Өмірде он әйелдің шамамен сегізі бір немесе бірнеше типтегі адам папиллома вирусы инфекциясын жұқтырады. АПВ инфекциясы 25 жасқа дейінгі қыз-келіншектерде жиі кездеседі. Бұл вирус жатыр мойны мен тік ішек обырының және басқа да қатерлі ісіктердің пайда болуына әкеліп соғады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.
Нұрлыбек Ермекұлының айтуынша, елімізде биыл қыркүйек айынан бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. Екпе екі кезең бойынша, яғни 6 айдан кейін қайта егіледі. Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинациялау үшін «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы шығарған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылатын болады, ол АПВ-ның неғұрлым онкогенді түрлерінен (6, 11, 16, 18) қорғайды.
Вакцина тазартылған L1 құрылымдық ақуызынан рекомбинантты ДНҚ және жасуша дақылдары негізіндегі технологияны қолдану арқылы жасалған. АПВ вакцинасында өміршең биологиялық материал немесе вирустық ДНҚ жоқ, сондықтан олар ағзада ауру туғызбайды, бедеулікке душар етпейді. Екпе салынбастан бұрын қыз баланы міндетті түрде дәрігер тексереді, медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ата-анасының келісімімен екпе жүргізіледі. Екпеден кейін бала медициналық ұйымда дәрігердің бақылауында 30 минут, содан кейін үйде үш күн болады. Вакцинациядан кейін балада дене температурасының жоғарылауы, инъекция орнының қызаруы болуы мүмкін, бұл вакцинациядан кейінгі күтілетін реакция саналады.
– Адам папиллома вирусына қарсы вакцина дүниежүзінің 135 елінде қолданылып келеді. АПВ-ға қарсы алғашқы вакцина 2006 жылы пайда болған. Содан бері әлем бойынша 100 миллионнан астам адам егілді. Осы мақсатта екпенің 270 миллионнан астам дозасы пайдаланылды. АПВ вакциналары бірқатар елде тиімділігін дәлелдей бастады. Мәселен, АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң, 13-26 жастағы нәзік жандар арасында АПВ таралуы 81%-ға төмендеді. Сонымен қатар Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция және Швейцарияда вакцинацияның оң нәтижесі байқалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес және ғылыми зерттеулер нәтижелері көрсеткендей, АПВ-ға қарсы жоғары иммунитетке қол жеткізу үшін 9-14 жастағы қыздарға екпе салу керек. Сондықтан елімізде екпе 11 жастағы қыздарға салынады, - деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Баспасөз мәслихатында облыс тұрғындары арасында жатыр мойны обырына шалдыққандар санының көбейгендігін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина айтты. Оның мәліметінше, елімізде бір жылда жатыр мойны обырына 1900-ге жуық қыз-келіншек шалдығады. 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында кездесетін, сүт безі обырынан кейінгі кең таралған обырдың түрі. Соңғы 20 жылда елімізде жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 26%-ға артқан. Ал облыста 100 мың тұрғынға шаққанда 16,4%-ға көбейген. Сондай-ақ жатыр мойны обырынан қайтыс болғандар саны еліміз бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 2,6%-ды көрсетсе, өңірде 3,9%-ды көрсетіп, 33,3%-ға артқаны белгілі болып отыр.
– Жатыр мойны обыры – бұл қыз-келіншектерде кездесетін қынаптан жатырға кіру жолының қатерлі ісігі. Жатыр мойны обыры жағдайларының барлығы дерлік АПВ инфекциясынан туындайды. Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден бір әдісі – вакцинация. АПВ вирусы – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Оның 200-ден астам түрі бар, олардың 14 түрі қатерлі ісікке душар етеді. АПВ вирусы адамнан адамға келесі жолдармен жұғады. Біріншісі, тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы беріледі.
Вирус ылғалды ортада тез таралады. Қоғамдық орындарда, сауна, монша, спорт залдарда, бассейндерде жұғуы мүмкін. Екіншісі, жыныс жолымен. Вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында ұшы сүйір сүйелдер шығуы мүмкін.
Сондай-ақ сүйелдер анадан нәрестеге берілгенде сәбидің аузында немесе терісінде пайда болады. Тағы бір айта кететін жағдай, адамның бір жерінде бар папиллома қырыну немесе эпиляция кезінде дененің екінші бөлігіне ауысады. Жалпы обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, науқастардың өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қатерлі ісікті емдегеннен гөрі, алдын алған тиімді, - деді Айнаш Жұбанышқызы.
Dari.kz қосымшасы арқылы дәрі-дәрмектің шекті бағасын біліңіз!
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға препараттардың шекті бөлшек сауда бағасын бақылау үшін Dari.kz мобильдік қосымшасын пайдалануды ұсынады. Бұл дәрі-дәрмектерге қолжетімді баға белгілеуді, әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрі-дәрмекті қолданғаннан кейін жанама әсер пайда болса, оны да хабарлауға болады. Бұл қосымша дәрі сапасын бақылауға септігін тигізеді. Дәрі бағасы белгіленген шекті мөлшерден асқан жағдайда, мынадай айыппұлдар көзделген:
Ø Жеке тұлғаларға: 70 АЕК.
Ø Лауазымды тұлғаларға: 100 АЕК.
Ø Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне: 130 АЕК.
Ø Орта кәсіпкерлік субъектілері: 200 АЕК.
Ø Ірі кәсіпкерлік субъектілері: 1000 АЕК.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz