Шыңғырлау ауданының бір мақтанышы – ғасыр жасаған Қалима әже.
Иә, жастығы жалынға оранған, ғұмыры тіршілік пен еңбекке, адал қызметке байланған, бүгінде ұрпағы ұранды елге айналған ардақты ана жолы өнегенің темірқазығы іспетті. Қусырыла түскен нәзік иықта ғасыр салмағының ізі жатқандай. Әлі де отты көздер көненің тірі куәсі. Ғасыр тарихының көзі тірі шежіресі.
Өткен өмірін, сонау бір жылдарды жаңылмай айтады. Тірі тарих...
Шыңғырлау өңірінің кешегісі мен бүгіні көз алдында, сөйлете бергің келеді.
Қалима ана соғыс жылдарында 7-сынып оқушысы екен. Мектептегі ер-азамат түгел майданға алынып, 7-сыныпқа көшу қағазын мектепте қалған жалғыз орыс мұғалима берген екен. Иә, ол кездегі оқушылардың есейіп барып оқығанын ескерсек, кейіпкеріміз сол кезде 17-18-дердегі қолқадай қыз бала болған. Ер- азамат соғысқа аттанып, елде еңбек тізгіні қарттар мен жаңа өспірім жастар, балаларға қарап қалған кезде Қалима Қалбанова алты өгізбен сабан айдап, жер жыртқан. Намысы мен еңбекқорлығы бірден алға шығарып, үздік еңбеккерлер қатарында болған. Тіпті, 1943 жылы «Еңбек Ері» медалін де алған, үлкен еңбектің дәлелі іспетті осы төсбелгіні жылдар белесінде жоғалтқанын айтып, өкініп те қояды қарт ана. Ел тұзды көлдің қасында тары егеді екен сол шақтарда, соғыстың біткен сүйіншісін сол тарының басында естідік дейді ғасыр куәсі.
«Елдің қуанышы мен көз жасы көп боп» , - еді деп еске алады. Кейінірек, «Қалаш» ана (Қалима ананы ел осылай атапты) 1948 жылы майдангер азамат Жұмабаев Жандәулетпен бас қосып, отау тігеді. Жұбайы екеуі бес бала тәрбиелеп, қатарға қосады.
- Туған-туысқаннан қалған жалғыз ағам Асылбек Қалбанов Сталинград майданында хабарсыз кетті, - дейді ана. Кейін іздестіргенімен дерегін таппағанға ұқсайды. Соғыс жылдары бейбіт райға көшіп «Екпінді бесжылдықтар» күш алғанда кітапханашы, элеватордың дән қабылдаушысы болған еңбеккер ана кейінгі жылдары АХАЖ (ЗАГС) қызметкері боп жалғастырып, осы жұмыстан зейнетке шыққан екен.
Қарт ананы аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев арнайы құттықтады.
Күтімі күшті ананың жады қалпында, көзі өткір, қуаты кеми қоймаған. Газет журналдарды үзбей оқып, бірер пікірі мен ұсынысын да қосып қойды газет хақында. Үлкеншіліктің қадамын кідіртіп тұрғаны болмаса, еңбекке піскен жан ауласының шаруасына араласуын да қоймайтын сияқты. Оны да балалары аса бір сүйіспеншілікпен, құрметпен күле отырып жеткізіп жатыр. Жүріс-тұрыс пен қозғалыстың денсаулыққа сеп екені белгілі ғой, алайда ауланың шаруасын әлі ойлайтыны көңілімізге жылы сүйініш орнатты.
- Сізді құттықтағалы келдік. Өнегелі өмір сүріп, отанымызға адал қызмет еттіңіз, балаларыңызды тәрбиелеп, қоғамға азамат ұл- қыз қостыңыз, ұрпақтырыңыздың ортасында ғасырдың алтын көпірі іспетті аман отырыңыз, - деп шынайы тілегін арнаған аудан басшысы облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын табыс етті.
Ауданымыздың қадірлі қариясы Сабыр Сәмиев, аудандық мәслихат төрағасы Сағидолла Тұрғалиев қадырлы жанға ыстық лебіздерін жеткізді. Құттықтау соңы әулет балаларының түрлі естеліктерімен жалғасты.
Қарт ана:
-Бүгінгі заманға қызығамын, қуанамын, әсіресе, «Жаңа Қазақстан» деген жаңалық, өзгеріс қуантады. Заман жаңа, жақсылықты болса екен, біз көргенді көрмеңіз, тыныштық болсын. Тыныш елде тұрмыс жақсы, жолдарың ашық, ғұмырларың берекелі болсын, - деді.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz