Бүгін – Шекарашылар күні
...Бұл оқиға былтыр 28 тамызда болған еді. Жәнібек ауылының бір тұрғыны түнгі сағат 20:00 шамасында аудандық полиция бөліміне хабарласып, үш жасар қызы Айарудың жоғалып кеткендігін айтады. Сәбиді іздеуге аудандағы полицейлер мен еріктілер жұмылады. Іздеу түні бойы жүреді. Кешкі сағат сегізден бастап түнгі 11-ге дейін жүргізілген іздеу нәтижесіз болып, ауыл тұрғындары шарасыз күйге түсе бастайды. Осы кезде «Іздеу жұмысына шекарашылар қосылсын» деген бұйрық шығып, Жәнібек аудандық шекара бөлімшесінің шекарашылары 3 жасар бүлдіршінді іздеуге кірісіп кетеді. Іздеу жұмыстарын бастамас бұрын Рафхат Тайкенжин Айарудың киімдерін алып, оны қызметтік иті Ройтерге иіскетеді. Осылайша, Рафхат өзі қолына Айарудың киімін алып, итін ертіп ауылды шарлап кетеді. Осы кезде ізге түскен ит шекарашыны далаға қарай сүйрей береді. Өзі күшік кезінен үйретіп, баулыған төрт аяқты серігіне сенген шекарашы ит жетелеген бағытқа еріп жүре беріпті. Содан Ройтердің арқасында шекара қызметінің аға сержанты Рафхат Тайкенжин балдырғанды дін-аман, таңғы сағат төртте Ұзынкөл ауылынан алты шақырым жерде айдалада ұйықтап жатқан жерінен тапқан еді. Рафхат Тайкенжин адам өмірін сақтаудағы Ройтер екеуінің қырағылығы арқасында «Ерлігі үшін» медалін иеленген. Кәсіби мереке қарсаңында Рафхат Мақашұлымен аз-кем тілдескен едік.
Рафхат Тайкенжин 1988 жылы 23 маусымда Жәнібек ауданының Күйгенкөл елді мекеніне қарасты Өнеге ауылында дүниеге келеді. Мектеп бітірген соң аудан орталығындағы колледжде механизатор мамандығына оқыған. Кейін Алматы қаласындағы №5572 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтейді. 2012 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне келісімшарт негізінде қабылданады. Еңбек жолын ҚР ҰҚК ШҚ №2036 әскери бөлімнің «Алғай» шекара бөлімшесінен бастайды. 2014 жылы Жәнібек шекара бақылау өткізу пунктіне қызмет ауыстырады. Бүгінде ол – Жәнібек ауданындағы «Қайрат» шекара бөлімшесінің аға нұсқаушысы. Жәнібек ауданы Ресейдің Волгоград облысымен шектеседі. Рафхат
негізінен шекара күзетіндегі қызметтік иттерді жаттықтырумен айналысады. Ройтер – Рафхаттың өзі жаттықтырған сенімді серігі. Олардың өмірі күнделікті қарбаласқа толы.
– Шекарашы болуды бала кезімнен армандадым. Алматы қаласындағы №5572 әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтегенде қызметтік иттерді жаттықтыру сержантының көмекшісі болдым. Сол кезден бастап қызметтік иттермен жұмыс жасауға ықыласым оянды. Қызметтік иттердің басқа иттерден айырмашылығы – ақылдылығында, тәртіпке төзімділігінде. Үйретуші маман қасында болса, олар отқа да, суға да түсуге даяр тұрады. Қызметтік иттермен кішкентай бала секілді жұмыс істейміз. Күшік кезінен қабылдап алғаннан бастап қалай жұмыс істейсің, солай тәрбиеленеді. Яғни ештеңеге жаттықтырмасаң, үйретпесең, еріншек болады. Жұмыс істемейді, айтқанды тыңдамай, қаңғып кетеді. Ал күнделікті жаттығу жасатып, тәртіпке үйретсең, кез келген уақытта өзін сақ, сергек ұстап, тапсырманы орындауға дайын жүреді. Қызметтік иттерді жаттықтыру бойынша арнайы кесте бар. Мәселен, бірінші күні «отыр-тұр» әмірін (командасын) орындатсақ, келесі күні адам іздеу, із кесу секілді тапсырмаларды орындатамыз. Күніне төрт сағат жаттығу жасатамыз. Оларды құнарлы тамақпен талапқа сәйкес тамақтандырамыз. Жаңа айтқандай, олар да бала секілді еркелейді. Он шақты күн іссапарда немесе еңбек демалысында болсаң, келгенде шауып келіп, еркелеп, аяғыңа оралып, қуанғанын көрсетеді. Жұмысымыз жауапты. Кезекшілік кезінде бір сәт те босаңсуға болмайды. Күн сайын жаттығу жасап, білігімізді арттырамыз, - дейді Мақаштың Рафхаты.
Кейіпкеріміз қызметте жүргенде (2017 жылы) Ресей Федерациясы аумағынан ел шекарасына «Камаз» жүк-көлігімен келе жатқан жүргізушіні тоқтатады. Сол мезетте жүргізушінің іс-әрекеттеріне, қимыл-қозғалысына, психологиялық мінез-құлқына күмән келтіріп, көлігін тексергенде, одан «Макаров» тапаншасы мен 17 патрон тәркілеген. Сонымен қатар ол заңсыз алып өтпекші болған контрабандалық тауарлардың (темекі, солярка) да жолын кесіпті. Кешегі су тасқынында да шекарашылар шебі қалтқысыз қызмет еткен еді. Өңірдегі шекарашылардың дені бөгет соғу жұмыстарына да жұмылдырылды.
Рафхат Мақашұлы түзде мақтаулы маман болса, ал отбасында асқар тау әке. Жұбайы Гүлсара екеуі бес перзент тәрбиелеп отырған бақытты жұбайлар.
«Шекарашы қандай болу керек?» деген сауалымызға, кейіпкеріміз «Ең бірінші, Отанын сүйетін жан болу керек. Қажет кезінде ел үшін, сүйем жер үшін өзін құрбан етуге даяр тұратын адам мемлекеттік шекараны сенімді күзетеді. Жеріміздің әр пұшпағы – біз үшін қастерлі, қасиетті. Оған қоса шекарашы кәсіби тұрғыдан өте білімді және моральдық-психологиялық дайындыққа қоса, қара күшке де мығым болуы шарт», - деп жауап берді.
Иә, Отан, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік шекарадан басталады. Ал елдің шетінде, желдің өтінде қызметте жүрген шекарашылар – ел тыныштығының кепілі.
Мерекелеріңізбен, шекарашылар!
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz