7.07.2024, 15:00
Оқылды: 220

Құм қойнауында желаяқтар жарысы өтті

Бүгін Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында 6 шілде Астана күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Bokei orda trail 2024» республикалық жүгіру марафоны өз мәресіне жетті.

IMG-20240707-WA0038

Тұңғыштар мекенінде осымен үшінші мәрте жалауын желбіреткен марафонға Ресей Федерациясының Самара облысынан, республикамыздың Астана, Атырау, Ақтөбе, Орал, Ақсай қалаларынан, облысымыздың Ақжайық, Бәйтерек, Сырым, Казталов, Жаңақала, Жәнібек аудандарымен қатар Бөкей ордасы ауданынан 120-дан аса желаяқ қатысты.

8

Шараның ашылуы салтанатында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов сөз алып, барша қатысушылар мен қонақтарға киелі мекенген «қош келдіңіздер!» деді.

Спорт – денсаулықтың кепілі десе де, «тұңғыштардың ордасына» келген әрбір спортшы салауатты өмір салтын ұстанатын мүдделесімен кездесіп қана қоймай, қойнауы терең ішкі Орданың тарихымен танысып, өзіне үлкен тәлімді әсер алды. Достық пен шаттықтың мекеніне айналған желаяқтар бәсекесінде қатысушылар тек қана жүгіріп қана қоймай, ұйымдастырушылар дайындаған әр түрлі спорт пен интеллектуалды сайыстарға да қатысып, өздерін жаңа қырынан көрсетті.

Марафон - бұл тек спорт сайысы емес, достықтың мерекесі, жаңа бағындырар белестер мен асулардың алаңы екендігін айтқан қатысушылар барша ұйымдастырушыларға өздерінің шынайы алғыстарын жеткізді.

FB_IMG_1720335500932

Байрақты жарыста топ жарып алға шыққан үздіктер ақшалай сый-сияпат пен алғысхаттарға ие болса, 10,5 шақырымға созылған мәре сызығын кесіп өткен барша спортшы арнайы медальдарға ие болды. Бағы мен бабы қатар шапқан жеңімпаздарға тоқталар болсақ, ерлер арасында ІІІ орынды Б.Ильясов (Казталов ауданы), ІІ орынды Ж.Айтуаров (Орал қаласы), барлығынан оқ озып шығып І орынды Қ.Ерсайын (Орал қаласы) жеңіп алса, қыздар арасындағы бәсекеде жүлделі үштікті оралдықтар иеленді. Атап айтсақ, ІІІ орынға Т.Жукова (Орал қаласы), ІІ орынға А.Сәрсенғалиева (Орал қаласы), І орынға Ә.Абдугалиева (Орал қаласы) ие болды.

Марафон қатысушыларының айтуынша, бұл марафон тек спорттық жарыс қана емес, тағылымды тарихы, әсем табиғатымен ерекше Бөкей ордасына деген үлкен қызығушылықты оятқан мәні зор шара болды деседі.

Анар Артықбай, 

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале