8.02.2024, 10:45
Оқылды: 15

Оралдағы жарылыс: «Айнала қас-қағым сәтте қара түнекке айналды»

Қаңтардың 30-ына қараған түнде Қарағанды облысында оқыс оқиға болды. Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде көппәтерлі, екі қабатты үйде газ баллон жарылды. Оқиға орнында екі адамның мерт болып, бес адамның зардап шеккені айтылуда. Бейбіт күнде, жым-жырт түнде бейкүнә жандар опат болды, зардап шекті. Мұндай оқиға қаңтардың 4-інде Оралдағы «Ризық» дәмханасында болған еді. Алдын ала болжам бойынша газ қоспасы жарылып, қос қабатты ғимараттың төбесі опырылып түсті. Кейін өрт шықты. Қайғылы оқиға салдарынан үш кісі қаза тауып, алты адам жараланды. Қасындағы тұрғын үйге де залал келді.

ризык

Оқиға куәгері

– Бұл қайғылы оқиға өзегімді өртейді. Қасымда жүрген жан досымнан айырылдым. Досымның отбасына көңіл айту өте ауыр тиді. Қатты қиналдым. Қаңтардың 3-і күні Оралға Қаратөбе ауданынан келген едім. Досым Русланмен оның автокөлік жөндейтін гаражында кездесіп, әңгімелестік. Екеуміз түнгі сағат 01:30 шамасында «Ризық» кафесіне тамақтануға бардық. Залдың кіреберісіндегі үстелге жайғастық. Осы жерде дәмхана қызметкерлері де отырды. Мұнда келгенде газдың немесе тез жанатын сұйықтықтардың иісі сезілмеді. Дәмхана ішінде тұрған газ баллондарды да байқамадым. Бір кезде төбеден күкірт түсті жалынның төніп қалғанын байқадым. Орнымнан тұрып жүре бергенімде жарылыс болды. Екі қолыммен бетімді жауып үлгердім. Денемді күйік шалып, қирандылар басып қалды. Досымды дауыстап іздеп едім, ешқандай белгі болмады. Айнала қас-қағым сәтте қара түнекке айналды. Бір уақытта  қабырғадан жарықты байқап, соған қарай жорғалай ұмтылдым. Сыртқа әупірімдеп шығып, күйген қолдарымды еріген қардың суына салдым. Жедел құтқару көмегі келгенше жол бойындағы көліктерді тоқтатып, көмектесулерін өтіндім. Сосын «Жедел жәрдем» көлігі келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға алып кетті... Халқымызда «Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес» деген сөз бар. Өмір болған соң, түрлі жағдайды көреміз. Бірақ мен үшін осы оқиға өте ауыр тиді. Мені қирандының астынан бір құдіреттің аман алып шыққаны сөзсіз. Отбасымның, достарымның қаншалықты құнды, өмірдің сонша тәтті екенін ұғындым. Дүниенің түкке тұрғысыз екеніне көзім жетті. Мұндай жағдайды енді ешкімнің басына бермесін. Мен Орал қалалық көпбейінді ауруханада 16 күн тегін ем қабылдадым, одан соң ақылы ем-дом алдым. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Алдағы уақытта зардап шеккендерге өтемақы төлене ме, ол жағы белгісіз, – деп қайғылы оқиғаны есіне алды Бегайдар  Акташев (суретте).

b7cd68a7-b186-4a40-98ac-0e26135140f6

Осы оқыс оқиға бойынша тергеу әлі жалғасуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлі күнге сараптамалар қорытындысы шыққан жоқ. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімі – екі ай. «Басқа ақпарат жариялауға жатпайды» екен.

Бейбіт күнде біреулердің беймарал тірлігінің астаң-кестеңін шығарған оқиға адам баласын бейқамдықтан сақтандырса керек. Әсіресе, құзырлы құрылымдарға газ баллонды пайдаланатын нысандар мен үйлерді жіті бақылау қажеттігін ескерткендей. Кафедегі оқиғадан кейін «Заманауи кафеде, тіпті қаланың қақ ортасындағы дәмханада газ баллон қайдан тұр?» деген сауалды жиі естідік. Себебі бүгінде облыс халқының 99,6%-ы табиғи газбен қамтылған. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында дерек берілген. Ал өңірдегі 413 ауылдық елді мекеннің 360-на (87,2%) көгілдір отын жеткізілген. Бірақ газ баллонды пайдаланатындар әлі бар. Ал олар баллонды қолдану ережелерін сақтап жүр ме? Олар бұл баллонды қайдан сатып алуда? Газ баллондарды қайда толтырады? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін құзырлы мекемелерге ат басын бұрдық.

ГТС-тер газ баллондарды толтырмайды

Алдымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаментіне бардық. Департаментке қарасты бөлім басшысы Бейбіт Шалабаевпен (суретте) сөйлесудің сәті түсті.

3ae6a250-4415-4794-a5f2-65b17f4d045d

– Елді мекендерге табиғи газ жеткізілгенге дейін өңірде тұрмыстық мақсатта сұйытылған газ пайдаланылды. Тұрғындар пропан баллондарды қолданды. «Алау» ЖШС, «Тәуекел» ЖШС-лардың арнайы газ толтыру стансалары (ГТС) жұмыс істеді. Онда газ толтыруға әкелінген баллондар есепке алынды. Газ баллондар техникалық куәландырудан уақтылы өткізілді. Баллонға стансадағы арнайы құрылғымен газ толтырған кезде салмағы өлшеніп, қажетті қысым мөлшері аутоматты түрде тексерілді. Содан кейін ғана газ баллондарды қолданысқа жіберді. Алайда табиғи газ жеткізілген соң, бұл газ толтыру стансаларына деген сұраныс болмай қалды. Сол себепті қазір ГТС-тер тұрмыстық газ баллондарды толтырмайды. Яғни облыста газ баллон толтыратын станса жоқ. Ашылғанына көп бола қоймаған «BKKS LPG» ЖШС-дағы арнайы газ толтыру стансасы да қызмет көрсетпейді, – деді Бейбіт Ахметұлы.

Бөлім басшысы айтып өткендей, ҚР Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 9 қазандағы №673 бұйрығымен бекітілген газбен жабдықтау жүйелері объектіле-рінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптар бар. Сол құжаттың 129-тармағына сәйкес, стационарлық аутомобильді газ құю стансаларында (АГҚС) аутокөлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға рұқсат етілмейді. Бұдан шығатын қорытынды, бірде-бір аутогаз құю стансасында газ баллондарды толтыруға болмайды. АГҚС-та тұрмыстық газ баллон ішіндегі сұйықтықтың мөлшері мен салмағы өлшенбейді. Ал аутокөліктердегі газ баллон жабдығындағы газдың мөлшерін өлшеп, артығын шығаратын реттеуші  тетік  бар.

Бейбіт Ахметұлы 2021-2022 жылдары Жаңаөзенде, Астана мен Алматы қалаларында газ баллондары жарылып, бірнеше оқыс оқиғаның болғанын айтып өтті. Осындай жағдайлардың жиі қайталануына байланысты ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасымен ел аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы дайындалған. Бөлім басшысы осы құжат бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда дейді. Бір айта кететін жайт, тұтынушылардың тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүргізу жергілікті атқарушы құрылымдарға жүктелген. Бұл «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР 2012 жылғы 9 қаңтардағы заңының 7-бабы («Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті») 5-тармағының 6-1-тармақшасында тайға таңба басқандай жазылыпты. Ал өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері газ баллондарды пайдаланатын өндіріс кәсіпорындарын қадағалайды. Баллонның талапқа сай сақталуына, технологиялық регламентке сәйкес қолданылуына, баллонды дәнекерлеу жұмыстарында пайдаланатын маманның рұқсат қағазының бар-жоғына профилактикалық бақылау жүргізеді. Себебі баллон кәсіпорындарда дәнекерлеу үшін қажет.

– Облыста тұтынушыларға тұрмыстық газ баллон сататын жер жоқ. Бұл мәселе жергілікті атқарушы құрылым деңгейінде шешілер деген ойдамыз. Біздің департамент Жол картасы бойынша ұсыныстар жолдады. Мәселен, «Аумақтың перспективалық даму жоспарына сұйытылған газға арналған баллондарды дайындайтын зауыт құрылысын қосу керек» деген ұсыныс жібердік.

Оған аймақ бойынша қолданыстағы баллондардың нормативтік пайдалану мерзімінің өтіп кеткені себеп болып отыр. Жоғарыда атап өткен қауіпсіздік талаптарының 171-тармағына сәйкес, баллондардың нормативтік пайдалану мерзімі 30 жылдан аспауы тиіс. Бұл мерзім өткен соң, оларды жою керек. Сұйытылған газдарға арналған баллондар дайындайтын зауыт іске қосылған соң, мерзімін өтеген баллондар жаңа баллонға ауыстырылуы тиіс. Сауда орындарында тиісті құжаттары жоқ газ баллондарды сатуға қатаң тыйым салу керек. Белгіленген талаптарға сай келмейтін газ баллондарды сатқан жеке тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне тиісті бап тармағының қарастырылғаны дұрыс шешім болар еді. Жергілікті атқарушы құрылым өкілдері бұл мәселелерді ҚР Үкіметіне ұсыныс ретінде енгізіп, мемлекет деңгейінде шешімін табады деген сенімдеміз. Сондай-ақ «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексі мен Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жергілікті атқарушы құрылымның газ-техникалық инспекторларының өкілеттігін кеңейту қажет. Бұл тұрмыстық баллондар мен газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды қатаңдату және бұзушылық фактілер анықталған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін қажет. Ең бастысы, газ жабдықтарын пайдалану талаптарын қатаң сақтау әр азаматтың міндеті екенін естен шығармаған жөн, – деді Бейбіт Шалабаев.

Нақты фото, бейне айғақ қажет

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық шаруашылық және газ-техникалық инспекция секторының бас маманы Мерует Жұмақанованы (суретте) сөзге тарттық.

5a9403fd-1db1-448b-ada0-a4d73b051e70

Газ-техникалық инспекциясы 2021 жылы құрылған. Инспекцияның мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылымдағы қауіпті құрылғыларды пайдалану ережесінің сақталуын, талаптарға сай болуын қадағалау, тексеру.

– Шағын және орта бизнесті тексеру ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 141, 144-баптарына («Тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі», «Тексерулерді ұйымдастыру тәртібі») сәйкес жүргізіледі.

Тексеретін нысандарды белгілеу үшін қалалық прокуратураның келісімі керек.

Биыл бизнес нысандарын тексеруге мораторий аяқталды. Сондықтан екінші жартыжылдықта кәсіпкерлік нысандарды тексеру ойымызда бар. Қазір тексеру кестесі бекітілгенше, тек бақылау, түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Аптасына бірекі рет рейдке шығамыз. Кәсіпкерлік нысандарға қатысты шағым түссе, ешкім-нің рұқсатынсыз тексереміз. Ол үшін тұрғындардың өміріне қауіп төніп тұрғанын дәлелдейтін нақты фото, бейне айғақ қажет. Былтыр осындай шағыммен жеке кәсіпкердің қазандығын тексеріп, бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілді. Бізде газ баллон қолданатын тұрғын үйлер мен мекемелердің нақты саны жоқ. Десе де, орталық базардың айналасындағы бірен-саран кафе, қоғамдық тамақтану орындарының тұрмыстық газ баллонын қолданатындары белгілі. Жеке адамдар газ баллон пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтамаған болса, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 306-бабының 1-тармағына («Газ пайдалану, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу») сәйкес 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сәйкесінше, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 10 АЕК, орта бизнес үшін – 15 АЕК, ірі бизнес үшін – 20 АЕК қарастырылған.

Орал қаласы 100% газбен қамтылған. Бірақ облыс орталығындағы саяжайларда тұратын кейбір тұрғындар газ баллон қолданады. Жаз мезгілінде барғандар сонда қыстап қалады. Әрине, олардың саяжайда еріккеннен тұрмайтыны түсінікті. Қалада баспаналары жоқ шығар. Саяжайға орталықтандырылған газ құбырын өткізгілері келгенмен, құжаттары дұрыс емес. Себебі олар бізге: «Саяжай жеріне мемлекеттік акт ала алмаймыз. Себебі бес жылға мораторий бар. Құжатымыз болмаған соң, көгілдір отын да жеткізілмейді» деген уәж айтады. Газ баллондар негі-зінен газ құю стансаларында (ГҚС) толтырылуы тиіс. Қалада  аттестатталған, яғни лицензиясы бар екі ГҚС болғанмен, олар қазір газ құймайды. Кәсіпкерлер тұрғындар тарапынан бұл стансаға айтарлықтай сұраныс болмағандықтан, тиімсіз деп отыр, – деді Мерует Жұмақанова.

Ескі баллондар есепте жоқ

БҚО бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы Бейбіт Шалабаев сауда орындарында құжаттары жоқ газ баллондарды сатуға қатаң тыйым салу керек деген еді. Босаған баллондарды толтыратын арнайы станса болмаса да, баллондар сатылуда. Демек, баллонға сұраныс бар деген сөз. Орал қаласының орталығындағы «1001 ұсақ түйек» базарында газ баллон сатылымда тұр екен. Баллон сыйымдылығына қарай 10 000 және 15 000 теңгеге бағаланған. Бірақ сатушы құрылғының құжаттары жоқ екенін айтты. Ал OLX онлайн хабарландыру платформасында мұндай баллондардың түр-түрі, ескі-жаңасы 15 000, 18 000 теңгеден сатылуда. Бұл құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен бе, жоқ па, белгісіз. Себебі оттегі және пропан толтырылатын баллондар 5 жыл сайын техникалық куәландырудан өтіп тұруы тиіс.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі газ баллондарының жарылыстары мен газ-ауа қоспасының оталуының (вспышка) жиілеуіне алаңдаушылық білдіруде (https://www.gov.kz/memleket/ entities/emer/press/ news/details/ 682386?lang=kk). Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2023 жылы елімізде газ баллондарға қатысты 128 оқыс оқиға тіркелген. Онда 21 адам қаза тауып, 167 адам жарақат алыпты. Қаңтар айының алғашқы аптасындағы мәлімет бойынша, газ-ауа қоспасының оталуынан болған 4 оқиға тіркелген. Онда 3 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алған. Ал 2023 жылы қатты отынмен жанатын пештен шыққан улы газдан 11 адам қаза тауып, 42 адам жарақаттанған. Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиевтің мәліметінше, 2022-2023 жылғы жылу беру кезеңінде (2022 жылғы 1 қазан-2023 жылғы 15 сәуір) өңірде газдан уланған 2 адам қаза болып, 2 адам жарақаттаныпты.

Газ баллондарының жарылуы мен газ-ауа қоспасының оталуына оларды пайдалану және сақтау ережелерін бұзу, құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуі себеп болып отыр. Мамандардың айтуынша, газ жабдықтарын уақтылы тексеру және жөндеу қажет. Газ баллондарын тек мамандандырылған ұйымдарда толтырған жөн. Аутожанармай құю стансаларында тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс-тің 170-бабымен («Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасының талаптарын бұзу») әкімшілік жаза қарастырылған.

Біз құзырлы құрылым өкілдерінен баллонның қайда сатылатыны, оларды қайда толтыруға болатыны жөнінде нақты жауап біле алмадық. Бірақ тұрмыстық газ баллондарды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды күшейту күн тәртібінде тұрғаны анық. Оған жыл басында болған оқиғалар дәлел.

Газ құрылғыларын қолдану және күтім жасау ережелері:

* Газ баллондарды көпқабатты (2 қабаттан жоғары) тұрғын үйлерде қолдануға тыйым салынады;

* Электр қондырғылардың, жанып жатқан пештің, ашық оттың жанында газ баллонды ауыстыруға болмайды;

* Газ құрылғыларын тек арнайы мамандарға жөндеткен жөн;

* Баллонды ауыстырғанда крандары жабық екеніне көз жеткізу қажет. Ауыстырған соң, оның герметивті жалғанғанын (сабынды  көбіктің көмегімен) тексеру керек;

* Тұрғын үйлерде 12 литрден аспайтын  газ баллон ғана қолданылады;

* Баллондарды сақтайтын қоймалар тез ашылатын жабыны бар және шатыры жоқ ғимараттарда сақталуы тиіс;

* Газ баллондар күн  сәулесінен және жауын шашыннан қорғалуы тиіс;

* Газ сақталған қойманың желдеткіші болуы керек;

* Газ иісі шықса, баллон кранын жауып, есік-терезені ашып, бөлмені желдеткен жөн. Электр құралдарын сөндіру керек. «104» қызметін шақыру қажет.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале