Апат айтып келмейді. Соның ішінде табиғаттың дүлей күші адамның ырқына тіптен бағынбайтын кездері де болады. Ал биылғы жыл табиғи апатымен есте қалатын жыл болды. Ешкім күтпеген табиғаттың кесепатынан еліміздің біршама өңірінде қазақстандықтар қатты зардап шекті, біздің облысымыздың да біркелкі аудандарында топан су басу оқиғалары орын алды. Су шайған ауыл-аймақтар, дүние-мүлкінен, төрт-түлік малдарынан, басындағы баспанасынан айрылған ағайын-жұрт облыстағы 19 эвуакуциялық орталықтарда он шақты күн бас сауғалады. Ал азаматтар болса қолдарына күрек, қапшық алып, тасқын суға қарсы барлық шараларға білек сыбанып, күш біріктіріп, көп болып ат салысты. Айта кету жөн, қауіпті аймақтың тұрғындары күні – түні судың бетін өз күштерімен қайтарып, үлкені – кішісі бірігіп, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай» ұйымшылдық танытты.
Дейтұрғанмен, судың беті қайтып, тұрғындар үйлеріне қайтып оралды десек те жағдай түзеле қалды деп айта алмаймыз. Тасқын өткен жерлерде қаншама қыруар жұмыс және қаншалықты қаражат керек екендігін ойласа болды, зиян шеккендердің түнгі ұйқылары төрт бөлінетіні рас. Қазіргі таңда олардың жағдайларынан хабардар болып отырған басшылық, барлық көмекті жұмылдыруға тырысып бағуда. Десек те үлкен шығынға душар болған және қиындық көріп отырған көп балалы отбасыларға ерекше қамқорлық, материалдық көмек қажет-ақ. Ал алдағы уақытта олардың жағдайлары қандай болмақ, жаңа баспана бола ма, әлде үйлер салына ма, материалдық шығындарды кім өтейді, қайда барады деген сауалдарға әзірге ешкім де нақты жауап бере алмайды. Дымсыз қалған мыңдаған отбасылар азын-аулақ қаржылай көмекті алды. Көршілес облыстарымыздың түкпір-түкпірінен көмекке еріктілер мен мыңдаған техникалар жұмылдырылды, гумантарлық көмек келді. Брақ бұл - мәселені түбейгейлі шешпейтіндігін баршасы да түсініп отыр. Аталған мәселені Парламенттен бері қарай, ауыл-аймақта да шешімін табуға тырысып бағуда.
Жақында ғана республикалық, облыстық БАҚ беттерінде қоғам қайраткерлері, сарапшылар айтып өткендей, тығырықтан шығудың бірнеше тәсілі бар, соның бірі – халқы көшіп кеткен ауылдарға судан зардап шеккен халықты орналастыру болып табылады. Ойлап қарасақ, суы, газы, электр жарығы келіп тұрған ауылдарға қайтадан адамдар келе бастаса, ауылдың тамырына қан жүгіріп, қалпына келер еді деген ой бар.
Осы бағытта барлық БАҚ насихаттап, қолдан келер шараларды жасап жатыр. Ауылдың үлкендері өздерінің ақыл-кеңестерін беріп жатыр. Мысалы көпті көргендердің бірі, ауылдың жағдайын да, құрылыс жайын да білетін зейнеткер архитектор –инженер Сағынғали Имашев өз пікірін айтқан-ды:
- Өз басым Кеңес дәуірін де, қазіргі заманды да көріп келемін. Салыстырмалы түрде қарап, сараптап шығатын кездерім болады. Кеңес дәуірінде ең алдымен адамдардың күн-көріс деңгейін жақсарту, тамақтандыру, баспана салып беру, білім беру бағытында 5 жылдық жүйелі жоспарлар алынып, іске асуға барлық күшті салдық. Ал қазіргі ғылым - техника, ғарыш дамыған заманда тек қана іргерілеу, одан әрі даму кезеңдерінде жұмыс жасауымыз тиіс еді. Әйтсе де кейбір стратегиялық бағыттарды қабылдауда дұрыс жоспарланбауы салдарынан ба, бәлкім, кемшіліктер шығып жатыр. Кейбір салаларда мамандардың жетіспеуінен де себеп - салдар болады. Ал алдымызда әлем бойынша су тапшылығы туындайтыны айтылудай-ақ жарияланып келеді. Алдағы қуаңшылықты, су тапшылығы туындайтын кезеңдерді ескере отырып, елімізде су жинайтын, сақтайтын бірде бір құрылыстың болмауы қатты өкінішті. Ал сол бір ендігі уақытта қат болар судың қазіргі таңда дес бермей ауыл-аймақты, қалаларды басып, шығын тіркелуі тіптен өкінішті. Ендігі кезекте бұл қателікті жоюға тырысу жөн. Ал жапа шеккен отбасыларды болашағы бар деген ауылдарға қарай тарту дұрыс болар еді, әрине....»
Осы тұрғыда өз ойын айтқан «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязовты тыңдасақ: «Жақын арада Қазақстан телеарнасында су тасқыны тақырыбында өткен «Ашық алаң» бағдарламасы көпшілікті бір елең еткізді. Себебі мұнда мәселенің мәнісін түсіндіруге, тығырыққа тірелген тұрғындардың жағдайын айтуға, түйінді шешу жолдарын айтуға ҚР Парламенті Мәжілісі депуттатарының және де осы тақырыпқа қатысы бар басшылардың қатысуымен өткен болатын. Бағдарлама кезінде көрермендер тікелей эфиде сұрақтарын қойып жауаптарын алып отырды. Солардың ішінде ұсыныс-пікірін айтып, «Ашық алаңға» қоңырау шалған біздің жерлесіміз Сағындық Қалниязовтың сөзін де көпшілік қолдап шықты. Аудандық мәслихат депутатының осы бір пікірін басқа да ауыл, аудандардағы әріптестеріміз қолдап, жапа шеккендерге қолдау ретінде ауылдарға көшіп келуге шақырсақ деймін!».
Жылдар бойы Алмаз ауылдық округінің әкімі болып еңбек еткен, ауылдың жанашыры болып жүрген, қазіргі таңда Сегізсай елді-мекенінде өз ісімен айналысып, елдің де жайын ойлап отырған Сағындық Калниязовтың сөзін тыңдасақ, «Мына біздің батыс өңірінде биыл су тасуы болып, бірталай әбігерге салды. Көзіміз көріп отыр, тұрғындар қиналып қалды. Осындайда мен де өз ойымды, ұсынысымды айтқым келеді. Біздің тұрған жеріміз адамдардың тұрғылықты тұруына өте қолайлы. Су тасу қаупі жоқ. Географиялық жағынан адамға да, малға да өте қолайлы жер. Мектебі, шағын дүкені бар. Сегізсай ауылы деп аталады. Ақтөбе-Орал, Самара-Шымкент тас жолы бойынан 5 шақырымда орналасқан, оның өзі күре жолға дейін тұрығындардың өтініші бойынша аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, асфальттатып берді. Ауылдан трассаға шығуға еш қиындық жоқ. Осындай жерлерге неге тасқыннан жапа шеккендерді әкеліп орналастырмасқа, неге үй-жайын беріп, жағдайын жасамасқа»- деп өз ойын ортаға салады.
Иә, күнделікті әлеуметтік желінің бетін шұбарлап жүрген өтірік-шыны аралас ақпараттарды алып қарасақ, қарғын судың қарқыны шыдас бермей үйлерін опырып, аула - қораны мал-құсымен сүйрей жөнелген оқиғалар көп. Шынымен-ақ біздің батыста болғандығы тағы рас. Алғашында, судың қауіпі төнген ауыл тұрғындары төтеншеліктердің «Тез арада, үй-жайларыңды босатып, эвакуациялық пункттерге орналасыңыз!» деп жақтары талып, қаншама хабарлама таратса да, ешкім мән бермей, бейқам жүріп алған. Ал үлкендердің айтуынша мұндай алапат тасқын су осыдан 80 жыл бұрын болған деседі. Мүмкін табиғат ана, адамдардың тіршілік көзіне бей- жай қарамауын, қадірін білуді ескерткісі келген болар, бәлкім. Не десек те, адамзаттың табиғи апатқа мүлдем әзір болмағандығын, оның алдын алу шараларын алмағандығын бір көрсетіп өтті емес пе, тек осыдан саба алсақ, қане!
Ал адамдары көшкен ауыл-аймақ, келем дегендерге құшағын айқара ашып, қабылдауға әзір. Ауылдарда жөндеуге келетін баспаналар, «Ақбұлақ» бағдарламасымен өткізілген таза су, «Ауыл аманаты» жобасымен берілетін 2,5 пайыздық несиелік қаражаттар тағы бар. Жұмыс болмаса мал алып, дархан дала төсінде мал өсіріп, кәсібін дөңгелетіп, іс бастаймыз дегендерге үлкен мүмкіндік. Ауылға келіңіздер, көріңіздер, өсіп-өніңіздер дейміз, ағайын!
Айсұлу Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz