіп, бір ауданның қыздарымен отау құрып, бір көшеде басы тоғысқан осындай жігіттеріміздің барын білдік. Осы кезде:

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,

Солар жайлы, ағайынжұрт, не білесің сен осы?

 Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,

Өйткені олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі, – деген өлең жолдары еріксіз есіңе түседі.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале