15.08.2024, 12:15
Оқылды: 227

БҚО-да қос театрға қоса, бірнеше мәдениет үйі күрделі жөнделіп жатыр

Облыс әкімдігінде өткен ақпараттық кеңесте мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі салаларындағы және облыстағы дене шынықтыру және спорттың дамуының өзекті мәселелері қаралды. Аталған салалардың олқы тұстары мен жетістігі және өңірдегі дамуы мен алдағы жоспарлары сарапталған жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

A981A6AE-6077-4C57-B5CA-B8DEADA45DD7

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер» деген еді. Мәдениет пен өнерді қолдау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету жағында қандай кедергілер бар, мәдениет қызметкерлерін қолдау, сонымен қатар саланың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жиынды өткізудегі басты мақсатымыз да – аталған сауалдарға жауап іздеу, шешу жайын қарастыру, – деді өңір басшысы.

Соңғы үш жылда мәдениет саласындағы инфрақұрылымды дамытуға 9 191 663,2 мың теңге қаражат бөлінген. Ол ақшаға 7 нысан салынып, 15 ғимарат күрделі жөнделген. Ал биыл жаңа 9 ғимарат салынып, 10 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Ол ақпаратпен кеңес барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев бөлісті.

Қуанышбек Жанболатұлы өз сөзінде 2024 жылдың I жартыжылдығында Сырым ауданындағы Сырым Датұлы музейі, Жаңақала ауданының Қырқопа ауылындағы және Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылындағы мәдениет үйі халық игілігіне берілгенін айтты. Сондай-ақ басқарма басшысы жыл соңына дейін Казталов ауданының Қайыңды ауылындағы клуб пен Сырым ауданының Тоғанас ауылында салынып жатқан мәдени-спорттық кешен мен аудандық кітапхана, Бәйтерек ауданына қарасты Щапов, Макаров, Көшім ауылдық клубтарының құрылысы аяқталатынын айтты.

– Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры мен А. Островский атындағы орыс драма театры, облыстық халық шығармашылығы орталығы, Жастар мәдениет сарайы мен Деркөл мәдениет үйі, Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат, Кеңтүбек пен Бумакөл ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл Казталов, Теректі, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жәнібек және Қаратөбе аудандарында 6 мәдени-спорттық кешенінің құрылысы басталды. Ал келесі жылы Сырым, Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек және Бөкей ордасы аудандарында 5 архив ғимаратын салуды жоспарладық, – деді Қуанышбек Мұханғалиев.

Бұған қоса, Қуанышбек Жанболатұлы «Жайық қалашығы – тарихи-мәдени музей-қорығы» құрылғанын, өңірдегі театр саласын дамыту, жас актерлардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасау мақсатында жастар труппасы ашылғанын, қолөнер шеберлерін кеңінен қолдау мақсатында көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер галереясы филиалы құрылғанын да жеткізді.

Келесі жылы Бөкей хандығының 225, Жәңгір хан мектебіне 185 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту мақсатында музей-қорықтағы 10 нысанға ғылыми-реставрациялау және музейлендіру жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.  

– Алдағы уақытта Астана қаласында Ақжайық өңірінің мәдениет күндері, көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық кештері, театрлардың гастрольдік сапарлары, аудандық көркемөнерпаздар фестивалі, республикалық және халықаралық байқаулар мен айтыс өткізу жоспарланды. Сонымен қатар 2025 жылы тойланатын Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығы, ойшыл Ғұмар Қараштың 150, күйші Дәулеткерей Шығайұлының 205, Жеңістің 80, Науша Мырзагерейұлының 155, ақын Жұбан Молдағалиевтың 105 жылдығына арналған мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған іс-шаралар жоспары жасақталуда, – деді Қуанышбек Мұханғалиев.

Мәдениет саласының жұмысы түрлі мерекелік іс-шаралар мен концерттер өткізумен шектелмейтінін айтқан өңір басшысы әлі күнге дейін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының жөндеу жұмысы бітпей тұрғанын сынға алды. Сонымен қатар кейбір ауылдық клубтарды жөндеу мақсатында жасалған жобалық-сметалық құжаттар ескірген.

Соның кесірінен мәдениет нысандарын жөндеу жұмысы кешіктірілуде. Өңір басшысы жоспарланған жұмысты кешіктіріп бастау оны уақтылы аяқтамау басқарма жұмысына сын екенін айтты. Одан бөлек, Нариман Төреғалиұлы ортағасырлық «Жайық қалашығы» археологиялық ескерткішін ғылыми зерттеп, одан әрі дамыту,

Сырым, Бәйтерек, Казталов ауылдарында салынып жатқан мәдени нысандардың жөндеу жұмыстарын қадағалауды тапсырды.

2029 жылға дейін елімізде спортпен тұрақты шұғылданушылардың санын 50%-ға жеткізу көзделіп отыр. Жыл сайын өңірдегі спорт кешендерінің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Спорттық инфрақұрылымды дамыту – басты бағыттардың бірі. Былтыр облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Орал қаласына заманауи көпбейінді спорт кешенін салуды тапсырған еді.

Ол тапсырма орындалуда. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин облыстағы спорттың жай-күйі туралы баяндады.

Спорт басқармасының басшысы 2020 жылдан күні бүгінге дейін «ҚПО б. в.» компаниясы есебінен бөлінген 4 миллиард теңгеден астам қаржыға 10 спорт кешені  бой көтергенін атап өтті. Одан бөлек, облыс орталығындағы «Жастар» стадионы жанынан мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына арналған спорт кешені салынады. Жыл соңына дейін Казталов және Тасқала ауылдарындағы дене шынықтыру кешендерінің құрылысы аяқталады. Ауылдарды спорттық нысандармен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жоспарға сәйкес Жаңақала ауданының Жаңақазан, Бәйтеректегі Дариян, Теректідегі Ақжайық, Жаңаөмір ауылдарына мәдени-спорт кешендері салынатын болады.

Облыс орталығындағы П. Атоян атындағы стадионды қайта құру мақсатында жасалған жобалық-сметалық құжаттама сараптамаға жіберілді. Жергілікті бюджет есебінен қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы есу базасын қайта құру жұмысы жоспарға алынған.

Сондай-ақ Оралдағы Ақжайық шағынауданында үстел теннис орталығын салу үшін жер телімі белгіленді. Жеңіс Махамбетұлы баяндамасында өңірде дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылардың саны 274 928 адамға жеткенін атап өтті. Былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, спортты серік еткендер саны 0,6%-ға өскен. Қазір облыстағы 146 ауылдық округте 182 спорт нұсқаушысы лауазымы енгізілді. Олар ауылдық жерлерде жарыс өткізу, ауыл спортшыларының жаттығу жасауын қадағалайды. Десе де, 18 округі бар Ақжайық ауданы мен 15 округі бар Теректі аудандарының кей ауылдары спорт нұсқаушысымен қамтылмаған.

Басқарма басшысы облыстағы 22 балаларжасөспірімдер спорт мектептерінде 14 363 жеткіншек 59 спорт түрі бойынша тегін жаттығатынын айтты. Аталған 59 спорт түрінің 26-сы жазғы, төртеуі қысқы олимпиада бағдарламасына енген. Олимпиадалық емес 20, ұлттық бағыттағы 9 спорт үйірмесі бар. Өңірде 673 жаттықтырушы  бар.

– Бүгінгі күні 3 ауданның балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты тозып, күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Жөндеу өткізу үшін тиісті құжаттар дайындалуда. Облыстық спорт мектептерінде медаль көп беретін жеңіл атлетика, жүзу, оқу, ату спорт түрлерінен жаттықтырушылардың тапшылығы бар. Оған қоса, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 12 мыңға жуық бала тегін спортпен шұғылдануда. Бұл бағдарлама бойынша жаңадан 400-ге жуық спорттық секция ашылды. Биыл осы мақсатқа 2,4 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылдың 7 ай ішінде республикалық және халықаралық жарыстарда облыс спортшылары 667 медаль жеңіп алды, – деді Жеңіс Нығметуллин.

Өңір басшысы олимпиадалық емес спорт түрлерін қысқарту, Ақжайық, Теректі аудандарының әкімдеріне спорттық нұсқаушысы жоқ ауылдарды тез арада спорт нұсқаушысымен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жаттықтырушы жетіспеушілігі мәселесін реттеу керектігін айтты. Нариман Төреғалиұлы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен аудан әкімдіктері 25 ауылдық кітапхананы модернизациялау жұмысын келер жылдың 1 наурызына  дейін аяқтауы керек екенін айтты. Облыстық құрылыс, қаржы және мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармаларына облыстық мемлекеттік архив ғимараты құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауды, қала әкімдігіне тиісті жер телімін бөлуді қамтамасыз ету керектігін тілге тиек етті.

– Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы барлық аудан әкімдіктерімен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасаңыздар. Дене шынықтыру және спорт басқармасы тамыздың 30-ына дейін футболды дамыту бағдарламасын жасақтап таныстырсын. Қазанның 1-іне дейін жаттықтырушылар тапшылығын шешу бойынша ұсыныстар енгізу керек. Сондай-ақ қаржы басқармасымен бірлесіп, олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға, үздік спортшыларға жағдай жасауға және дәрігерлік, дене шынықтыру диспансерін ашу үшін мүмкіндіктер қарастыру қажет, - деді облыс әкімі.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале