11.06.2024, 9:45
Оқылды: 71

Есірткі тасыған үшеу түрме «тұрғындарына» айналды

2022 жылдың қазанында (нақты күні анықталмаған) Н. мен А. оңай ақша табу мақсатында аса ірі мөлшердегі кептірілген марихуананы тасымалдау үшін алдын ала сөз байласқан. А. қылмыстық пиғылын жүзеге асырмақ ниетпен 2022 жылдың 18 қазанына дейін Жамбыл облысы аумағында болып, тергеумен анықталмаған кісілердің әрқайсысы 120 литр болатын 5 дана көк түсті полимерлі ыдысқа және 2 дана полимерлі пакетке салынған кептірілген марихуананы заңсыз иемденіп, сақтаған.

Түрме ЖП2

Оның жалпы салмағы –  95.905,09 грамды құрайды. Н. есірткіні Орал қаласына жеткізгені үшін А.-ға 1 000 000 (бір миллион) теңге төлеймін деп уәде берген. А. кептірілген марихуананы Орал қаласына апару үшін танысы, Тараз қаласының тұрғыны О.-мен байланысқа шыққан. Сөйтіп оның көмегімен Тараз қаласындағы Төле би көшесінің бойында орналасқан аутобаза аумағында мемлекеттік нөмірі 969AUZ08 «МАЗ 64229» аутокөліктің 24ABZ08 «Krone» тіркемесіне салмағы 22.750 кг құрайтын пияз арасына кептірілген марихуананы тиеген. О. аталған көлікті басқарып, Тараздан Оралға жолға шыққан.

23 қазан күні сағат 18.28 шамасында жоспар бойынша О. А.-ға қоңырау шалып, өзінің Ақтөбе облысының Қобда ауданына жеткенін айтқан. Осылайша олар жоспарларын жүзеге асыра берген.

Сол күні Н. Т.-ға хабарласып, Тайпақ ауылына екі әйел  адамды апарып тастау керек­тігін, сол үшін оған 100 000 (жүз мың) теңге төлейтінін айтқан. Олар Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Бұлан ауылынан шығып, Самара – Шымкент тасжолының  бойымен мемлекеттік нөмірі KZ 382 LUA «Лада Приора» аутокөлігімен Ақтөбе қала­сына қарай бағыт алған. Жолда Н. оның қылмыстық жоспарынан хабарсыз Т.-ға Ақтөбе облысының Хромтау ауданына барып, алатын заттар бар екенін жеткізген. Ол жаққа не үшін баратынынан бейхабар Т. ұсы­ныспен келіскен. Сол күні шамамен сағат 19.57-де Н. О.-ға қоңырау шалып, оның Ақтөбе облысы Қобда ауданы «Бала Қобда» көпірінің жанындағы тұрақта күтіп тұрғанына әбден көз жеткізген. Содан кейін О.-ның көмегімен Т.-ның көлігіне есірткіні тиеп, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына жолға шыққан.  Бұлар 23 қазан күні сағат 22.30 шамасында ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті және Сырым аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне ұсталған. Жымпиты ауылындағы «Жібек жолы» аутокешенінің жанында Т.-ның басқаруындағы «Лада Приора» аутокөлігін тәртіп сақшылары тоқтатқан кезде Н. көліктен шығып, бой тасалап үлгерген.

2022 жылғы 24 қазандағы №4265 сот сараптамасының қорытындысы бойынша, зерттеуге ұсынылған өсімдік кептірілген марихуана болып шықты. 24 қазандағы жеке тінту хаттамасы мен бейнежазбаны қарағанда, О.-ның күртесінің оң қалтасынан мөлдір полиэтилен пакетке оралған түйіншек шыққаны байқалады. Түйіншектің ішінде жасыл түсті өсімдік тектес, өзіндік иісі бар зат болған. 2022 жылғы 25 тамыздағы №4266 сот сараптамасының қорытындысы бойынша, зерттеуге ұсынылған өсімдік кептірілген марихуана екендігі анықталды. Марихуананың жалпы салмағы – 19,68 грамм.

1998 жылғы 14 мамырдағы ҚР Жоғарғы сотының «Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Қаулы) 1 тармағына сәйкес, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын есірткі мен улы заттардың қоғамдық орындарда тұтынылуын, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы дайындалуын, қайта өңделуін, иемделуін, сақталуын, тасымалдануын, жөнелтілуін және өткізілуін – олардың заңсыз айналымы деп түсінген жөн.

Қаулының 2-тармағына сай есірткіні сатып алу, басқа тауарға немесе затқа айырбастау, қарыздың орнына беру, қарызға немесе сыйға алу, тауып алғанды иелену, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктерді немесе олардың бөлігін жинау, осындай өсімдіктердің күзетілмейтін егістік алқабындағы жинау жұмысы біткеннен кейінгі қалдығын жинап алу және осыған қатысты іс-әрекеттер – сол тектестерді заңсыз иелену.  

Қаулының 3-тармағы бойынша сол заттарды айыптының өзінен, жасырын жерден, үй-жайынан, көлігінен, басқа да орындардан тауып алумен байланысты кез келген қасақана әрекет заңсыз сақтау болып табылады. Қаулының 3-тармағының екінші абзацында жоғарыда көрсетілген заттар, сол тектестер көп мөлшерде табылса, оларды өзі ғана қолданатынын жоққа шығаратын жағдайда, бөлшектеу, оларды дайындайтын және бөлуге арналған құрал-жабдықтардың болуы, кінәлінің өзі есірткіні қолданбайтындығының, оны өткізу мақсатында заңсыз сақтап отырғандығының айғағы деп көрсетілген.

Сөйтіп, Н. мен А. аса ірі мөлшердегі есірткіні Батыс Қазақстан облысының аумағына заңсыз тасымалдаған. Әрі қарай оны сатып, қаржылай пайда табуды алдын ала жоспарлаған және есірткіні заңсыз өткізуге бағытталған іс-әрекеттерін бір-бірін пайдалана отырып жүзеге асырған. Сонымен қатар қылмыстық жоспарларын соңына дейін жеткізу үшін О.-ның көмегіне жүгінген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Қазақстан Республикасының «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңының 8-12 баптарына сәйкес ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2022 жылғы 22 қазандағы қаулысына сай 2022 жылғы 5 қарашаға дейін А.-ға қатысты электр (телекоммуникация) байланысының желілері жасырын бақыланды. Телефон немесе басқа да құрылғылар арқылы берілетін дауыстық ақпаратты ғылыми-техникалық құралдарды, компьютерлік бағдарламаларды пайдалана отырып, қажет болған кезде жасырын кіру, зерттеп-қарау арқылы жүзеге асатын жасырын тыңдау, жазып алу, жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізілген.

Қысқасы, Н. мен А. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша айыпталды. Яғни, олар «аса ірі мөлшердегі есiрткi заттарын адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өткізу мақсатында заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдаған». О. ҚК-ның 28 бабы 5-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігі 1, 3-тармақтарымен жазаға тартылды. Яғни, ол «аса ірі мөлшердегі есiрткi заттарын адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өткізу мақсатында заңсыз иемденуге, сақтауға және тасымалдауға көмектескен». ҚК-ның 11-бабы 5-бө­лігіне сай, сотталушылардың іс-әрекеттері аса ауыр қылмыстар санатына жатады. ҚК-ның 53-бабына сәйкес, үшеуінің де жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.

Сөйтіп, Н. мен А. ҚК-ның 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал О. болса, ҚК-ның 28-бабының 5-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігі 1, 3-тармақтарымен айыпталып, 10 жылға темір торға тоғытылды.

Нұрлыбек Жұбанов,

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының басқарма бастығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале