Биылғы көктемгі су тасқыны Казталов ауданына біраз қауіп төндіргені белгілі. Осыған орай тасқынға тосқауыл қою жұмысы да қарқынды жүргізіліп, нақты тапсырмалар алынған еді. 30 наурыз күні қауіпті аймақ деп саналған Жалпақтал ауылындағы «Автобаза» маңында орналасқан тас көпір арнайы жырылып, тасқын судың жолы кеңейтілген еді.
Бүгін сол көпірді қайтадан қалпына келтіру жұмыстары уақытылы қоға алынып, аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлының қадағалауымен жүзеге асып жатыр.
Ауыл тұрғындарының мал-жандары үшін аса қажетті көпірдің дер кезінде қалпына келтірілуі жалпақталдық ағайындарды қуантуда. Сондықтан игілікті шаруаны жүзеге асырып, ел алғысына бөленген аудан, ауыл басшылары мен сала мамандарының істері берекелі болып, ел ырысы молая берсін!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы