21.05.2024, 23:37
Оқылды: 57

Бес айдан бері ФАП-та интернет жоқ

Бүгін халық алдында есеп беру кездесуі Қамысты ауылында өтті. Есептік кездесуге Жәнібек  ауданының әкімі Тимур Шиниязов, дербес бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуде Қамысты ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Оралбек Кенханов жыл басынан атқарылған жұмыстарды баян етті. Мәселен, жуырда жазғы кезеңде жағажайды жайластыру жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар «Бал+Нұр» жеке кәсіпкерлігі ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін жалға алып, құрақ көрпе тігу, тағы да басқа тігін жұмыстарын жүргізіп отыр. Мамыр айының 1-інен бастап «Сайхаденова У.И.» жеке кәсіпкерлігінің ұйымдастыруымен «Қамысты-Орал-Қамысты» бағытында жолаушылар тасымалдайтын шағын автобус жұмысын бастаған.

image-21-05-24-09-39-2

О.Кенхановтың баяндамасынан кейін аудан басшысы Тимур Серікұлы аудан бойынша атқарылған және атқарылатын жұмыстың әрқайсысына тоқталды.
Кейін ауыл тұрғындары сұрақ-жауапқа көшті. Ауыл тұрғыны Еркін Есенова: «Ауылішілік жолдардың жағдайы мәз емес. Жаяу жүргіншіге де көлікке де қиын. Жаңбырдан кейін кеуіп қалған ойыс-ойыс жерлерді тегістеу керек», - деді. Сол сияқты Жаңылсын Дошева жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункте интернеттің жоқтығын айтып, ауыл тұрғындарына қолайсыздық келтіріп отырғанын жеткізді. Ауылдың ақасақалы Бұрхан Өтеғалиев бірнеше мәселені алға тартып, ұсынысын да жеткізді. Оның айтуынша, 2017 жылы ауылға ауыз су кірген, алайда дұрыстап күтіп-ұстамағаннан кейін оның тозығы жетіп, қазіргі таңда құбырлары мен крандары шіріген. Сонымен қатар су трассалары мен құдықтары жер-жерден ойылып кеткен. Одан бөлек жыл сайын айтылып келе жатқан жарық та сөз болды. Сондай-ақ Бұрхан Закарияұлы болашақта ауылға сою бекеті керек деді. Өйткені ауылда, тіпті ауданда мал саны жыл сайын артып келеді. Оны асырау үшін жер керек. Бірақ жер жеткіліксіз. Қосымша қаражат ет өңдейтін қасапханаға жұмсалса, ауданға әлдеқайда тиімді болар еді деді. Қамыстылық Салтанат Кенжәлиева жазғы мәдени және демалыс саябағына жөндеу жұмыстары қажет екенін баса айтты. Қоршаулары осал, мал кіріп кете береді екен. Сол себепті гүл мен тал-теректерді еге алмай отыр.

image-21-05-24-09-39
Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша жауап беріп, ұсыныстарды жазып алды.
Жиын соңында кей тұрғындар жеке қабылдауға кірді.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале