Бас негізінен бас табаққа салынып әкелінеді. Басты отырған қонақтардың ішінде жасы үлкен кәрияға немесе келген сыйлы қонаққа ұсынады. Бас ұстаған адам бата беріп «біссіміла» деп басты езуінен бастап кеседі. Олай ету себебі, «езуімізден май кетпесін» деп ырымдағаны екен.
Фото: zhaikpress.kz
Одан соң оң құлағын кеседі де, сол үйдің баласына береді. Себебі қойдың құлағында бар береке жас баланың басына қонсын дегені екен. Содан соң басты жапырақтап кесіп, айналасында отырғандарға берген. Бұл «басымыз аман болсын», «несібеміз, ырысымыз бір болсын» деген ырым.
Ал қойдың көзін отырғандардың ішінде тек біреуіне ғана ұсынады. Екі адамға ұсынса бір-біріне ала көз болады, өшігеді деп ырымдаған. Қойдың басын әкесі тірі адам ұстамайды, ел арасында «әкем өліп қалады», «әкемнің басын қадірлемей кетермін» деген ырымдардан қорыққан.
Ал қойдың мұрнын (кеңсірігін) иесіне қалдырады, ондағысы иесі болып жүре бер дегені десе, қойдың тілі мен таңдайын ұсынғанда міндетті түрде тілек айтып ырымдайтын болған. Айталық біріне «шешен бол» десе, екіншісіне «күміс көмей әнші бол» деп береді екен.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz
(«Салт-дәстүр сөйлейді». Хрестоматиялық анықтамалық. А. 2017 жыл)