Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін бәріміз де телефонға тәуелдіміз. Осыны ашық мойындамасақ, болмайын деп тұр. Сондықтан шығар, осыдан 20-30 жыл бұрын өзі түгіл аты да болмаған «гаджетомания», «номофобия», өзге де су жаңа дерттерге шалдыққан жандар көбейіп келеді. Бәрін айт та бірін айт, бастысы, ата-ана тәрбиеден алшақтап, ұрпағымызды жаны жоқ темір телефонның жетілдіріп жатқаны – күйіп тұрған мәселе.
Сурет: ernur.kz
Сауалнама нені көрсетті?
Мақаланы жазар алдында бірнеше ата-ана арасында сауалнама жүргізген едік. «Балаңызға неше жастан бастап телефон ұстауға рұқсат бердіңіз?», «Олардың жеке телефоны ма, әлде сіздікін пайдалана ма? «Балаңыздың телефонда нені қарайтынынан хабардарсыз ба?», «Телефонды уақытпен бересіз бе, әлде бей-берекет пайдалана бере ме?», «Өзіңіз ше? Күніне қанша сағат телефон ұстайсыз?» деген сұрақтарды қойып көрдік. Сұрақ қойғандардың басым бөлігі баланың телефонда отыратын уақытын шектегенімен, олардың тыңдамай, гаджетке жиі алаңдайтынын амалсыз мойындады. Тәртіпті қатайтып, телефонға ұл-қызының тәуелді болмауын қамдаған, тәрбиеге көңіл бөліп, баласының дұрыс жетілуіне көңіл бөлетін ата-ана да болды арасында. Өкінішке қарай, мұндай некен-саяқ.
Сауалнама қорытындысын зерделегенімізде, тәрбиеге көп көңіл бөлмейтін ата-аналардың жасы 25-35 шамасында екені анықталды. Үйде үлкен ата-әже жоқ, әке-шеше таңда жұмысқа кеткеннен түскі асқа бір сағатқа соғып, кеште ғана баласымен жүздеседі екен. Босаған соң да, үйдегі шаруа, ауладағы бақтың жұмысы деп, баланың тәрбиесі далада қалып жатыр. Ата-ананың қадағалауынсыз қалған баланың ермегі не деп ойлайсыздар? Әрине, сол баяғы смартфон.
Гүлжайнар Есжанова есімді жалғызбасты ана былай дейді: «Жолдасымнан ажырасқаныма 5 жылдай уақыт болды. 2 ұл, бір қызым бар. Үшеуі де мектеп жасында. Пандемияға дейін балаларыма көп телефон ұстатпайтынмын. Ара-арасында менікін сұрап алып, шұқитын. Қашықтан оқу басталған кезде, үлкені 5 сыныпта, екіншісі 3 сыныпта, ал кенжем 1 сыныпқа енді аяқ басқан болатын. Сабақтар онлайн өтетін болғасын, амалсыз үшеуіне де телефон сатып алдым. Басында бір-екі жыл тек сабаққа ғана қолдануын қадағалайтынмын. Соған үйренген үлкен қызым ойын ойнамай, тек ретімен пайдаланады. Екінші ұлым қазір 6 сыныпта, телефоннан түспейді, «таста» дегенді тыңдағысы келмейді, қашан көрсең де, өзге сыныптастарымен онлайн ойын ойнап отырғаны. 3 сыныптағы кенжем де сол, телефонға әуейі. Тик-ток, Ютубтағы роликтерден бас алмайды. Әрине, телефондарын тексеріп тұруға тырысамын, үнемі пайдалануға болмайтынын түсіндіремін. Бірақ тыңдауы шамалы. Сол қиын болып тұр».
Ал бізге ұнамды екінші топтағылардың көбісінің үйінде ұрпақ тәрбиесімен тек әке-шешесі ғана емес, ата-әжелері де айналысады. Сабағына апарып, кері әкеліп, оларды серуендету, ертегі оқып, таппақ жаттату – солардың мойнында.
– «Бала балдан да тәтті, немере жаннан да тәтті» деген сөз рас екенін өзіміз ата-әже болғанда түсіндік, – дейді сауалнама сұрақтарына жауап берген Балғаным Кәрімжанқызы, – біздің ұл-қызымыз өскенде, жалғыз теледидар ғана болатын. Оның өзін де қарайтын олардың уақыты жоқ еді. Біз жұмыстамыз, үйдегі шаруа, қорадағы мал, су тасу, отын жару, кезек келсе, қой бағу, өзге де жұмыстарды буыны қатып үлгермесе де, балаларымызға жүктейтінбіз. «Үйренгені өздеріне жақсы, істегені бізге жақсы» демей ме?! Одан кем болған жоқ, қазір бір-бір шаңырақты керемет қып ұстап отыр. Атасы екеуіміз кенже ұлдың қолындамыз. Көзіміздің ағы мен қарасындай қос немерем өсіп келеді. Балаларды кезінде аямай жұмсайтын едік, немереге олай істей алмайды екенсің. Ептеп шаруаға тартамыз. Телефоннан ата-аналары шектеп отырады. Белгілі бір уақыттары бар ойнайтын. Соған үйренген біздің немерелеріміз.
Ұлттық құндылықтарды телефон жұтып жатыр
«Ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда биыл өткен Ұлттық құрылтайда. Мемлекет басшысы айтса, айтқандай-ақ, кез келген баланың қолында жүрген телефон тәрбиені мүлдем басқа арнаға бұрып, ұл-қыздың санасына кері әсер етуде.
Жуырда мектеп директорларымен өткен жиында ұлттық құндылықтарымызды сақтаудағы мәселелер төңірегінде қызу талқылау орын алды. Сонда ғой Үштөбе негізгі мектебінің директоры Рүстем Мусиннің: «Бізге жүктелген жауапкершіліктің салмағы жеңіл емес, алайда баланың бос уақытының көбі ата-ананың қасында өтетіндіктен, олардың жіті бақылауын қажет етеді. Қазір ұрпағының тәрбиесін мектепке ысырып қойып жатқан ата-аналар көп кездеседі. Міне, сондайлардың кесірінен телефон тәрбиелеу құралына айналып отыр. Өздері өзге тілде сөйлемесе де, бүлдіршіннің тілі орыс тілінде шығып жататын жайттар аз емес. Бұған себеп біреу-ақ: ата-ана бала тәрбиесімен айналысатын, қарапайым тілдесетін уақыт таппайды. Сондықтан төрдегі теледидардан бастап, қолдағы телефон баланың тілін еркінен тыс өзге тілде шығарады. Бұл – ұлт болашағы үшін үлкен қасірет. Бала білімге емес, әлеуметтік желідегі әлем-жәлем әлемге үйірсек боп өседі. Ата-анасын емес, телефонды құшақтап өскен баланы мектепте оқыту әсте қиын, білім алуға құштарлығы өте төмен болады, телефонсыз тыпыршып отыра алмайды. Осыны мемлекеттік деңгейде шешетін уақыт болды. Өзге дамыған елдердің кейбірі әлеужелілерге тыйым салып жатқанын естіп-біліп жатырмыз. Демек олар ұрпағының болашағына алаңдап, ұлттық құндылықтарды сақтау үшін қамданып отыр. Сондықтан бұл мәселеге болмашы нәрсе ретінде қарауға болмайды», – деп мұғалімдердің жанайқайын жеткізгені.
Расында да, ең алдымен байланыс құралы болып табылатын телефонды балалар бүгінде тұтас бір виртуалды әлемдей көреді, соның ішінде өмір сүреді, сондағы дүниелерге қарап, еліктейді. Қалай ойлайсыз, неліктен соңғы уақытта балалардың арасында әлімжеттік, жыныстық зорлық көбейіп кетті? Ұлдардың төбелесін былай қояйық, қыздар өзара шаш жұлысып, өзімен замандас ер баланың басынан аяқпен теуіп, төмпештеп ұрғанын қашан көріп, не естіп едіңіз? Осының бәріне көкөрімдердің қолынан түспейтін телефондағы зорлық-зомбылыққа толы сұмдық себеп. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» – виртуалды әлемде көргенін санасы бекіп үлгермеген ұл-қыз «дұрысқа» балап, солай әрекет етеді. Ұлттық құндылықтарымыз осылай жұтылып, ұрпақ тәрбиесі уысымыздан сытылып барады, әттең...
«Ата-ана бақылауын» орнатыңыз
Ақпараттың барлығы бірдей бала үшін пайдалы емес екені анық, сол себепті олардың смартфон, планшет ұстау тәртібін қадағалайтын уақыт әлдеқашан болды. Жоғарыда біз келтіріп кеткен жайттардан балаңыз аулақ болсын, тек өзіне қажет контентті қарасын десеңіз, телефонға «ата-ана бақылауын» орнату қажет. Қазір мұндай шектеуді кез келген құрылғыда орнатуға болады. Айталық, олар компьютер, планшет, ойын приставкалары, телефон, сайтқа да жарамды. Бұл қызметтің көмегімен балаңыздың нендей дүние қарап отырғанын бақылап, белгілі бір сайттар мен қосымшаларға қолжетімділігін шектеуге болады. Сол арқылы ата-ана ойындарды телефонға жүктеуге тыйым салып, баланың әлеуметтік желіде отыратын уақытын белгілей алады. Сонымен қатар баланы әлдебіреулердің онлайн қорқытуынан, құмар ойындар, анайы контенттерден сақтап, браузерде қайда кіргенін бақылап, оның қайда жүргенін білуге болады.
«Ата-ана бақылауы» қызметі заманауи телефондардың көбінде бар, болмаса осы қызметті атқаратын мобильді қосымшаларды жүктеп алып, баланың және ата-ананың телефондарына орнатқан жөн.
P.S. Бұл мәселенің бірден-бір шешімі – баланы телефон құрсауынан босатып, тәрбиенің тізгінін өз қолымызға алу. Ұл-қызымызбен ата-ана ретінде жиі әңгімелесіп, шаңырақтың жылуын сақтауымыз керек. Ешкімге жасырын емес, бала түгілі, ересектер де әлеуметтік желіге әуес. Үлкені телефонға жармасып отырғанда, ұл-қыз,а бірдеңе айтудың өзі ұят. Сондықтан балаларымызға алдымен өзіміз үлгі көрсетіп, смартфонды қажеттілікке ғана пайдаланып, бос уақытты отбасына арнайық. Әйтпесе, телефондағы көздің жауын алған дүниелер ұл-қызды тәрбиесіне бағындырып, ұрпақ болмысын, ұлттық құндылықтарымызды жұтып жібермесіне кім кепіл?
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz