Қазір елімізде бұқаралық спортты дамытуға ден қойылып отыр. Мемлекеттің келешегі дені сау ұрпақпен өлшенетінін есептесек спортты дамыту, жалпы көпшілікті спортқа тарту мемлекет болашағына салынған ең мықты инвестиция деуге болатын шығар. Кешегі Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға тағы бір маңыз беріп өтті. БҚО-да қарапайым адамдардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалған ба? Спорт кешендері халықты қабылдай ма? Біз жалпы өңірдегі бұқаралық спорттың дамуы жөнінде БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нигметулиинмен сұқбаттасқан едік.
– Жеңіс Махамбетұлы, біздің облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында қандай шаралар өтіп жүр? Жалпы халықты спортқа қаншалықты қызықтыра алып отырмыз?
– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау арқылы салауатты ұлтты қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2024 жылы 1 410 спорттық іс-шара өткізілді, бұл шараларға 69 914 адам тартылды. 2024 жылдың бүгініне дейін волейбол, гандбол, каратэ кекушинкай, отырып ойнайтын волейбол, допты хоккей, пауэрлифтинг, спорттық бағдарлау бойынша 12 ҚР чемпионаты өткізілді. Отырып ойнайтын волейболдан – 1 ҚР кубогы, бадминтоннан – 3 халықаралық турнир, каратэ-до кекушинкай және каратэ WKF, бокстан, самбодан, және греко-римдік күрестен – 4 республикалық турнир өткізілді. Жалпы біздің облыста 274 928 адам спортпен тұрақты шұғылданады.
– Соңғы жылдары адамдар арасында жүгіру сәнге айналғанын анық байқауға болады. Әсіресе әйелдер арасында жүгіретіндерді жиі кездестіріп жүрміз. Бұл да бір жақсы үрдіс. Тек бір әттеген-айы жүгіретіндер үшін жүгіру жолақтары өте аз. Көп жерлерде адамдар трасса бойында, жол жиегінде өз өмірлерін қауіпке тігіп көлікпен жарысып жүгіруге мәжбүр. Қаладағы жүгіру алаңдары туралы атап өтсеңіз?
– Орал қаласында адамдар жүгіруге арналған орындар санаулы. Қазіргі уақытта халық негізінен Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағында жүгіреді. Одан бөлек, ҚР Тұңғыш Президенті алаңындағы арнайы жүгіру жолағы, А.Молдағұлова сквері, М.Мөңкеұлы көшесінде орналасқан орталық алаң жүгіруге бейімделген. Болашақта осындай жүгіретін орындар артарына сенеміз. Адамдардың жүгіруге қызығушылығы өте жоғары. Облыстық спорт басқармасы жылда түрлі марафондар өткізеді. 2024 жылдың басынан бастап Орал қаласының спорт бөлімі, «Oрал» спорт клубы, «AQJAIYQ RUN CLUB» жүгіру клубымен бірлесіп бірқатар көпшілік жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Атап айтсақ, қысқы көпшілік жүгіру, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында қала тұрғындары арасында көпшілік жүргіру, «Bokei Orda Trail–2024», «Lady Sprint–2024». Аталған шараларға 2 000-нан астам адам қатысты. Шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – облыс тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа қызығушылықты арттыру.
– Жеңіс мырза, қалада қанша спорт кешені бар? Оған кімдер барып жүр? Көпшілікке арналған қандай спорт секциялары бар?
– Орал қаласында 15 спорт кешені жұмыс жасайды. Спорт ұйымдары қарамағындағы спорт кешендерінде бекітілген кестеге сәйкес балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері жаттығады. Кешкі уақытта және демалыс күндері келісімшарт жасау арқылы түрлі мемлекеттік және жеке мекемелердің қызметкерлері жаттығу жүргізеді.
– Қаладағы спорт кешендеріне қарапайым халық, сол ауданның тұрғындары бара ала ма?
– Мемлекеттік меншіктегі спорт кешендері кешкі уақытта және демалыс күндері келісімшарт жасау арқылы ниет білдірген халыққа қызмет көрсетеді.
– Жаңадан салынып жатқан спорт кешені туралы айтсаңыз. Құрылыс қай деңгейде?
– Жалпы 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыста 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілгенін атап өтейін. Орал қаласының аумағында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражаты есебінен көп атқарымды спорт кешенінің құрылыс жұмысы басталды. 2024 жылдың желтоқсан айында спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні жұмыс 61% орындалды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында мамыр айында Орал қаласындағы «Жастар» стадионының жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысы басталды. Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2024 жылдың қыркүйек айында Казталов және қазан айында Тасқала аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері қолданысқа беріледі. Сонда барлық аудан 100% дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтамасыз етіледі.
– Балалар спорты туралы толығырақ айтып берсеңіз. Қанша спорт мектебі бар, қандай бағытта жұмыстанады?
– БҚО-да балалар мен жасөспірімдер спорты өте жақсы жолға қойылғанын атап өту керек. Облыста 22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Бұл мектептерде 14 363 жеткіншек тәрбиеленіп жатыр. Мектептер спорттың 59 түрі бойынша баларды шынықтырады.
– Жеңіс Махамбетұлы біз осы спортшылар туралы айтқанда солардың жаттықтырушыларын ұмытып кетіп жатамыз. Біздің өңірде қанша жаттықтырушы бар. Осылардың ішінде әйел жаттықтырушылар туралы халық көп біле бермейді. Бізге осы сирек айтылатын әйел жаттықтырушылар туралы айтып берсеңіз?
– Жалпы облыста бүгінде 673 жаттықтырушы бар. Бір әттеген-айы спорт мектептерінде медаль көп беретін олимпиадалық жеңіл атлетика, жүзу, оқу ату спорт түрлерінен жаттықтырушылар тапшы.
Батыс Қазақстан облысында арнайы әйелдер спорт клубы жоқ. Дейтұрғанмен, спортшылар мен жаттықтырушылар арасында әйел адамдардың үлесі жеткілікті. Қазіргі таңда нәзік жанды спортшы-әйелдер ерлерден қалыспай, бәріне ортақ спорт залдарында жаттығып, шеберліктерін шыңдап, додалы сайыстарда ел намысын қорғауға белсенді атсалысып келеді. Өңірімізде беделді әйел спортшылар мен жаттықтырушылар көптеп саналады. Олардың ішінде әйгілі спортшы, әйелдер күресінен 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Екатерина Ларионова, байдарка мен каноэ есуден әлем чемпионы, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Мария Бровкова, қол күресінен әлем чемпионы Жанна Қазтуғанова, шорт-тректен юниорлар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алина Әжіғалиева, бокстан жастар арасында Азия чемпионы Ақнар Ищанова, әйелдер күресінен ересектер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Панасович, әйелдер күресінен жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Зейнеп Баянова, садақ атудан Азия кубогының иегері Алина Ильясова бар.
Әйел-жаттықтырушылар дегенде Ғұбашевтар әулетін атап өту маңызды. Анасы Нұрсұлу Ғұбашева мен бес қызы да спорт саласында қызмет етіп, олимпиадалық ойын спорты волейболды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Анасы және бес қызы да – жаттықтырушылар. Нұрсұлу Амангелдіқызы жаттықтыратын «Грация» қыздар волейбол командасы – еліміздің көшбасшы командаларының бірі. Сондай-ақ, байдарка мен каноэ есуден әлем чемпионы атағын жеңіп алған, Париж Олимпиадасында отандық спорттың намысын қорғаған, келешегі үлкен үміт күттіретін жас спортшымыз Мария Бровкованың да бапкері – өзінің анасы Елена Бровкова. Алдыңғы қатарлы әйел-жаттықтырушылардың ішінде үстел теннисінен жаттықтырушы Сарвара Ризоевна, көгалдағы хоккейден Елена Станиславовна, самбо күресінен Альмира Исатаева, шорт-тректен Анита Нагай, садақ атудан Анастасия Баннова және т.б. көптеген майталман мамандарды атауға болады.
– Біздің облыста бұқаралық спортты дамыту үшін қазір не қажет? Маман ретінде не айтар едіңіз?
– Спорт нысандарының жеткіліксіздігі. Бүгінгі таңда Орал қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін спорт нысандары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдарының тапшылығы бар. Мысалы, тек бір мемлекеттік бассейн, бір мемлекеттік мұз спорт сарайы бар.
Балалар мен жастардың физикалық дамуы – ерекше өзекті мәселе. Футбол, баскетбол, волейбол лигаларын құрып, мектеп және студенттік спортты дамыту саласындағы жұмысты айтарлықтай күшейту қажет. Облыс аудандары мен Орал қаласы әкімдігі қатысушылардың көп санын тарта отырып, кешенді мультиспорттық іс-шаралар, спартакиадалар мен спорттық фестивальдерді тұрақты өткізу қажет.
Қоғамдық бастамалар мен спорттық қозғалыстарды қолдау қажет. Мысалы, Uralsk Runners, Aqjaiyq Runners сияқты қоғамдық қозғалыстарды айтуға болады.
– Жеңіс Махамбетұлы уақыт тауып, сұқбатқа келіскеніңізге рахмет. Жұмысыңыз жемісті болсын!
Сұқбаттасқан Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz