2022 жылдан бері еліміздегі ауыз бекіткен жандарға ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атынан ауызашар беру дәстүрге айналды. Бүгін Жайық бойын жайлаған ағайынға мемлекет басшысы атынан ауызашар берілді.
Оған облыстың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, аймақтың барлық ауданынан еңбек ардагерлері, еңбек адамдары қатысты.
- Барлық мақтау мен мадақ Әлемнің, азаматтың Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеттік. Құрметті ағайын баршаңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Тілек-ниеттеріңіз қабыл болсын. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Одан соң БҚО бас имамы Самат Әлібаев жиналған жамағатты рамазан айымен құттықтап, елге амандық, барша адамзатқа амандық тіледі.
- Биылғы Рамазан амал мерекесіне, әз-наурызға сай келді. Қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін, - деді бас имам.
Президент атынан жайылған ауызашар асында ел тарихы, ораза шапағаты жайында салиқалы әңгіме айтылып, ел амандығына дұға бағышталды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz