25.04.2024, 17:45
Оқылды: 57

Су бар жерде ырыс бар

Су - өмірдің өзегі. Оған бар тіршілік атаулы тәуелді. "Су - тіршілік көзі", "Қара суда қасиет бар" деп жатамыз, алайда іс жүзінде сол тіршілік көзіне деген құрмет жоғалып, күнделікті судың қадірін біле бермейтініміз шындық. Тәулік бойы сарқырап су ағып тұрған соң бір тамшы суға зар болған жандарды түсінуге тырыспаймыз. Қара судың қадірі барлығымыз үшін маңызды. Әсіресе жаздың ыстығында тіршілік көзінің тоқтамауын тілейміз. Бүгінде жаңақалалықтар ауыз судың тапшылығын сезінбейді, бұрынғыдай бидонмен, шелекпен тасып ішетіндер қатары азайып, біраз шаңырақта жеке-жеке құбыр тартылған. Алайда үйдегі шүмектен ағып тұрса да, оны ретімен жұмсауды үйрене алмай келеміз. Ауыз судан таршылық көрмесе де, ауылымыздың кейбір көше тұрғындары техникалық суға зәру. Аудан орталығында суды көп мөлшерде қажет ететін бірнеше автөкөлік, кілем жууға, өзге де мақсаттарға арналған орындар бар.  Десек те кәсіп иелері өз істеріне  таза суды пайдалануда.

drop-of-water-578897_1280

Фото: pixabay.com

- Кәсіптің бұл түріне aудaнымыздa сұраныс жоғары болғандықтан әрі  күнкөріс қамы үшін отбасымызбен ақылдаса келе 2021 жылы осы орталықты аштық. Әсіресе көктем, күз мезгілдерінде  тапсырыстар жиі түсіп тұрады. Бір күнде 15 шақты көлік жуамыз. Көлік жууға көп мөлшерде су жұмсаймыз. Бұған қоса кілем тазалаумен де айналысамыз. Уақыт тапшылығынан ба, қазір төсемдерін қолмен жуатын тұрғындар сирек, көбісі орталыққа әкеліп тастайды. Жазғы уақытта тәулігіне 5-10-дай тапсырыс түседі.  Көшемізге техникалық су жүргізілмегеннен кейін амал жоқ,  ауыз суды пайдалануға мәжбүрміз. Десек те орынсыз шашпауға тырысамыз. Ауыз су тапшылығы бүгінде күрделі мәселелердің бірі екенін жақсы білеміз. Оның қашанға дейін жетері белгісіз. Табиғи суды үнемдеудің бірден-бір жолы барлық көшені көл суымен қамтамасыз ету. Осы қалауымыз жүзеге асса, кәсібімізді одан әрі дөңгелетуге мүмкіндік туар еді,- дейді «Ақан» жеке кәсіп иесі Еркебұлан Бисембиев.

Мәселен, судың қадірін түсінетін Германия мемлекетінің халқы көкөніс жуған сумен бақша суарса,  жұмыртқа қайнатқан сумен есік,  терезе сүртуге пайдаланады екен. Ал бізде ауыз сумен төрт түлігін,  бақшасын суарып қана қоймай, есік алдын салқындатып, қысқасы күнделікті тұрмыста кеңінен жаратады. Қазір көшет егу науқаны басталғалы көл суының зары әбден өтті. Тіпті кейбір тұрғындар ауласына бақша еге алмай отырғанын жасырмады.

- Қазақта «Шөл жа­ғалап қонба, көл жағалап қон» деген керемет сөз бар. Айтқым келгені, тіршілік қорының күнделікті тұрмыста алар орны ерекше. Өзім аудан орталығындағы Дина Нұрпейісова көшесінің тұрғынымын. Жаз басталса, ыстық жел мен шаң-тозаңнан көз ашпаймыз. Ауламызды, үйіміздің маңын көгалдандырумен қатар ішіп отырған таза суымызды үнемдеу мақсатында терек егіп, бақша өсіріп, өнімін көруге қазір мүмкіндік болмай отыр. Оған себеп - көшемізге техникалық судың жүргізілмеуі. Бұл мәселе төңірегінде былтыр көктемде аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев пен ауыл әкімі Ақан Қапановтың көше тұрғындарымен кездесуінде кеңінен қозғап, көл суын тартып беруді сұрағанымызда, күз мезгілінде жүзеге асырылады деген болатын. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қажиевке жолыққанымызда көктемде деді. Алайда күз кетіп, қыс өтіп, көктем аяқталуға қалды. Әлі өтінішіміз қанағаттандырылмады. Өңіріміз сулы аймақта орналасқан. Айналамызда өзен, көлдер баршылық. Ауыл ішіне кіріп тұрған көл суын пайдалана алмауымызға не себеп? Ауыз су - құнды байлығы­мыз. Оның да бітер күні алыс емес. Бұл мәселе оңынан шешілсе, таза суды тұрмыста тұтыну әлдеқайда төмендер еді, - дейді ауыл тұрғыны Жанұзақ Тұрақбайұлы.

Ауылымыздың техникалық сумен толықтай қамтамасыз етілмеу себебін білу мақсатында, сондай-ақ көл суынан тапшылық көре отырып, жаз басталса, жыл  сайын дәстүрге айналған шіріген құбырлардан атқылайтын судың  көшені көл-дария қылатынын да тілге тиек етпекке жергілікті "Коммунал" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Асылбек Төлешовке жолығуды жөн көрдік.

- Аудан орталығындағы барлық көшелердің техникалық сумен қамтамасыз етілмегені рас. Қазіргі уақытта ауыл ішіндегі 50 жылдың үстіне шыққан 13 шақырым көл суы құбырларының 1 шақырымы пластик, тозуы 90 пайызға жетіп тұр. Және ішкі жүйесі топыраққа толып қалғандықтан, тұрбалар жиі жарылып, апаттар орын алып жатады. Халық "жарылған құбырлар дер кезінде жөнделмейді" деп наразылық тудырып жатады. Алайда ол мүмкін емес, себебі жарылған құбырлардың ішіндегі су толықтай ағып, кеппейінше дәнекерлеу жұмысына кірісе алмаймыз. Сонымен қатар биыл құбырларды жамауға бюджеттен бары 500 метрдей пластик тұрба бөлінді, оның өзі көшелерге емес, аудан орталығындағы саябақтарға жұмсалатынын жеткізгім келеді.  Сондай-ақ көпшілік тарапынан  "көл суы күнделікті үзілмей берілсе" деген пікірлерді де құлағымыз шалып жатады. Бұл жөнінде тарқатар болсам, су екі бағытта, яғни  бірінші бағыты Халықтар достығы мен Астана көшесі арқылы, ал екінші бағыты  Сүлекешов пен Құрманғазы көшелері  арқылы жүреді. Қатар жіберуге қысым жетпейді де, күнара кезекпен жіберуге тура келеді. Ал ауыл көшелерінің толықтай техникалық сумен қамтамасыз етілмеу себебіне келсек, бүгінгі таңда Абат Қалиев басшылық ететін «West Kazakhstan survey» ЖШС-нің демеушілігімен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтады, сараптаманың қорытындысы күтілуде. Дайын болған жағдайда аудандық әкімдік арқылы тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданатын болады. Нақты уақыты белгісіз. Жаңа жобаларға барлығы емес, Халықтар достығы, Бабажанов, 1 мамыр, А.Оразбаева, Еділбаев, Дауылбаев, Астана, Е.Орақбаев, Айтқұлов секілді көшелер енетін болады.  Тағы бір қосарым, көл суы былтыр қалай ұсынылса, биыл да дәл солай қолданысқа берілетінін жергілікті жұрттың қатеріне бергім келеді, - дейді мекеме басшысы.

- Бүгінгі таңда қандай бағытта жұмыстанып жатырсыздар және сіздер үшін түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткіл қандай? деген сауалымызға, ол: - Қазір көл суына қажетті жабдықтар мен дәнекерлеу құрылғыларын дайындау үстіндеміз. Ал мәселеге келер болсақ, жалақы мөлшері аз, халықпен тығыз байланыста болатындықтан, жұмыс жасауға құлықты адам  оңайлықпен табылмайды, жұмысшы саны жеткіліксіз, метриалдық-техникалық база өте төмен. Автокөлік пен агрегаттар жоқтың қасы. Ал мұның бәрі қаржыға келіп тіреледі. - деп сөзін түйіндеді.

Асылбек Сұрамысұлының сөзін тыңдап отырып, "Жомарттың қолын жоқшылық байлайды" демекші, өз қызметтерін мүлтіксіз атқаруға мүмкіндіктері жоқ, кәсіпорынның кірістеріне қарағанда шығыстарының басымдылығын және өзге мекемелерден өзгешелігі, өзін-өзі қаржыландыруында (оған қызметкерлердің жалақысы, мекеменің ай сайынғы коммуналдық төлемдері кіреді) екенін аңғардық.

Су тапшылығы қай кезде де өзекті мәселенің қатарынан қалған емес. Алланың адамзатқа тарту еткен табиғи байлықтарын өз орнымен қолдана білсек, тіршілік нәрінен таршылық көрмес едік.   Судың да сұрауы барын ұмытпай, су бар жерде ырыс барын ұғынсақ!

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале