11.06.2024, 11:00
Оқылды: 57

БҚО-да 5G аясы кеңейе түспек

Бүгінде облысымыздағы 413 ауылдық елді мекеннің 334-і интернет жүйесіне қосылған. 2023 жылы облыс әкімдігі Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Орал қаласы және ауылдық елді мекендерді байланыс және интернет желісімен қамту туралы жол картасын бекітті. Аталған жол картасы аясында былтыр шаһарымыздан бөлек, 70 ауылда интернет сапасын жақсарту жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы таяуда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы инфрақұрылымдық даму бөлімінің басшысы Ерғали Ержанов айтты.

9E07661C-341E-4663-967F-D11465D9C500

– Биыл Орал қаласы мен 175 ауылдық елді мекенді мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту, оның ішінде 39 ауылға жаңа базалық станса орнату жұмыстары жоспарланған. Бүгіндері 5 ауылда, атап өтсек, Сырым ауданының Тоғанас, Жәнібек ауданының Ақоба, Қаратөбе ауданының Жусандыой, Теректі ауданының Тоқпай, Бөрлі ауданының Қарашығанақ ауылы мобильді интернет сапасы жақсартылуда. Өткен жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің өңіраралық байланыс инспекциясы байланыс операторларына қатысты 63 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 27 ауыл және Орал қаласында анықталған олқылық үшін операторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ жалпы сомасы 165 млн теңгеге айыппұл салынды. Ал биылғы мамыр айында аталмыш инспекция дәл осындай 23 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 44,1 млн теңге айыппұл өндірілді. Айта кеткен жөн, байланыс және интернет сапасына әсер ететін мәселелердің бірі – радиофобия. Яғни қала тұрғындарының көпқабатты үйлердің төбесіне байланыс операторлардың базалық стансасын орнатуға рұқсат бермеуі, базалық стансаның денсаулыққа әсері туралы жалған ақпараттардың халық арасында кеңінен таралуы кедергі болуда. Бұрын-соңды болмаған, жаңа енгізілген дүниеден қорқу – қалыпты құбылыс. Бұл жалпы адамзатқа тән. Дегенмен өмірімізде жаңа технологиялар жыл сайын дамып келеді, біз біртіндеп оған бейімделуіміз қажет. Бұған қоса байланыс операторлары базалық стансасын орнату кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтайды, - деді Ержан Қуанышбекұлы.

Аталған министрлік «Қолжетімді интернет» пилоттық ұлттық жобасын әзірлеген. Жобаның мақсаты – халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету. Ұлттық жобаны іске асыру үшін 4 негізгі бағыты қарастырылған. Олар – талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы ауылды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, үй шаруашылықтарына арналған интернеттің «соңғы милін» субсидиялау, облыс орталықтарының қалаларын 5G интернетпен қамту, республикалық, облыстық аутомобиль жолдарының бойына байланыс пен мобильді интернетті қамтамасыз ететін базалық станса орнату.

Ұлттық жоба аясында облыстағы 231 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі қосылатын болады. Сонымен қатар сол ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды кең жолақты интернет желісімен қамту қарастырылған. Қазіргі таңда аталмыш жоба шеңберінде 10 базалық станса орнатылды. Ал жыл соңына дейін Орал қаласының аумағында 5G интернеті бойынша 18 базалық стансасы іске қосылмақ. Айта кетейік, 2023 жылы Kcell байланыс операторы қалада 5G стандарты бойынша 4 базалық станса орнатқан.

23D9B003-482F-4B83-B2D0-68AE434005C8

Ал «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Жел» дивизионы» облыстық бірлестігінің директоры Алексей Чеботаревтың сөзінше, Орал қаласында 50 көппәтерлі үйге арналған желілер салынып, оптикалық желіні дамыту жүргізілуде. Көппәтерлі үйлерде мыс желісінің қазіргі тұтынушылары оптикалық желіге ауысады. Биыл 1500 абонентті ауыстыру жоспарланған. 2024 жылдың екінші жартысында облыстың барлық аудан орталықтарында оптикалық технологияны енгізе отырып, мыс желісін қайта құру жұмыстары басталады.

Нәтижесінде аудан орталықтарының халқы қала деңгейіндегі 10 Мбит/сек-тан 100 Мбит/сек-ке дейінгі интернет желісіне қосылады. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды кешенді бағдарлама.

Алдағы жылы Орал қаласында компания тұтынушыларың 70%-ы GPON оптикалық технологиясы бойынша қызметтерді пайдаланатын болады. Қалған 30%-ын қамту үшін облыс орталығының оптикалық желілерге толық көшуі жөніндегі жоба 2025 жылға қарастырылмақ.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале