25.07.2024, 15:45
Оқылды: 194

Тасқалада ұжыммен бау-бақша егу жақсы жолға қойылған

Ұжымдық бау-бақша егу – ұтымды әдіс. Бос жатқан құнарлы жерді игеріп, жергілікті өнім үлесін арттыру мақсатымен осыдан бірнеше жыл бұрын Тасқала ауданында осындай бастама қолға алынған болатын. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын тапты. Көктемде тұрғындар мен мекеме-ұжымдар көкөніс егіп, жаз бойы бақшаны күтіп-баптап келеді. Көп кешікпей еккен өнім жиналып, өз жемісін беретін уақыт та алыс емес.

33FC2603-6748-47F4-ABD8-1389D1EC09DB

Әрине, қап-қап картоп алып жатса, бұл да төккен тер мен еткен еңбектің ақталғаны. Осыған орай аудан әкімі Талғат Шакиров пен аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин бау-бақша басына барып, жағдайды өз көзімен көріп, жұмыс барысымен танысып қайтты.

Айта кетейік, Тасқала ауданында ұжымдық бау-бақша егу жұмысы жақсы жолға қойылған. Өйткені жыл сайын Деркөл өзені жанынан бақша саламын деп ниеттенген ұжымдар мен тұрғындарға төрт гектарға жуық арнайы жер дайындалып беріледі. Мақсат – бос жатқан құнарлы жерді игеріп, жергілікті өнім үлесін арттыру.

Иә, жаздың аптап ыстығында жаныңа сая болар Деркөл өзені суын қажетіне жаратып, бау-бақша салып, одан мол өнім алуды дағдыға айналдырып, ризыққа кенелетіндер қатары жыл санап көбейіп келеді. Осыған орай аталмыш жұмыспен жіті айналысып жүрген Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Серікұлына жолығып, бау-бақша туралы білдік.

– Биыл 23 мекеме және ауылдың бес тұрғыны ниет білдіріп, ұжымдық бақша салды. Оларға жоспарға сай 3,5 гектар жер берілді.  Негізі, құнарлы тағам кез келген адамға ауадай қажет. Сондықтан дүкен сөрелеріндегі қымбат тағамдарға жүгіргенше, өзің егіп, еңбектеніп тапқан өнімді пайдаланған әлдеқайда ұтымдырақ. Бір жағынан, жерді өңдеп, тазалап, жырту, егілген өнімге су жіберу, оны күзету – осының барлығы Тасқала ауылдық округінің мойнында. Тек көрсетілген кесте бойынша уақытында барып, өз бақшаңды суарып алсаң жеткілікті.

«Не ексең, соны орасың» дейді халқымыз. Ұғынғанға бұл – жалпы адамзатты еңбекке шақырған мағынасы терең сөз. Биыл тұқымды әр ұжым қалағанынша екті. Оның ішінде тек картоп емес, бір ауыл тұрғыны өзінің сұрауы бойынша асқабақ, сәбіз, қызылша, капуста секілді тұқымдар септі. Ұжымдар өз қалауымен кез келген  өнімді еге алады. Бақшаны суару, күзету сынды жұмыс ауылдық округ тарапынан ұйымдастырылады, – дейді Қуаныш Қабдолда.

A9BE7AD5-3AD6-4A4F-A496-DCF3D32C9BFD

– Ұжым болып бау-бақша салу, халықты құнарлы тағаммен, көкөніспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу – ұжымдық бау-бақша егудегі басты мақсат. Соны ескере отырып, биыл біз, Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы бақша ектік. Ұжымдағылардың барлығы бірдей қатысып, өздеріне берілген аумаққа қажет көкөністерін егіп, жаз бойы бақшаны күтіп баптап келеді. Бұйырса, санаулы күннен соң жемісін жейміз, жақсы өнім аламыз деген ниеттеміз, – дейді Сағида Иманғалиева.

Әрдайым жақсы істің қасынан табылатын еңбекқор  жандар үшін бұл шаруа керемет екені баршаға мәлім. Еккен өнімдердің күз мезгілінде пайдасын көру – әрбір тасқалалықтың алдына қойған мақсаты. Оның үстіне ұжымды бірлік пен берекеге шақыратыны тағы бар. Дәстүрлі түрде қолға алынған бау-бақша егу үрдісі алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Назерке Шайхоллақызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале