5.06.2024, 9:00
Оқылды: 67

Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

«Орман-тоғай «қартайып» барады»

00D872D1-59A4-4633-8756-8EC07007F00E

Орман алқаптары тіршілікте құнарлы топырақты, сапалы су көздерін қорғайды, қолайлы климаттың қалыптасуына ықпал етеді. Бастысы, Жер шарының өкпесі тәрізді тыныс алатын ауаны оттегімен байытады, экологиялық апаттардың зардаптарын бәсеңдетеді. Сондықтан орман-тоғайды қорғау оны пайдалану мен қорын қалпына келтірумен байланысты жүргізіледі. Осы бағытта Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қандай шаруалар тындырылуда деген сауалмен аталмыш кәсіп­­орын директоры Қайрат Есенғалиевке жолығып, сұқбаттастық.

– Қайрат Ерланұлы, еліміз ТМД елдері арасынан жер аумағы бойынша – екінші, орман қоры жағынан әр шаршы шақырымға шаққанда – ең соңғы орындамыз. Орман қорына бай емеспіз, сондықтан ағаш және ағаш өнімдерін басқа жақтардан аламыз. Бізде орман-тоғай табиғат қорғау қызметін атқарады. Ендеше, осы жасыл-желекті молайту бағытында жұмыс істейтін тұқымбақтарды жаңарту һәм дамыту өзекті. Естуімізше, сіз бұрынғы қызметіңізде тұқымбақты жаңарту жобасын жүзеге асырыпсыз. Оқырмандарымызға сол жөнінде айтыңызшы.

– Биыл Шыңғырлаудың, Ақжайықтың, Чапаевтың, Тайпақтың тұқымбақтары тасқын су астында қалды. Сол бақтарда ағаш түрлерінің тұқымдары өсіріледі. Мұның алдында Теректі ауданында­ғы Ақжайық орман  және жануарлар дүниесін қорғау коммуналдық мемлекеттік мекемесіне басшылық еттім. Сонда Еңбек ауылындағы тұқымбақты дамытуға күш салдық. Оның аумағы – 1 гектар, тұқым өсіруге тар болды. Содан тағы 1 гектар жер қосып алдық. Бақтың айналасын бұтасын, ағаштар басып кеткен-ді. Соның барлығы техника күшімен тазаланды. Жайықтың бұрынғы сағасынан, көлшіктен тұқымбақтағы екпелерге су алып тұратынбыз. Көлшік жылдан-жылға құрғап, тартылып барады. Шалшық сумен көшет өсіре алмайсыз. Содан сол маңнан екі ұңғыма қазып, су тарттық. Ол кезде аудан әкімі Арман Өтеғұлов еді. Есептен шыққан су мұнарасының бөшкесін  екіге бөліп, астына бетон плиталарын қойып, ұңғыманың қасына орналастырдық. Тұрбалар тартып, тамшылата суару жүйесін жасадық. Сорғыларға электр энергиясы қажет болды. Тұқымбақты жа­рықпен, электр қуатымен қамту бұрыннан келе жатқан түйткілді мәселе-тұғын. Оны да  өз күшімізбен шешуге тура келді. Өйткені тұқымбақ шаруашылығын дамытуға қомақты қаражат бөлінбейді. Тек сорғыларды алу бюджет есебінен болды. Сондықтан бар шаруа үнемделген қаржы-қаражат есебінен атқарылды. Аудандық электр торабының басшысы, мың болғыр Талғат Тапалов  ағамыз  есептен шығарылған электр бағандарын ұсынып, қолдады. Іс жүзінде бюджетке көп күш түсірген жоқпыз. Егер жобалық құжаттама жасап, оны мемлекеттік сараптамадан өткізер болсақ, екі-үш жыл күтуге тура келер еді. Әрі соның барлығына қомақты қаржы бөлінуі қажет. Кейін сол құрылыс жұмыстарын заңдастырып, тиісті рұқсат қағаздары алынды.

F78A23C7-879E-4043-B7A2-C7704845528E

– Бұдан кейін не өзгерді, тұқымбақтың шаруасы өрге басты ма?

– Тұқымбақта не өзгерді дейсіз бе? Бүгінде онда қылқанжапырақты ағаш түрлері­нің көшеттері өсірілуде. Қарағай көшетінің 4 000 данасы желкілдеп өсіп тұр. Олар бастапқы жылдары 30-40 сантиметр ғана өседі. Қазіргі кезде биіктігі бір метрге жетіп қалды. Әрине, желектің өсімі суа­руға, топырағының құнарлы­лығына тікелей байланысты. Қарағайдың үш түрі – балқарағай, майқарағай, самырсын өсірілуде. Оның тұқымдары Орда орман шаруашылығы­нан, Ресейдің іргелес облыстарынан әкелінді. Орынбор өңірінің климаты біздің өңір­дікіне ұқсас. Сертификаттары бар тұқымдар алынды. Сонымен қатар шетен (жеміс ағашы), жидек, қараған (акация), өрік, талшын, емен, сәндік ағаштардың түрлері ашық алаң­да­ғы тұқымбақта өсірілуде. Ақжайық тұқымбағында Андрей Александрұлы Музыка мен оның зайыбы Ольга Василийқызы Соболь жұмыс істейді. Зейнет жа-сында, ұзақ жылдар бойы тынымбақтың отымен кіріп, күлімен шығып келеді. Бақтағы екпелермен жа­рыса көктейтін арам шөпті  жұлу, желекті суару осы еңбекқор жандардың мойнында. Бұ­рын өрт сөндіру көлігінің зілдей шлангілерімен көшеттер­ді суаратын. Бір гектар жердің ана-мына тұсына тамшылата су шашу үшін өрт сөндірушілер құсап зілдей шлангі арқа­лап жүретін... Тамшылата суару тәсілін қолданысқа енгізгеннен кейінгі қуанғандарын көрсеңіз. Қарапайым еңбек адамын қуантудың өзі – керемет сезім. Шөп жұлатын құралдарын да жаңаладық. Жобалық құжатсыз жүзеге асқан жарқын жобамыз болды.

–  Орал–Атырау күре жолының қапталында  қураған, қираған дарақтар көп. Өңіріміздің байлығы – йодты-бромды минерал суы бар «Ақжайық» шипажайына бара жатқан жол бойында да сүреңсіз көрініс көз сүріндіреді. Әсіресе, басқа өңірлерден демалуға келетін қонақтардан ұят. Дала өртіне қойылған ескерткіштерге ұқсатпай, күйген, қуарып, «тыр жалаңаш» тұрған тал-теректерді кесіп, санитарлық тазалық жүргізуге болмай ма?

– Иә, күні бүгінге дейін орман-тоғайларды санитарлық тазалауға қаржы бөлінбейтін. Биыл ғана облыстық бюджеттен 18 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Орал–Атырау, Самара–Шымкент тасжолдары жиектеріндегі 2 300 текше метр аумақтағы құлаған, қураған, өртенген тал-теректерді кесіп, тазарту жоспарланды. Орал төңірегіндегі халық көп баратын Басқақ тоғайындағы 1529 текше метр аумақты тазалаймыз. Былтыр тоғайдың 200 гектарын от жалмады. Янайкин ауылы тұсындағы Жайықтың жайылмасының 850 текше метр аумағы кесперсіз ағаштардан тазартылмақ. Қа­зіргі кезде мердігер анықтау конкурсы өтті. Орман-тоғайға санитарлық тазалау жүргізу тек орманшылардың күшімен жүргізілмейді. Оған техника, қосымша күш жұмыл-дыру қажет. Ондай шаруаға мақсатты қаржы бөлінгені дұрыс. Өйткені орман инспекторларының негізгі жұмысы бастан асады. Жасыл желекті өрттен сақтау, қорғау – орман сақшыларының басты міндеті. Орманшыларды қыс бойына жұмысшы ретінде қураған ағаштарды кесуге жұмылдырамыз. Көктемде ағаш егеді, күзде ағаш түрлерінің тұқымдарын жинайды. Жазда тұқымбақтарда жұмыс күші жетіспейді, тыным таппай сонда жүреді. Күзде ағаш отырғызады. Одан басқа жануарлар дүниесін қорғайды. Жазда өрт қаупінің алдын алу рейдтеріне қатысады. Демалыс, мереке күндері де жұмысқа жегіледі. Өйткені мереке күндері Орал шаһарының айнала-сындағы орман-тоғайда демалушылар саны күрт өседі. Соған орай өрт қаупі де күшейеді. Бұған дейін олардың жалақылары төмен-тұғын. Бұл күндері 70-80 мың теңгеден 200 мың теңгеге жетті. Сол – көңілге медеу.  

2016 жылы өңірде орман орналастыру жобасы жасалды. Орман шаруашылығы комите­ті жанындағы республикалық мемлекеттік мекемеден мамандар келіп, жол жиегіндегі орман-тоғайды әбден зерттеді. Сонда ағаштарды кеуіп қалған, «өлген» желек деген қорытынды берді. Сол қорытынды нәтижесімен сиықсыз тал-теректер тамырымен жұлынып, орындарына жаңалары отырғызылуы тиіс еді. Мұны жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлінбеді. Тамыры тереңге кеткен дарақтарды түп-тамырымен жұлуға ауыр техника, экскаваторлар қажет. Сондықтан жол жиегіндегі ағаш орамдары   қайта құрылғаны жөн. Ондай жағдайда бағалы ағаш тұқымдарын, қылқанжапырақтыларды араластыра еккен жақсы. Мысалға, Январцев жолымен жүрсеңіз, қарағайлы орманды көресіз. Сондай болса, қандай әдемі  болар еді. Оған қоршау салынса, артық етпейді.  Ағаш еккен соң, оны жүйелі суару мәселесі де шешілгені дұрыс. Об-лыс экономикасының басым бағыты – мал шаруашылығы, жыл санап мал басы көбеюде. Көбіне көшеттерді мал тапайды не жеп кетеді. Сондықтан егілген жасыл желекті қоршамаса қиын. Жерасты суларын зерттеп, суару көздерін тауып, тұрақты суару жүйесін орнату өлкеміздегі тал-теректің жайқала өсуіне сеп болмақ. Бұл мәселеге ғылымды тарту керек. Емен, қарағай, мырза терек (Пирамидальный тополь) жол бойына әдемі жарасар еді. Осының барлығы облыстық деңгейде шешілуі керек. Қураған, өртенген ағаштарды кесуге қаражат бөлінсе, конкурс өткізіліп, мердігер ұйым ағаш кесу, орман-тоғайды тазартумен айналысар еді.

E535E0FB-0234-46CA-A351-3E4514998830

– Бұрынғы облыс басшылығы кезінде облыс орталығындағы тынымбақтарға, саябақтарға мамығы ұшпайтын, әдемі ағаштар егу тапсырылатын. Сол екпелерді тұқымбақтар ұсынуы керек қой. Бұған мән берілуде ме?

– Иә, қоғамдық орындарға емен, аққайың, шырша, қара­­ғай егілсе, құба-құп. Қылқан­жапырақтылар, бұ­тасын­дардан қып-қызыл дәндерімен шетен ағашы әдемі кө­рі­неді. Шаған ағашы­ның жирен жапы­рақты түрі бар. Не­гізі егілетін тал-терек түрлерін тұқымбақтар ұсынғаны құптарлық. Бірақ алдымен тұқымбақтардағы көшеттерді суару мәселесін шешіп алғанымыз дұрыс. Новенький ауылында тұқымбағымыз жұмыс істейді. Екі жыл бұрын сол тұқымбаққа 6 гектар жерді жаңадан өңдеп, қостық. Енді сол аумақты 45 гектарға жеткізіп, үлкен сорғылар, фильтрастанса қойып, тамшылата суару  жүйесін жасаймыз деп жоба жасақтадық. Бұған 17 млн теңге шамасында қаржы керек. Тұқымбақтағы ең маңызды мәселе – осы суару жүйесі. Қазір сорғылар қойып, тамшылата суару жүйесін әліміз жеткенінше жасадық. Новенький тұқымбағына ағаш отырғызуға 12 гектар жер қажет. Бүгінде оның аумағы 8 гектарға жетті. Қаражат салынса, үлкен плантация, жеміс-жидекті ағаштарды да отырғызуға болар еді. Аршаның 50 шақты түрі бар. Боз аршаның да түрі көп. Болашақта тал-теректің түр-түрін өсіретін тұқымбақ жасақтағым келеді. Мұны менің арманым десеңіз де болады. Емен, шырша, қарағай және басқасын тұқымынан өсірудеміз. Үш-төрт жылдан кейін сол көшеттерді қаланы көгалдандыруға ұсынып, үлесімізді қосамыз. Әкімдіктердің барлығы мемлекеттік мекеме болған соң, жасыл желекті мемлекеттік сатыпалым арқылы алады. Әр өңірде ағаш көшеттерін өсіретін кәсіпкерліктер бар. Солардың баршасы конкурстарға қатысып, көшетпен қамти алады. Ондай конкурстарда біздің тұқымбақтар-дың бағы жана­ды деу қиын. Бірақ коммуналдық шаруашылық жүргізуге құқылы кәсіпорын ретінде аудандастырылған екпелерді халыққа сата аламыз. Мысал­ға, мырза теректің бір түбі нарықта 1,5 мың теңге тұрса, порталда оны 300 теңгеге ұсынатындар кездеседі. Өңіріміз­де нөмір бірінші тұқымбақ – бізде, орман шаруашылығы мекемесінде  болуы үшін жұмыстанудамыз. Қазір тал-теректің 15 түрі өсі­рілуде.

– Ата-бабаларымыздан «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қал­­дыр – жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қал­дыр – бау өсіріп, жаса нұр» деген тағылымды сөз бекерге қалмаса керек. Тал-терек егу қалай жүруде?

– Экологтардың айтуынша, ағаш отырғызу жаһандық жылыну процесін тоқтатуға әсер етеді. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш егіп, орман көмкерген аумақты 5 пайызға (қазіргі орманды алқап 4,8 пайыз шамасында) жеткізуді міндеттеді. Соған қа­рай мекемеміздің биылғы межесі – 620 гектарға 2 млн түп ағаш отырғызу. Көктемде 300 гектарға ағаш отырғызу жоспарлан-ды. Бірақ өңірдегі су тасқынына байланысты күзге қалдырылды. Ағаш кесу, санитарлық тазалық жұмыстары қаңтар айынан басталды. Оралдағы «Динамо» спорт базасы жанындағы көпір тұсынан бастап Жазира шағынауданы бағытындағы жолдың екі бетіндегі орман орамы қураған, кепкен тал-теректен тазартылуда. Зашаған бағытындағы жолдың сол жақ бетінің көп бөлігі тазарып қалды. Құлаған, қуарған ағаштан аяқ басатын жер жоқ еді. Бір-біріне тақала өскен ағаштардың аралары сиретілді. Бұған қатысты табиғат қорғаушылар айқай-шу көтеріп, үстімізден арызданды. Полицияға түсініктеме бердік. Ағаштар тығыз тұрса, жөнді өсе алмайды. Әрқайсысының қоректену аумағы болуы керек. Түсінікті тілмен айтқанда, ағаштар суға таласпауы қажет.  

– Табиғатты қорғау халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, адам баласы соңғы 500 жыл ішінде 900-ден астам жануар мен өсімдік түрін жер бетінен жойып жіберген. Дүниеде биологиялық түрлер қайталанбайтынын ескерсек, жануарлар түрлері мен олардың генетикалық қорларын сақтап қалу үшін ерекше қорғалатын аумақтардың мән-маңызы зор. Жасыл желекті көбейтіп, қорғаумен қатар сол орман-тоғай аумағындағы жануарлар әлемін де көздің қарашығындай сақтау жолында еңбек етіп жүрген орманшылардың жағдайы нешік?

– Біздің мекемеге қарасты ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар. Федоровка бағытында Дубрава сондай аумаққа жатады. Мекемемізге қарасты орман бұқар бетте Федоровка­дан басталып, «Ақжайық» шипажайына дейін созылады. Ал қарсы беті Оралдағы Басқақ тоғайынан Янайкинге дейін барады. Дубравада жабайы шошқалар, еліктер, түлкі, қоян, қарсақтар, құндыздар тірлік етеді. Орманның сәні, шіркін, бұландар ғой. Бұрындары өңірде көптеп кездесетін. Бүгін­де саусақпен санарлық қалды. Браконьерлік көп. 2010 жылдары қалада 7 мыңның үстінде аңшы тіркелген деген санақ есімде қалды. Солардан не қалсын?.. Сол аң-жануарларды көбейтіп, орман-тоғайдың сәнін кіргізсек... Бүгінде мекемеде 44 орманшы жұмыс істейді. Жазда өрт көп, былтыр 84 өрт оқиғасы орын алды. Тоғайлардың айналасы қоқысқа толы, баклашка, ең ақыры сәбилер­дің памперстары шашылып жатады. Орманшылар жинап кетеді, бір аптадан кейін қайта сол көрініс шығады алдыңыздан... Бізде демалу мәдениеті қалыптаспаған.

Соңғы жылдары мемлекет орманшыларға көңіл бөле бастады. Былтыр мекемеге 4 трактор берілді. Жергілікті бюджеттен қолдау болды. Биыл да қолдау көрсетіледі. Қазір сатып­алым конкурсы өтуде. Мекемеге 4 трактор бөлінеді. Біздің мекеменің төрт орман шаруашылығы бөлімшесі (Теректі ауданындағы Поймада, Орал қаласында, Бәйтерек ауданындағы Көшім, Янайкин ауылдарында) бар. Жаңа техника жұмысымызды жеңілдетеді. Ағаш кесуді жол бойында ғана емес, орман-тоғай ішінде жүргізген жөн. Орманның ішінде құлаған ағаштан аяқ алып жүре алмайсыз. Тал-теректі белгілі жасына жеткенде кесіп, орман ішін тазалап отырсақ, түбінен жаңа өскін өсіп шығар еді. Санитарлық кесу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұрын ауыл-ауданда көгілдір отын болмады. Бұл күндері ағаш кесілмейді. Орман-тоғай «қартайып» барады. Биыл санитарлық жұмыстарға конкурс өтіп, мердігер ағаш кесу бригадаларын жасақтайды. Жылда ағаш кесуге санитарлық тазалыққа қаражат бө­лінсе, өлкеміз жасыл желекке бөленер еді. Тұрғындарға да жұмыс болады. Бастысы, орман-тоғай тазарып, жаңарады. Бюджетке салық түседі. «Әр істің бір қайыры бар» деген­дей ісіміз ілгерілер еді.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале