28.05.2024, 12:00
Оқылды: 61

Шыңғырлаулық диқандар қалай жұмыс істеп жатыр?

Керімсал көктемнің қоңырсалқын лебімен бусанған Жер-ана жасыл кілемге орана түскендей. Осы маусымның әр күніне үміт артатын шаруа адамының елдің ертеңгі ырыздық-несібесі үшін тер төгетін кезі бұл. Ақсай – Шыңғырлау тасжолы қапталындағы егістік алқаптарындағы техника дүбірі құлақ тұндырады. Сәуір айының екінші жартысында Шыңғырлау ауданының дала еңбеккерлері дән себу жұмысын бастады.  

 жп дала чингирлау

– Биыл ауданымызда 15 мың 775 гектарға, соның ішінде 6 мың 540 гектарға – дәнді, 4 мың 650 гектарға – майлы, 4 мың 380 гектарға малазықтық дақылдар егу жоспарланды. Бақша өнімдерімен аудан халқын қамту үшін 205 гектар жерге бақша дақылдары өсіріледі. Өткен жылы себілген көпжылдық шөп алқаптарын  есепке қоссақ,  аудандағы егістік көлемі 37 мың 925 гектарды құрайды, - деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Оразғалиев.

Қазіргі кезде шаруашылық құрылымдары 15 571 гектарға толығымен ылғал жабуды аяқтап, 7742 гектардың  77,6%-ы  дән себу алдындағы өңдеуден өткен. Диқандар 1 682 гектарға жаздық бидай (70,3%), 1447 гектарға арпа (196,3%), 1891 гектарға мақсары (52,5%), 80 гектарға жасымық (100%), 1562 гектарға көпжылдық шөптер (50,7%) егуде. Сонда барлығы 6553 гектар егістік танаптарына дән себіліп, жоспарлы шаруа 45,9%-ға еңсерілген. Көктемгі далалық жұмыстарға 70 трактор, 41 соқа, 55 культиватор, 33 дән сепкіш, 2 бүріккіш, 2 егістік кешені тартылған. Бөлім  басшысының айтуына қарағанда,  техника егіске толық дайындықпен кіріскен. Осының өзі, егер ауа райы қолайлы болса, егу жұмысын  уақтылы әрі сапалы атқаруға сеп болмақ.

жп дала чингирлау

Аудандағы «Жарас» компаниялар тобына қарасты «Жаңа жер» шаруа қожалығы Ащысай ауылдық округіне қарасты егістік алқабында далалық жұмыстарды қарқынмен жүргізуде. «Шаруашылық 650 гектарға жаздық бидай, 307 гектарға арпа және майлы дақылдарды (мақсары, күнбағыс) егеді. Былтыр жаздық бидайдың әр гектарынан 15 центнерден, майлы дақылдардан 10 центнерден өнім алынды», – деді аталмыш компаниялар тобының директоры, «Жаңа жер» шаруа қожалығының жетекшісі Әлібек Талдыбаев. Басшының сөзіне сүйенсек, қожалықтағылар көпжылдық шөп түрлерін өсіруге маманданған. Малазықтық дақылдарды өсіріп, өздерінің төрт түлігін қамтамасыз етеді. Шаруашылықта тауарлық мақсатта өсірілетін ірі қара мал басы - 300-дей, сондай шамада жылқы, қой және 10 шақты түйе бар.

Жалпы компаниялар тобында 80 адам еңбек етуде. Егін егумен айналысатын шаруашылықтың басшылығы техника паркін жаңартуға, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге мән-маңыз береді. Өткен жылы органикалық тыңайтқыштар шашатын түріктің машинасын, тыңайтқыш шашатын техникасын мемлекет қолдауымен лизингке алынды. Бүгінде екі «Джон Дир» егістік кешенінің, үш «Джон Дир», үш «Вектор» комбайнының, «К-700» және басқа да заманауи шағын тракторлардың арқасында диқандардың еңбегі жеңілдеген. Жаңа технологияларды, жерді пайдаланудың тиімді тәсілдерін игеру өнікті өнім алуға бастайды. Ел ырысын еселеу жолында тер төгіп жүрген еңбеккерлер көктемгі ылғалды ұтымды пайдаланып, егісті уақтылы әрі ыждағатты жүргізуде.

Компания ұжым мүшелерінің, аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында түрлі көмек көрсетеді. Өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезінетін кәсіпорын абаттан-дырумен, көшелерді жарықтандырумен, қалпына келтірумен айналысады. Бұдан бұрынғы жылдары Ақшат (Белогорка) ауылында көпір салды, мешітті жөндеді. «Шыңғырлау астық қабылдау» ЖШС-ның директоры Әлібек Талдыбаев көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетуді парыз санайды. Қол астындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында 7 қызметкерге аудан орталығынан 7 үйді сатып алып берді. «Компаниялар тобында еңбек етіп, зейнет жасына жеткен тракторшыларға, мамандарға баспананы тегін беріп, қуантамыз. Одан басқа жас отбасылардың алдына екі бас сиыр, 5-10 қой салып береміз. Бес-алты жылдан кейін әжептәуір мал құрап алады. Үй тірлігіне техника қажет болғанда көмектесеміз», – деді Әлібек Жұмаханұлы.

Елді алқымынан алған пандемия кезінде де аталмыш компаниялар тобының басшылығы азаматтық белсенділік көрсетті. Блокбекетте қызмет атқарып жүрген медицина және полиция өкілдерін ыстық тағаммен қамтамасыз етті. Ақ Жайық өңіріндегі ұлттық басылым – «Орал өңірі» газетіне компания есебінен 20-25 адамды тұрақты жаздыртады. Ауыл-аймаққа жасаған жақсылығын тізбелей берсек, ұзаққа кетеміз. Бастысы, ауданда осындай елгезек компанияның барына шүкір. «Парыз – 2022» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымын иеленіп, марқайғандары күні кеше.

«Бір кездері ауыл-ауданда механизатор, тракторшылар тауып, жұмысқа тарту қиын болды. Қазір жұмысшы мамандары тұрақтады. Аудандағы Шыңғырлау колледжінің   түлектері келіп, еңбеккерлер қатары толыға түсті. Мысалға, Нұрәлі Казенов, Аян Тәжікешев, Святослав Мухин, Әмір Төлеуішев сынды еңбекқор жастар шөп шабу науқанында көш басында жүреді. Ауданда шөп орамасы 5 мың теңге болса, кәсіпорын жұмысшыларына 26 ораманың (екі тіркеме) әрқайысы 3 мың теңгеден арзанға беріледі. Күзде қорасындағы малы барларға жем ұсынылады. Маусымдық жұмыс кезінде механизаторлардың жалақысы 300 мың теңгеден кем болмайды. Комбайншылар айына 1 млн теңгеге дейін табыс табады. «КамАЗ» көлігін жүргізушілер шамамен 300-400 мың теңге алады. Қарапайым жұмысшылардың жалақысы 250 мың теңге шамасында. Біз жұмысшылардың ынта-шынтасымен еңбек етуі үшін барлық қолдан келген жұмыс жағдайын жасаудамыз», – деді «Жарас» компаниялар тобының директоры Әлібек Талдыбаев.

«Жаңа жер» қожалығының егін алқабында екі егістік кешені көз ұшында тұқым шашып барады. «КамАЗ» тіркемесімен және трактор тұқым тасымалында жүр. Одан басқа екі «К-700» жер жыртуда. Күзге дайындық қазірден басталған. Мамыражай мамырда жер жыртатын басқа шаруашылықты ауданнан таба алмайсыз. Биыл жаңажерліктер жасымықты алғаш рет екті. Оның өзі құрғақшылыққа төзімді дақыл көрінеді. Шаруалар оны азық-түлік, мал-азықтық дақыл ретінде өсіреді. Жақында 300 гектарға арпа егуді аяқтады.  Оны егуде минералдық тыңайтқыштарды пайдаланды. Енді бидай, мақсары егілуде. Одан кейін тары, шемекі себіледі. Содан күзге салым диқандардың қажырлы еңбегі мен күш-жігері арқасында қамбаға алтын маржан құйылуынан үмітті ұжымдағылар. Тоқетерін айтар болсақ, қарапайым еңбек адамдарының маңдай терін тамшылатумен ел несібесі молаяды, өңірдің өз астығы болады. Өз астығымыз болса, нан бағасын қалыпты деңгейде ұстауға ықпал ететіні кәміл. Жаңажерлік диқандар мұны біледі.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале