Бұл туралы БҚО әкімі Нариман Төреғалиев айтты. Кеше Батыс Қазақстандағы ірі кен орындарының бірі «Рожковское» кен орнында тағы бір ұңғыма іске қосылды. Кен орнын іске қосу шарасына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы қатысты.
«Рожковское» кен орны 2008 жылы ашылған. Ол жерде сегіз ұңғыма жұмыс істеген. Енді кеше тоғызыншы ұңғыма іске қосылды. Кен орны жылына 1 миллиард текше метр газ, 500 мың тонна конденсат, 150 мың тоннадан астам сұйытылған газды ішкі нарыққа жіберуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Ал батысқазақстандықтарға тікелей эфир арқылы байланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жобанын ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды.
– «Рожковское» кен орны қосымша табиғи газ көзіне айналады. Кен орнында өндірілетін шикізат «Жайықмұнай» компаниясында өңделеді. Аталған жоба шетелдік компаниялармен серіктестікте жүзеге асырылып отыр. Ол қажетті жобалық шешімдерді дайындау мен қолдану барысында озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік берді, — деді Әлихан Смайылов.
Бұл кен орнының іске қосылуы батысқазақстандықтардың сұйытылған газге деген сұранысын толық қамтиды деп жоспарланып отыр. Бұл туралы БҚО әкімі атап өтті.
– Бүгінгі қуанышты жаңалықпен барша батысқазақстандықтарды құттықтағым келеді. Бұл жоба тек біздің БҚО-ға ғана пайдалы болмайды. Бүкіл елдің экономикасына жұмыс істейтін жоба болады. Біздің облыс айына 4 мың тонна сұйытылған газ қолданады. Біз оны жылда Ақтөбе, Атырау облыстарынан таситын едік. Бұрын мереке қарсандарында газ уақтылы келмей тапшылық көретін едік. Талай жанармай бекеттерінде сұйытылған газ болмай қиындық көргенін бәрі біледі. Енді бүгін іске қосылып отырған завод бұл тапшылықты жояды. Енді біз сұйытылған газ тапшылығын көрмейміз,- деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
А, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешов алда тағы бірнеше газ кен орны іске қосылатындығын атап өтті.
– Бұл жобаның әлеуметтік те, экономикалық та маңызы зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласын жандандыруды тапсырған еді. Сол тапсырмалар аясында біз биыл үш газ кен орнын іске қостық. Мамыр айында Қызылорда облысында, кеше желтоқсанның басында Ақтөбе облысында газ кең орны іске қосылды. Енді «Рожковское» кең орны іске қосылып жатыр. Алдағы жылы Маңғыстауда, Атырауда да осындай кең орындары ашылады, - деді Серікқали Брекешов.
Айта кетейік, жобаны «ҚазМұнайГаз», мажарстандық MOL Group және қытайлық Sinopec компаниялары бірігіп жүзеге асырып отыр.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz